Бұл алтауын біліп алсаңыз, 2021 жылы адасу мен алданудан сақ боласыз дейді психологтар.
2020 жылы ақымақтығыңыздан немесе ақымақ адамдардан басыңызға көп таяқ тиді ме? Келесі жылы тағы да бұл қателігіңізді қайталамас үшін үшін не істемекшісіз?
Жантану мамандары бұл орайда мына алты белгі адаспауға жол көрсетеді дейді. Олардың зерттеуінше, ақымақты да, ақылдыны да негізгі 6 белгіге қарап, айыруға, тануға болады екен.
БІРІНШІ БЕЛГІ
«Адамның қандай екенін бір көргеннен білем» деу – ақымақтық. Алғашқы кездесуден соң-ақ «Қандай екені белгілі болды» деп, арақатынасқа нүкте қоя салу немесе бір көрген адам туралы жақсы не жаман деп пікір айту ақымақтың ісі. Өйткені жағдайға байланысты ақымақ ақыл айтатын, ал ақылдының ақымақтық жасап алатын кезі де болады.
Сондықтан да ақылды адамды бір көргеннен тану мүмкін емес екенін біледі. Ол кез келгенді айтқан сөзіне емес, әр түрлі көңіл күйде өзін-өзі ұстауына қарай бағалайды. Ал оған кемінде 6 ай қажет.
ЕКІНШІ БЕЛГІ
Барлық адам қателеседі, қателік жасайды. Бірақ ақымақ ешқашан өз қатесін мойындамайды және бір қателігін бірнеше рет қайталайды. Ақымақ алдымен істейді, сосын ойланады, өкінеді. Бірақ өзгенің айтқанын тыңдамайды. Ақымақтың кешірім сұрауы қиын.
Ал ақылды адам іске кіріспес бұрын алдымен ойланады. Қателесіп жатса кешірім сұрайды. Ол өзінің ғана емес, өзгелердің де қателігінен сабақ алуға тырысады. Айтылған ақылдың бәрін тыңдайды, бірақ дұрыс деп тапқанын ғана сіңіріп, орындайды.
ҮШІНШІ БЕЛГІ
Ақылда барлық нәрсені білу мүмкін емес екенін біледі. Сондықтан да әр саланың өз білгірі бар екенін түсініп, ешкіммен айтыспайды. Ол біліп тұрса да ешқашан «білем» демейді. Басқа сала бойынша сұрақ туындаса, ол міндетті түрде маман кеңесіне жүгінеді. Әлеуметтік желілерде тараған ақпараттардың дереккөзін, шынайылығын тексермейінше, оған сенбейді.
Ал ақымақ отырыстарда, бас қосуларда әлемдегі барлық жаңалықты айтып қана қоймай, отырған жерінде пікірталас ұйымдастырып жібереді. Ол түбірі тексерілмеген жалған ақпараттардың басқаларға зиянын тигізетінін ойламай, вацапына келген жазбаларды, виеоларды орынсыз барлық адамға тарата береді.
ТӨРТІНШІ БЕЛГІ
Ақылды адам ұрыс-керістен мейлінше қашады. Әсіресе көпшіліктің алдында және балалар бар жерде аузын жүгендеп ұстайды. Лажы барынша келісімге келуді, жанжалды даурықтырмауды ойлайды. Кез келген дауда екі жаққа да тиімді ұсыныс іздейді.
Ақымақ болмашыны жанжалға айналдырғанды жақсы көреді. Ол сөніп бара жатқан ұрыс отын қайта үрлеп жағып алады. Кешегі ұрысты қайта еске салып қоздата береді. Сондай-ақ ақымақтар кекшіл келетінін есте ұстаңыз.
БЕСІНШІ БЕЛГІ
Ақылдылар жұрт көзінше мақтағанды, қошеметтегенді ұната бермейді. Ол тек өзіне лайықты марапатты ғана өзгелерге айтады. Екінің бірі алып жатқан марапатты, жүлдені көпке жария етуді ақымақтық деп санайды.
Ақымақ керісінше, әрбір ісін мақтау сөз есту үшін істейді. Достарының арасында бірінші оған сөз берілсе де, тіпті ағайын-туыстың үйінде төрге шыққанын да мақтанып айтады. Ал есік алдынан орын тисе, оны көп жыл ұмыта алмай, ашуланып жүреді. Сондықтан да ақымақ адамды мақтап-мақтап ісіріп, қажетті істі пісіріп алу оп-оңай.
АЛТЫНШЫ БЕЛГІ
«Сен ақымақсың, миың жоқ» деңізші. Кім бірінші шап етіп сөйлейді сол ақымақ. Ол өзінің сөзінің немесе ісінің дұрыстығын дәлелдемейінше тоқтамайды.
Ақымақ бос уақытын өзін өзгелерге дәлелдеуге, өзі білмейтінді басқаларға үйретуге, ақыл айтуға жұмсайды. Ал ақылды уақытын білмейтінін үйренуге арнайды. Ең оңай нәрсе «ақыл айту» екенін жақсы білгендіктен, ақылды адам ешкімге қалай өмір сүру керектігін нұсқамайды. Сонымен бірге бір рет айтылған сөзінен қорытынды шығармаған адамға екінші рет сөзін қор етпейді.
(Иллюстрациялық фотолар ашық дереккөздерден алынды)
Жазира СМАҒҰЛОВА,
Тағы да оқыңыз:
2021 жылы сізге НЕНІ қалай ӨЗГЕРТУ КЕРЕК?