Шымкенттің сүлгілерін африкалықтарға дейін пайдаланып жүр

0
2 655

​Оңтүстікте республика бойынша тұңғыш әрі жалғыз мақта-тоқыма кластері бар екенін білесіз бе? Өндірістің түгел бір циклын, атап айтқанда мақта өсіру, иіру, тоқу, бояп-өңдеу және тігу сияқты бүкіл жұмысын қамтитын жалғыз тоқыма комбинаты – «AZALA Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания 2005 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді.


Шымкенттің сүлгілерін  африкалықтарға дейін пайдаланып жүр

Оңтүстікте республика бойынша тұңғыш әрі жалғыз мақта-тоқыма кластері бар екенін білесіз бе? Өндірістің түгел бір циклын, атап айтқанда мақта өсіру, иіру, тоқу, бояп-өңдеу және тігу сияқты бүкіл жұмысын қамтитын жалғыз тоқыма комбинаты – «AZALA Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания 2005 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді.

Тоқыма комбинаттары көп болғанымен, барлығы бірдей отандық мақтаны қолдана бермейді. «AZALA Textile» бұл жағынан да ерекшеленеді. Өйткені, қазақстандық мақта талшығын ғана пайдаланады.

Шикізатты компанияның өз меншігіндегі «Мырзакент» мақта өңдеуші зауыты әзірлеп береді. Мақтаарал ауданында орналасқан зауыт мақтаның өзгеше қытайлық сұрпын өсіреді. Мұндай мақта оңтүстіктің басқа шаруашылықтарында мүлде кездеспейтінін атап өткен жөн.

Ал, егін даласынан жинап алынған өнім американдық технология бойынша өңделеді. Сосын ол мақта Шымкенттегі өндіріс ошағына жеткізіледі.

Мұнда Швейцария, Бельгия, Италия және Германия сияқты еуропалық елдердің құрал-жабдықтары орнатылған.

Мақтадан жіп иіріледі. Тоқыма цехында жіптен қатты сұр мата тоқылып шығады да, әрі қарай өңдеу және тігін фабрикаларына жіберіліп, сонда түкті бұйымдар жасау үшін боялады және тігіледі.

Цехтан саудаға шықпас бұрын өнім тексеріске жіберіледі. Арнайы зертханада материал созылып, жыртылып, жуылады. Яғни, сапасы тексеріледі.

«AZALA Textile» жылына 2,3 млн дана төсек-орын жабдығын және 10,4 млн дана түкті бұйымдар жасауға қауқарлы. Бұл бұйымдардың ішіне сүлгілер мен жамылғылар, халаттар, шалмалар, шотландық килттар кіреді.

Одан өзге ақ және түрлі-түсті бөз, сиса, сәтен сияқты дайын маталар да шығарады. Компания өкілдерінің айтуынша, өндірілген өнімнің 80 %-ы – өз еліміздің тұтынушыларына, ал қалған 20 %-ы – экспортқа бағытталған.

Негізінен Қытайға және ТМД, Германия, Австрия, Түркия, Литва секілді Еуропа мемлекеттеріне, одан әрісі Африкаға дейін экспортталып жатыр.

Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 3,8 млрд АҚШ доллары тартылған.

Комбинаттағы өндірістік цехтардың жалпы аумағы – 29 775 шаршы метрді құрайды. Мұнда 500-ден астам шымкенттік еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр.

Айта кетейік, Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында іріктеліп, жүлде алғандардың қатарында түстіктің кәсіпкерлері көп болды.

Іскерлігін байқатқан «Азала Текстиль» «Іскер» номинациясын жеңіп алды. Бұл сыйлықты марапат деп қана қабылдауға болмайды. Салмағы бар. Яғни, марапатпен бірге артылатын жауапкершілік жүгі де ауыр.