«Сүйек жаңғыртып құда болып едік...»
Салт-дәстүрдің де өзіндік жөн-жобасы мен жауапкершілігі бар. Дәстүрге келгенде қоғам ішінде кереағар пікірлер де көп кездеседі. Біреу қолдаса, екіншісі ескіргенін, бүгінгі заманға сәйкес келмейтінін айтып жатады.
Шымкенттік Сәбира есімді әйел де өзінің қате жасағанын айтып отыр. ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында ұлын немере әпкесінің қызына үйлендіргеніне өкінеді.
«Мұндай боларын кім білген... Қазір әпкеммен араласпаймыз, ат құйрығын біржолата кестік. Ұлым бақытсыздығына іштей мені кінәлайтынын сеземін. Келінім ажырасқан соң алты ай өтпей бойдақ, үйленбеген жігітке тұрмысқа шығып кеткені балама тым қатты ауыр тисе керек, солтүстікке жұмысқа кетіп қалды», - дейді ол ішіндегі ауыр уайымымен бөлісіп.
Сәбира өзінің немере әпкесімен бала күннен бірге өскен екен. Оның ұл-қыздарын да жақсы біледі. Өсе келе екеуі сүйек жаңғыртпақ боп шешіпті.
- Балалар жас кезде әзілдейтінбіз. Ұл-қыз өсіп, көзге көріне бастағанда оның үшінші қызына көңілім құлай берді. Биязы, үндемей қалған қызды екінші ұлыма келін етсем деп армандадым. Екеуін таныстырдық, сосын салтпен құда түсіп, бата жасастық. Ұлымның біраз қипақтағанына қарамай, «мама, ол Сіз ойлағандай емес сияқты» дегенде сөйлетпей тастап едім. Сонда бекер тыңдамаған екенмін.
Үлкен ұл мен келін батыс жақта, қызмет бабымен үйде бір ай ғана тұрған. Қолда келін ұстаймын деген арманым орындалмады. Биязы деген келінімнің өзіне жетер қырсықтығы бар екен. «Мен бұл үйге келін емес, қызбын» деп сәлем салу мен орамал тағуды бір айдан соң-ақ тоқтатты. Айналып-толғанып жүріп ересектер келгенде ізет көрсетуге көндірдім. Бірақ елдің келіні сияқты қызмет еткісі келген жоқ.
«Мейлі, үйде өзімнен артылатын шаруа жоқ қой» деп мен көнгенге ұлым көнгісі келмеді. Екеуі үйдің істелмеген шаруасына бола ренжіспесін деп тыным таппаймын. Мейлі ғой. Оның бәрі ұсақ-түйек. Егер екеуі бір-бірімен жақсы болса мұндай мән бермей аз уақытта ажырасуға шешім қабылдамас еді.
Осындайдан туған бір ұрыс-керісте келінім кетті де, қайтып келмеді. Баламды да артынан барып алып келуге көндіре алмадым. «Ұрып-соққан жоқпын, кет деген жоқпын, өзі келсін» деп отырып алды. Өзімнің барғаныма әпкем ренжіп «қызым өзі шешеді ендігісін» деп ол да ыңғай танытпады. Осылайша екеуі ажырасып кетті. Ешбір әрекетім оңынан шықпады, қанша шырылдасам да ұлымның шаңырағын сақтап қала алмадым. Өкініш өзегімді өртеді. Бәріне өзімді кінәлі сезіндім.
Мүмкін, бәрі де тез ұмытылып кетер ме еді, кеткен келінім заңды ажырасқан соң алты ай өтпей жатып үйленбеген, бойдақ жігітке тұрмысқа шығып кетпегенде?! Адамның ойына әртүрлі күдік кіреді екен. Сонда келінім қай уақытта танысып, кездесіп үлгерген? Бірінші құрған шаңырағы шайқалып, ес жимай жатып екінші рет тұрмысқа шығу соншалықты оңай болғаны ма?
«Мама, көрдіңіз бе? Мен айттым ғой Сізге, керек емес деп...» деген ұлым апыр-топыр екі-үш күнде жиналып солтүстік жаққа жұмысқа кетіп қалды. Оның жұртқа таба, күлкі болғысы келмегенін, алысқа кетіп барлығын ұмытып жаңа өмір бастағысы келгенін түсіндім. Өзімнің қателігім үшін бармақ тістеп өкіндім. Баламды сондай қиын жағдайға қалдырғаныма өзімді әлі кешіре алмай жүрмін...
Осылай деп сырт шерткен ана салт-дәстүрді ұл мен қыздың санасына жетік түсіндірмей күштеп ықпал жасауға болмайтынына көзі жеткенін айтады. Оның айтуынша, үйленетін жастардың өзіне ерік беріп тек қолдап отырған ғана дұрыс екен.