Туыстық қатынас өздігінен нығая бермейді. Оған уақыт, ықылас, түсіністік және шынайы қамқорлық қажет.
Фото: ЖИ
Бір үйде өсіп, бір дастарқаннан ас ішіп, бір ойыншыққа таласып, артынан қайта татуласқан күндер есіңізде ме? Бір кезде күнде көріп жүрген бауырларыңызбен есейген соң айлап кездеспейтін кездер болады. «Ертең хабарласамын», «Бір күні жиналамыз» деген сөздер де кейде айтылған күйі қала береді. Солай ма?
Олай болса, бауырлардың арасындағы сыйластықты сақтап, балаларға да үлгі болатын қандай дәстүрлер қалыптастыруға болады? Бірге ойланайық.
1. «Әулеттің цифрлық мұрасы»
Уақыт өте келе ата-анамыздың да, өзіміздің де естеліктеріміз ұмытыла бастайды. Ескі суреттердің кімге тиесілі екенін білмей қаламыз, ал үлкендердің әңгімелері жазылмай, солармен бірге жоғалып кетуі мүмкін.
Идея: Әулеттің ортақ естеліктерін жинайтын цифрлық мұрағат немесе отбасылық альбом жасау. Электронды кітап жазу т.б.
Оған ескі суреттерді, бейнежазбаларды, ата-әженің әңгімелерін, отбасылық мерекелердің естеліктерін және әр бауыр туралы шағын деректерді жинақтауға болады. Деректі видео жасау да тиімді.
Мысал: Ортақ электронды альбом ашып, әр суреттің астына кім екені, қай жылы және қай жерде түсірілгені туралы ақпарат жазылады. Үлкендерден ата-тек тарихын, ата-ананың жастық шағын немесе әулеттегі қызықты оқиғаларды сұрап, аудиоға жазып қоюға болады. Я болмаса «Әулет шежіресі» атты шағын электронды кітап шығаруды да дәстүрге айналдыруға болады. Әр жыл жазылған элекронды кітапта сол жылғы суреттер, оқиғалар, жеңісті күндер жазылуы керек. Бұл телефонда, флешкадағы суреттердің жоғалып, өшіп кетпеуіне де сеп.
2. «Бауырлар күні»
Идея: Жылына бір күнді бауырлардың бас қосуына арнап, оны әдетке айналдыру.
Бұл күнді туған күнге, мерекеге немесе басқа да отбасылық жиынға байламаңыз. Өйткені бауырлар тек қуанышты оқиғаларда ғана емес, жай күндері де бірге болуға уақыт табуы керек.
Кездесуді әр бауырдың үйінде емес, табиғат аясына шығуға, шетелге саяхаттауға немесе саябақта велосипед айдау сияқты нұсқада ұйымдастырыңыз. Ең бастысы, бірге өткізген уақыттың мәні.
Мысал: Табиғат аясында ұйымдастырылса, әркім бір тағамнан әкелсін. Сонда уақыт тамақ істеуге емес, балалық шақтағыдай ойнауға, қызықты оқиғаларды еске алуға арналады.
3. «Айтылмаған алғыс»
Идея: Жылына бір рет болатын туған күнінде группа чатта жаттанды тілек жазудың орнына оның өміріміздегі орнын және жасаған жақсылығын еске түсіріп, алғыс айту.
Алғыс міндетті түрде үлкен жақсылық үшін айтылмауы керек. Кейде қиын сәтте тыңдағаны, ақыл қосқаны немесе үнсіз жанымыздан табылғаны үшін де рақмет айту маңызды.
Мысалы: «Ағатай, кішкентай кезімде мені мектепке апарып, үнемі қорғап жүретінің есімде. Ол кезде оның қадірін түсінбеппін. Бүгін соның бәрін бағалаймын. Әрдайым жанымнан табылғаның үшін рақмет!».
Тіпті бауырлардың осындай сөздер жазылған хаттарын үлкен рамкаға бәрін топтастырып салып картина ретінде жасап жолдауға болады. Жылдар өткен соң оны қайта оқу адамға ерекше әсер сыйлайды.
