«Әйелдің жұмысы емес пе, еркек шаш бояушы деген не сұмдық?» дейді.
"Отау құрғанымызға 10 жылға жуықтады. Ата-енем 1-2 ай бірге тұрған соң үлкен ұлдарын қолда қалдырып, бізді бөлек шығарды. Қалада пәтер жалдап тұрдық. Жолдасым машина жөндейтін орталықта істеді. Мен қыз-келіншектердің тырнағын әрлеумен айналыстым. Маңдай термен тапқан қаражатымызды жаймен үйге деп жинай бастадық" - жастарға үлгі, көпшілікке кеңес болсын деп тәжірибесімен ERNUR.KZ порталы арқылы бөліскісі келген келіншек сөзін осылай бастады.
"Алғашында екеуміз ғана болғандықтан ақшамыз шамалы болса да жиналып жатты. Бірақ кейін балалы болған соң үйде отырып қалдым. Жолдасымның табысынан аз артылатын болды. Ішіп-жеп, киінуден, қонаққа барудан артылмай жүрді.
Осылай жүргенде жолдасым қатты ауырды. Қыста суық жерде мұздай темірлерді жалаң қолмен ұстай бергесін тіпті асқынып, жүріп-тұруының өзі қиындады. Ауру жанына батқан соң дәрігер бар ма, емші тәуіп бар ма бәрін аралап қарала бастады. Уақыт өте қаншама қаражат шығындап жүріп жолдасымның беті бері қарап, өзі жаймен жүріп-тұра бастады. Бірақ бұрынғы жұмысын қайта істегісі келмеді. Ауыр көтеруге, салқын жерде жүруге болмайды.
Сөйтіп мамандық ауыстыру жолын іздей бастадық. Таныстардан сұлулық салондарына мемлекеттік грант беріліп жатқанын естідік. Сөйтіп, өз салонымызды ашуды ұсындым. «Мен тырнақ шебері курсына барайын, сен де біреуін таңдап, оқы. Сертификат алып, бизнес-жоспар қорғайық. Біріміз болмасақ, біріміз грант ұтып қалармыз» дедім. Алғашында келіспей жүріп, кейін көнді. Барсақ, тек шаш стилисті мамандығына ғана орын қалыпты. Алған бетімізден қайтпайық деп, күйеуім сол курсқа жазылды.
Бастапқыда бірыңғай қыз-келіншектермен оқығанына қысылып жүрді. Кейін өзінің де қызығушылығы арта бастады. Сонымен жоспарымыз жүзеге асып, бизнес-жоспарымыз өтіп, грант ұтып алдық. Жолдасым өзі қызығып, шаш бояйтын, қырқатын мастер болып істеп көрейін деді. Қажетті бар керек-жарақты алып, алдымен менің шашымды сынақтан өткізді. Түсі де, пішіні де керемет шықты. Оны көрген көрші, құрдас қыз-келіншектерден сұраныс түсе бастады. Жолдасымның мұндай іске ебі барын бұрын байқамаппын. Өте мұқият, тиянақты істейді. Бояуларды дұрыс араластырып, керемет түс шығарады. Әр қыз-келіншекке өзіне жарасатын шаш үлгісі мен түсін жақсылап таңдай біледі.
Осылай танымал шаш бояушы, қазіргі тілмен айтқанда колорист болып шыға келді. Мен болсам маникюр жасатуға келген клиенттерді қабылдаймын. Осылайша ісіміз алға басып, ілгерілеп, табысымыз молая түсті. Бір жарым жылдың ішінде қала шетінен шағын үй алып қойдық.
Жолдасымның бұлай табыс тапқанына алғашында жолдастары, әкем мен ағаларым, тіпті өз ағасы да күліп қарап, мазақ етіп жүрген. «Әйелдің жұмысы емес пе, еркек шаш бояушы деген не сұмдық?» дейді. Ер-азамат болған соң алғашында намыстанып қалатын. «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген бар емес пе? Кейін табысы бар жұмыс екеніне көзі жеткесін "Жағдайымызды жасайық, отбасымыз үшін, балаларымыздың болашағы үшін" деп, ешкімнің сөзіне мән бермейтін болды.
Ерлі-зайыптылардың ойлары бір жерден шығып, көздегені бір нәрсе болса, соның жолында бірлесіп еңбек етсе, алынбайтын қамал бомайды екен. Дәлел ретінде өз өмірімізді айта аламын."