​Адамды ауру қылатын 4 жағдай

0
186

Аурудың бәрін осы төртеуі шақырады


​Адамды ауру қылатын 4 жағдай

Фото: pexels.com

Өміріміздің сапасы – біздің ойымыз бен әрекетіміздің жемісі. Дегенмен кейде байқамай, қарапайым ережелерді сақтамай денсаулығымызды, жан дүниемізді әлсірететін әдеттерге бой алдырамыз. Ал әлсіз ағзаға, әлсіз психикаға ауру үйір.

Сонымен тән мен жанды әлсірететін әдеттер қайсы?


1. Көп сөйлеу

Психологияда «энергетикалық ағып кету» (энергияның босқа жұмсалуы) деген ұғым бар. Бұл энергияның босқа жұмсалуы салдарынан болады. Мысалы, көп сөйлегенде де энергия шығындалады. Сондықтан мәнсіз, мағынасыз нәрселерді талқылаудан, өткен шақтағы қателіктерді әңгіме етуден қашыңыз. Сөз - энергия. Демек сөзіңізді ұқпайтын адамға шығындамаңыз.

  • Әр нәрсені (әлемде болып жатқан соғыс, әншілердің жеке өмірі, таныс-білістің тағдыры т.б.) айту әдетке айналған соң, ішкі тыныштық әлсіреп, сабырсыздық пайда болады.
  • Көп сөйлей беретін адамды басқалар байыппен тыңдамайды, оның сөзінің құндылығы азаяды.
  • Артық сөз айту барысында сырды ашып қою қаупі бар. Сонымен бірге артық сөйлеу – өсек, шағым, негатив сөздердің көбеюіне алып келеді.
  • Көп сөйлейтін адам әдетте басқаны тыңдауға уақыт таппайды, ал тыңдай білмеу қарым-қатынасты әлсіретеді.
  • Көп сөйлеу арқылы адам іштегі тыныш ойларын, өзіндік бақылауын жоғалтып, «сыртқы шудың» құрбанына айналады.
  • Үнемі сөйлей беру дауысқа, тыныс алу жүйесіне, жүйкеге салмақ түсіреді.


2. Көп ұйықтау

Ұйқы – дененің табиғи қалпына келу механизмі. Бірақ көп ұйықтау да аз ұйықтау сияқты зиянды. Әдетте ересек адамға тәулігіне 7–8 сағат ұйқы жеткілікті. Ал бұдан көп, шамадан тыс ұйықтау денсаулыққа, ой-санасына, тіпті өмір салтына да теріс әсер етеді.

  • Көп ұйықтаған адам сергек емес, қайта шаршаңқы болады. Ұйқы ұзаққа созылғанда ағзадағы табиғи ырғақ (биоритм) бұзылады.
  • Ғылыми зерттеулерде ұзақ ұйықтайтын адамдардың жүрек-қан тамыр ауруларына шалдығу қаупі жоғары екені анықталған.
  • Көп ұйықтау метаболизмді баяулатып, артық салмақ жинауға себеп болады.
  • Ұзақ ұйқы инсулиннің жұмысын нашарлатады, қандағы қант деңгейін бұзады.
  • Көп ұйықтау адамды жалқаулыққа, өмірге қызығушылықтың төмендеуіне итермелейді.
  • Ұзақ ұйықтаған соң ми белсенділігі төмендейді, ойлау қабілеті бәсеңдейді.
  • Ұйқының көп болуы іс-қимылды азайтып, белсенділікті төмендетеді.
  • Дәстүрлі ілімдерде (ислам, шығыс даналығы) артық ұйқы адамның рухын әлсіретіп, бойкүйездікке әкеледі дейді.


3. Көп тамақ жеу

Көп тамақ жеу – қазіргі заманда ең жиі кездесетін зиянды әдеттердің бірі. Ол тек артық салмақ емес, бүкіл ағзаға әсер етеді.

  • Артық калория майға айналып, семіздікке себеп болады. Семіздік жүрек, буын, бауыр ауруларының бастауы.
  • Қарын, ішек артық тамақты қорытуға қиналып, кебу, ауырлық, асқазан аурулары пайда болады.
  • Тамақ көп болған сайын қан қоюланып, жүрек-қан тамырлары мен бауыр жұмысы қиындайды.
  • Артық тамақ қандағы қант деңгейін тұрақсыз қылады, инсулинге төзімділік пайда болады.
  • Артық тамақтан кейін адам сергек емес, ұйқышыл, әлсіз болады.
  • Дінімізде артық тамақ жеу – нәпсіні күшейтіп, рухани әлсіздікке әкеледі делінген. Даналар: «Қарынның тоқ болуы – ойдың тұмандануы» дейді. Себебі артық тамақ ішкі сергектікті өлтіреді.


4. Көп жақсы көру

Махаббат – ең асыл сезім, бірақ «шектен тыс жақсы көру» адамды тәуелділікке апарады, өзін ұмытады, өзін жоғалтады. Сондықтан да хадистерде "Құдайдан артық ешкімді қатты жақсы көрме" деген.

  • Көңілдің бәрін бір адамға немесе бір нәрсеге байлау – өзіңді жоғалту. Психологияда мұны «эмоциялық тәуелділік» дейді. Ол адамның еркіндігін алып, өзін-өзі бағалауын әлсіретеді.
  • Шектен тыс жақсы көрудің соңы – қызғаныш пен бақылауға, ренішке, көңіл қалуға алып барады.
  • “Ол мені тастап кете ме” деген қорқыныш пен уайым үнемі мазасыздық тудырады.
  • Бар энергияны сүйгеніне жұмсап, өзін дамытуға, денсаулығына, өз өміріне көңіл бөлінбей қалады.


Есте ұстаңыз: Адам денсаулығы мен рухани күйінің кілті – тепе-теңдікте. Кез келген артық нәрсе – зиян. Сондықтан өзіңізді күнде бақылап, сұрақ қойып отырыңыз: Бүгін қанша уақыт сөйледім? Қанша сағат ұйықтадым? Қанша тамақ жедім? Жарды, ұл-қыздарымды шамадан қатты жақсы көрмедім бе екен?

Жауабыңызға қарай тепе-теңдікті түзетіп отырыңыз. Сонда ғана өміріңіз жеңіл, жүрегіңіз тыныш, денеңіз сау болады.

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Неліктен "Шүкіршілік дәптерін" бастау керек?

Ағайын арасында сақталуы тиіс 7 қағида