4. «Балалық шаққа саяхат»
Бауырларды байланыстыратын ең берік көпірдің бірі - ортақ балалық шақ. Бірге өскен үй, ауладағы ойындар, ата-ананың еркелігі мен ескертулері, мектепке барған алғашқы күндер - мұның бәрі уақыт өте келе қымбат естелікке айналады.
Идея: Жылына бір рет туған жерге, өскен үйге немесе оқыған мектепке бірге барып, балалық шақтың іздерін жаңғырту.
Егер туған үй сақталмаса немесе оған бару мүмкін болмаса, ескі фотосуреттерді қарап, сол кезең туралы әңгімелесудің өзі жеткілікті.
Мысал: Бала кезде бірге түскен суретті тауып, дәл сол жерде немесе соған ұқсас орында қайта суретке түсіңіздер. Сосын екі суретті қатар қойып, «Сол кезде қандай едік, қазір қандаймыз?» деп естелік бөлісіңіздер.
5. «Бір бауыр - бір арман»
Бауыр болу тек өткен шақты бірге еске алу емес, болашаққа бірге қадам басу. Әр адамның арманы, мақсаты, өмірде жүзеге асырғысы келетін жоспары бар. Бірі кәсіп бастағысы келеді, екіншісі білімін жетілдіруді, үшіншісі үй алуды немесе жаңа мамандық меңгеруді армандайды.
Идея: Жылына бір рет бауырлардың әрқайсысының мақсаты туралы әңгімелесіп, оған жетуге қандай қолдау қажет екенін анықтау.
Әр жылы бір бауырдың кішігірім бір арманы үшін ақша жинауға болады. Әрине қолдау міндетті түрде қаржылай көмек болуы шарт емес. Кейде пайдалы ақпарат беру, тәжірибесімен бөлісу, қажетті маманмен таныстыру т.б.
Мысал: Қарындасы шағын кәсіп бастағысы келеді делік. Ағасы оған бизнес жүргізу тәжірибесімен бөліседі, әпкесі әлеуметтік желіге жарнама жасауға көмектеседі, ал інісі алғашқы өнімдерін суретке түсіріп береді. Бір адамның арманы бүкіл отбасының ортақ қуанышына айналады.
6. «Ата-ана шаңырағы»
Идея: Мүмкіндікке қарай айына бір рет немесе белгілі бір уақытта ата-ананың шаңырағында бас қосып, бірге ас ішу.
Мұндай кездесулерді үлкен мерекеге айналдырудың қажеті жоқ. Қарапайым шай үстінде күнделікті жаңалықтарды бөлісіп, балалардың жетістіктерін айтып, алдағы жоспарларды талқылауға болады.
Мысал: Әр айдың бір жексенбісін қарашаңырақта ортақ отбасылық түскі асқа арнауға келіседі. Бір айда үлкен қызы ас әзірлесе, келесі жолы ұлы азық-түлік әкеледі, ал немерелері ата-әжесіне кітап оқып немесе ескі суреттерді реттеуге көмектеседі.
Алыс қалада тұратын бауырлар келе алмай қалған жағдайда ортақ бейнеқоңырау ұйымдастыруға болады. Ал ата-ана өмірден өткен жағдайда, олардың туған күнінде жиналып, жақсы қасиеттерін еске алу, құран бағыштау немесе олардың атынан игі іс жасау да әулет бірлігін сақтауға көмектеседі.
Бастысы, мұндай дәстүрлерді қиындатудың қажеті жоқ. Әркімнің жағдайына қарай ұйымдастырған жөн. Маңыздысы, бауырларымызды тек қиындық туған кезде іздемей, қуанышымызды бөлісетін, сырласатын, бір-бірімізге демеу болатын жақын жан ретінде бағалай білу.
Ал, оқырман, сіздердің отбасыларыңызда бауырлардың арасын жақындататын қандай дәстүр бар? Бөлісіңіз, бәлкім, сіздің тәжірибеңіз басқа отбасыларға да үлгі болар.
Дайындаған: Ж. Смағұлова,
Тағы да оқыңыз:
ӨМІРДІ «жақсыдан» «кереметке» өткізетін 5 КІЛТ
Табысты 10 есе арттырудың нейропсихологиялық СУПЕР техникасы


