​«Жеті шелпек тарату күнә дейді»: түркістандық ана баласының қылығынан шаршағанын айтты

0
7 071

«Мама, ана балаңыз жақтырмайды бізді» деп келулерін сиретті...»


​«Жеті шелпек тарату күнә дейді»: түркістандық ана баласының қылығынан шаршағанын айтты

«Құдайдың өзі кешірсін, өзім де әке-шешем үйреткен бес уақыт намазымды оқып, құлшылық қыламын. Бірақ ұлымның құлшылығын қияли тірлікке айналып кеткен сияқты» дейді түркістандық зейнеткер ана.


ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында көпбалалы ана отбасындағы проблемасын бөлісіп, бала тәрбиесіне мұқият болуға шақырды.

«Мектепті бітірген соң дін жолына түскендермен араласып, бес уақыт намазын үзбей оқуға бет бұрғанда қуандым. Үш ұл, төрт қыздың ішінде ең болмаса біреуі шариғат жолына түсті ғой деп шүкірлік еттім, басқаларының бәріне үлгі тұттым. Сөйтсем, қатты қателескен екенмін. Әу баста кімдермен, не істеп, қандай жолда жүргеніне мән бермей құры қуана берген екенмін ғой?! Қазір басқалар құсап тойда ішімдік ішіп, көп секілді жай өмір сүрмеді деп армандаймын. Елмен араласудан қалып барамыз», - деген ақ жаулықты ана іштегі бар сырын ақтарып салды.


Айтуынша, ұлының дінге бет бұрғанына бесінші жыл. Осының өзінде екі рет үйленіп, ажырасып та үлгеріпті.

- Бала күнінде ашық-жарқын, көпшіл баламды қазір өзім танымай қаламын. Ортасы өзгергелі өзі де қатты өзгерді. Әңгімешіл, білгені көп бала болатын. «Осы балам бір төбе, бір жерді тесіп шығады» деген әкесінің үміті ақталмады. Түскен оқуынан шығып кеткенін бір жылдан соң есіттік. Сөйтіп жүріп аяқасты үйленем деп шешті. Әкесі сырқаттанып жүрген, қызығын көріп кетейін деп қарсы болмаған. Орамал таққан биязы ғана келін әкелді. Бірақ құда түсу, беташар сияқты ешқандай салт-дәстүрді жасатпады. «Болмайды» деп отырып алған соң тек құдаларымызды ғана шақырып, кігішірім басқостық.


Көреріміз одан да көп екен, бір жылдан асар-аспаста талақ айтып жап-жақсы келінді төркініне апарып тастады. Сондағы қояр кінәсі бір жылда жүкті болмағаны. Бізді де, әкесін де тыңдамады. Құдалардың алдында масқара болдық, қатты ренжіді.


Ол ол ма, біздің ас-құдайыға барғанымызды жаратпайды. Оны да қоя берші, жұма сайын ара-тұра шелпек пісіріп құдайы нан таратсақ оны да құп көрмей, қарсы болады. Күнә дейді...

Той-жиынға барғанда, үйде туған күн, құдалық өтсе аздап ішімдіктен алып отыратын үлкендер де емін-еркін келе алмай қалды. «Мама, ана балаңыз жақтырмайды бізді» деп келулерін сиретіп, басқа жақта бас қосып жүр.


Түркістандық ананың айтуынша, ұлы әкесінің қазасында ешқандай ас бермейтінін айтып қарсы тұрып алыпты.

- Әкесінің денсаулығы көптен мазалап жүрген, өткен жылы ажал арамыздан алып кетті. Сол кезде алыстағы ұл мен қызды күтпей жер қойнына тапсырмақ болғаны, көмуге асыққаны жаныма қатты тиді. Пірімнен айырылып қара жамылып отырғанда әкесін көмуге асыққан ұлдың пейілінен қорқайын дедім. Үлкен ұл мен кенже қызымның келуін күтпейміз деп қиғылық салғанда бүткіл ағайын дүрлігіп кетті. Орнымнан тұрып ұлыма қатты айтуға тура келді. Оны естіген бауырларына да ренжіп аттанды үйден... Жеті, қырық күндік асын да бермейміз деп масқара етті ғой.


Бұрын намазға жығылғанына қуансам, қазір ренішім көп. Үйге келім-кетім адамның аяғы азайды. Бауырларымен де арасы жақсы емес. Өзі де іздемейді, бармайды. Жиын-тойға қосылмайды. Қыста өз секілді көптен үркіп жүретін келіншекке үйленді. Ол да үйде өз тәртібін орнатып әуре. Ене болып аздап қазақы, бабамыздан қалған жөн-жоралғыға үйретейін, айтайын десең шап етіп «болмайды, күнә» деп шығады.


Бұдан гөрі ауылдастарымыз сияқты елмен араласып, той-жиында көңіл көтеріп, көршілермен гәп ойнағаны дұрыс па еді?! Артық кетсем, құдай кешірсін, - дейді ол.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Келінім бойдақ жігітке тиіп алды»: Шымкенттік ана қазақтың салтын дұрыс орындамағанына өкінеді


«70-ке келіп ажырасайын деп жатыр»: Ата-енесі үшін уайымдаған келін көптен көмек сұрайды