1 айлық челлендж: Ешкімге айтпай орында!

0
156

Рамазан айында орындасаңыз нәтижесі таң қалдырады.


1 айлық челлендж: Ешкімге айтпай орында!

Фото: ЖИ арқылы жасалды

Психологияда жоспарыңды орындалғанша ешкімге айтпау керек деген қағида бар. Дәл сол сияқты жасаған жақсылықты, өзгерісті тіс жармай, құпия ұстау оның әсерін он есе арттырады. Психологияда мұны "ішкі энергияны сыртқа шашпау" деп аталады.

Бір ай мыналарды ешкімге айтпай орындаңызшы, өміріңіздің жылдам өзгергеніне таң қаласыз.



1. Үнсіздік терапиясы

Бұл - ең қиыны, бірақ нәтижесі орасан. Отырысқа барғанда, ағайын-туыспен, құрбы-құрдастармен бас қосқанда, тіпті аулада көршілеріңізді көріп қалғанда ешкімге шағым айтпаңыз. Ауа райына, бастығыңызға немесе шаршағаныңызға шағымданбаңыз. Бауырыңыз қарызға ақша сұрай қалғанда да әдеттегідей “Кредиттен артылмай жатыр. Бәле болды осы кредит” деген сияқты ақталуды доғарыңыз. Бұл да шағым. Дұрысы, “Өзімнің бір жоспарларыма керек” немесе “Бере алмаймын” деп нақтысын айтуды үйреніңіз.

Ешкімді сынамаңыз және ғайбаттамаңыз. Біреу туралы жаман ой келсе де, тіліңізді тістеп қалыңыз.

Жаңа телефон алдыңыз ба, балаңыз жарыстан бірінші орын алды ма, саяхатқа барайын деп жатырсыз ба, мақтанып бүкіл вацап-чатқа салмаңыз.

“Сенің орныңда болсам, бүйтер едім”, “Сен былай етсейші”, “Ақшаңды босқа құртқанша, жина”, “Үй кезегіне тұрдың ба? Бәреуге төлегенше ипотекаға үй ал” т.б. осы секілді ақыл-кеңестеріңізді бір ай бойы айтпаңыз.



2. Жасырын садақа мен жақсылық

Күнде 100 теңге садақа беріңіз немесе мұңлы адамға жылы сөз айтыңыз. Ауырып жатқан туысыңыздың үйін жинап берсеңіз де, тамағын істеп берсеңіз де болады. Кез келген жақсылық түрі - садақа және ол өзіңізге еселеніп қайтады. Бұл өмірдің өзгермейтін “Қарымта заңы”. Жасаған жақсылықтарыңызды ең жақын адамыңызға (жұбайыңызға, анаңызға) да айтпаңыз.



3. Таңның бір сағаты

Әдеттегіден бір сағат ерте тұрып, 15-20 минут тыныштықта отырып, бес шүкіршілік жазыңыз, көзіңізді жұмып болашақ жарқын өміріңізді елестетіп, сол өмірді сүріп жатқандай сезініңіз. Сатып алуды ойлап жүрген зат-бұйымдарыңызды қолыңызда тұрғандай сезініп, алғыс айтыңыз.

15 минут дене жаттығуын жасаңыз. Мейлі ол созылу, керілу жаттығуы болар, немесе тыныс алу жаттығуы, медитация. Я болмаса 15 минут далада жүріп қайтыңыз. Тым болмаса ютубтан Тони Роббинстің таңғы жаттығуын тауып орындаңыз. Бүгінгі күніңізге жоспар жазып, кешке дейін бәрін орындауға тырысыңыз.



4. Көп күлімдеу

Ашулындыңыз ба, күлімдеңіз. Біреу көңіліңізді түсіретін нәрсе айтты ма, күлімдеңіз. Жұмысыңызға кешігіп жатырсыз ба, күлімдеңіз. Неге? Езуіңізді екі жаққа созып күлімсірегенде ми қуаныш, бақыт гормонын бөледі және энергияңыз артады. Біреумен ұрысқалы тұрсыз ба, энергияңыздың жоғалатынын ойлаңыз да күлімсірей салыңыз. Себепсіз күлімдей беріңіз бір ай бойы, энергия да, табыс та, бақытты сәттер де көбейеді.



5. Кешірім

Әр күні ұйқыға жатарда айнаға қарап “Мен сені жақсы көрем. Дәл осы қалпыңда қабылдаймын” деп өзіңізге айтыңыз. Сізді ренжіткен адамдардың бәрін іштей кешіріңіз. Өз қателіктеріңіз үшін өзіңізден кешірім сұрап, ертең жақсырақ болуға уәде беріңіз.



6. Кешкі тамақ пен нан жемеу

Бір ай бойы нан және ұннан жасалған өнімдерді ауызға алмаңыз. Сондай-ақ кешкі тамақтың орнына айран ішуді әдетке айналдырыңыз. Немесе алма жеңіз. Бір ай ғана ғой, шыдаңыз. Отырыстарға бара қалсаңыз, бірінші ережені еске түсіріңіз. Яғни “Мен кешкі асты ішпей жүрмін. Диета” деп айтпайсыз.

Егер бір айды осындай "құпия" режимде өткізсеңіз, айдың соңында мүлдем басқа адам болып шығасыз. Сырт келбетіңізде ғана емес, ішкі күйіңіздегі өзгерістерді байқайсыз.

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Байығыңыз келсе АҚШАҒА ХАТ жазыңыз

Әкені кешіру - мол табысқа жол ашады