Өмір – қиын дейсіз бе? Егер, ешкімге зияны тимейтін психологиялық қулықтарды үйреніп алсаңыз, жүйкеге түскен ауыр салмақ жеңілдеп, қиын боп көрінген түйін оңай шешіледі. Алдымен қолданып көріңіз!
фото: ru.stockfresh.com
Өмір – қиын дейсіз бе? Егер, ешкімге зияны тимейтін психологиялық қулықтарды үйреніп алсаңыз, жүйкеге түскен ауыр салмақ жеңілдеп, қиын боп көрінген түйін оңай шешіледі. Алдымен қолданып көріңіз!
1. Ұнамайтын адам үйіңізге келгенде…
Сенбі, жексенбі күндері алаңсыз демалғыңыз келеді, ал біреулер керісінше қыдырғанды ұнатады. Осындай «біреулердің» бірі демалыс күні есігіңізді қақты. Есігіңізде «глазок» жоқ немесе кімнің келіп тұрғанын анық біле алмадыңыз делік. Не істейсіз?
Кеңес: Аяқ киіміңізді жылдам киіп, сөмкеңізді иығыңызға іліңіз де сырт киіміңізді қолыңызға ұстаңыз. Тыржиған мұрныңыз бен түйілген қабақты босаңсытыңыз да күлімдеп есікті ашыңыз. Егер, қадірлі қонақ болса, «Бір жерден қазір келіп едім, кіргенім осы...» деп, қарсы алыңыз. Ал, қыдырма қонақ болса, «Бір маңызды шаруаларыммен бір жерге кетіп бара жатыр едім» деп, шығарып салыңыз.
Бұл психологиялық әдіс тек демалыс күндері емес, кез келген уақытта қажет болып қалуы мүмкін. Сондықтан дәлізіңіздегі киім ілгіште үнемі қолшатыр мен үлкен сөмке ілулі тұрсын.
2. Балаңыздың үй шаруасына құлқы жоқ болса…
Баланы кішкентайынан үй тірлігіне араластырып, ұқыптылыққа, еңбекке баулыған дұрыс. Алайда кейбір бала жалқау, оған «киімдеріңді бүктеп қой», «кітаптарыңды ретте» дегеніңізбен бұйрығыңыз орындалмай қала береді. Ашуланбаңыз!
Кеңес: Мұндайда «таңдау әдісін» қолданыңыз. Мысалы, «Еденді жуасың ба, әлде ыдыстарды ма?», «Ойыншықтарды жинастырасың ба, әлде аяқ киімдерді тазалайсың ба?» деп, екі жұмыстың біріне таңдау жасату керек.
3. Бала жылай берсе…
Кішкентай балаңыздың бір жері ауырып мазасызданып жыласа, дәрігер шақыртасыз, ал еркелікпен немесе өзіне назар аудару үшін жыласа не істеу керек?
Кеңес: Құшақтап, бауырыңызға басып, қолыңызға алсаңыз да жылап жатыр ма? Оның бетіне қарап күліңіз, жымиыңыз. Баланың көңіл күйі дереу өзгеріп, жылағанын тыя қояды.
4. Күйеуіңізді айтқаныңызға көндіргіңіз келсе…
Бір бутиктен көйлек көрдіңіз делік немесе басқа бір қажеттілігіңіз үшін қомақты ақша керек боп тұр. Күйеуіңізден қалай сұрау керектігін білмей отырсыз ба?
Кеңес: Өтірік себеп ойлап, құрастырмаңыз. Әдемі сөздеріңізді сабақтап, айнаға қарап қайталап алдын ала дайындалмай-ақ та қойыңыз. Ақша сұрағанда, оның неліктен қажет болғанын түсіндіргенде, яғни сөйлеу барысында тек басыңызды жеңіл әрі жиі изей берсеңіз жетеді. Қарсы алдыңызда отырған адам да сізге қосыла қалай басын изегенін және содан соң қалай «иә» дегенін аңғармай қалады.
Бұл психологиялық әдісті жұмыста келіссөз жүргізгенде, жалақыңызды көбейту мәселесімен немесе бір өтінішпен бастық алдына кіргенде де қолдануға болады.
5. Егер, енеңіз сізді жақтырмаса…
Ол сіздің тірлігіңізге үнемі мін айтып отыра ма? Тырысып-ақ жатырсыз ғой, сонда да жақпайсыз ба?
Кеңес: Оған ұқсауға тырысыңыз. Байқайсыз ба, әжеңіз, атаңыз, я болмаса әкеңіз балаларының ішінен өзіне ұқсайтынын ерекше жақсы көреді. Әрине, түріңізді, бойыңызды, көзіңізді енеңізге ұқсата алмайсыз, бірақ оның жүріс-тұрысын, шаш қою стилін, сөйлеу мәнерін, сөйлегенде қолдарының қимылын, жиі қайталайтын сөзін көшірме жасауға болады. Оның «көшірмесі» болып көріңізші, жұмсарып, сізге деген көзқарасы да өзгереді.
Осы психологиялық амалды жиі ұрысатын бастығыңызға да қолдансаңыз, нәтиже болады.
6. Ұрыс естиін деп тұрсыз...
Енеңізден қатаң сөгіс алайын деп жатырсыз ба, әлде күйеуіңізден ұрыс естиін деп тұрсыз ба? Кінәңізді білсеңіз де өзіңізді ақтағыңыз келеді.
Кеңес: Үндемеңіз. Кінәлі екеніңізді мойындағандай басыңызды салбыратып, төмен қарап оның қасына жақын отырыңыз (түрегеп тұратын болсаңыз да қасына жақындаңыз). Психологтар адамдар арасындағы ара қашықтық жақындаған кезде арада жылулықтың пайда болатынын айтады. Мұндайда кез келген адамның ашуы басылады екен.
7. Бір жаққа сұрану керек болса…
Жақын отыруға байланысты психологиялық әдісті қалауыңызды сұрау кезінде де қолдануға әбден болады. Мысалы, төркіңізге бармағаныңызға, құрбыларыңызбен бас қоспағаныңызға көп уақыт болды ма? Әсемдік салонына барып, маникюр жасатып, шаш қидыртуды жоспарлағаныңызға да біраз боп қалған секілді. Бірақ, бұған енеңіз (немесе күйеуіңіз) не дейді?
Кеңес: Абыржып, шаршап тұрған кезіңізді пайдаланып, қасына жақын отырыңыз. Оң көзіне қарап, біраз үнсіз отырыңыз да сосын қалауыңызды айтыңыз. Оң көзбен мидың сол жақ жарты шары, ал сол көзбен оң жақ жарты шар байланысты. Мидың сол жақ жарты шары адамның эмоциясымен, сезімдерімен, ал оң жақ жарты шары логикамен байланысып жатқанын білгеніңіз жөн. Сіз оң көзге қадала қарау арқылы қарсы алдыңыздағы адамның логикалық тұрғыда ойлауын тоқтатып, тек сезімімен қалдырасыз. Логикаға салып сараптама жасай алмайды. Оның мейірімі төгіліп, шаршап отырған түріңізге жаны ашып, сұранған жағыңызға баруға рұқсат береді. Дәл осы тұста 4-ші психологиялық әдісті де іске қосып қолдана білсеңіз, қалауыңыз 100 пайыз орындалатынына сенімдімін. Ендеше, іске сәт!
Жазира СМАҒҰЛОВА
ERNUR.KZ