Әйел үшін бұлар өте маңызды!
фото: hw-media.herworld.com
Белгілі сценарист Памела Редмонд Сатран әр әйелде міндетті түрде мыналар болуы керек дейді.
1. Артық ақша
Отбасында ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы әрқашан бал татып тұрмайды. Бұл белгілі жайт. Опасыздық, жауапкершіліктің жоқтығы, ақшаның жетіспеушілігі, ұрыс-керіс болмауы мүмкін емес. Осындай жағдайларда ойланып бір шешімге келу үшін, арадағы махаббаттың қаншалықты екенін ұғыну үшін әйел уақытша күйеуінен бөлек тұрғаны жөн. Өмірі жайлы ойлану үшін ол қайда барады?
Ата-анасының, құрбысының, әпкесінің үйіне барса, ол өзгенің пікіріне еріп, жүрек үнін ести алмайды. Әркімнің түрлі пікірі оны адастырады, қалауынан шатастырады.
Маңызды шешім қабылдау үшін адам бірнеше күн немесе ай оңаша тұруы қажет. Ал бөлек пәтер жалдап тұру үшін әйелдің кемінде екі-үш айға жететіндей ақшасы болғаны жөн-ақ.
Тіпті тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде күйеуінен кетіп қалу үшін де, өмірден жаңа парақтан бастау үшін де әйелде артық ақша болуы тиіс.
2. Әдемі қара көйлек
Киім – адам көркі екенін бәрі біледі. Адамды киіміне қарап қарсы алатынын да мойындайды. Десек те, әйелдің көбісі гардеробы толып тұрса да бір жаққа баратын болса «Не киемін?» деп уайымдайды. Сондықтан да әр әйелдің өзіне ұнайтын, қонымды, кез келген ортаға ұялмай киіп баратын әдемі бір қара көйлегі, аяқ киімі мен бір сөмкесі болуы тиіс. Қара көйлекті мойынға алқа тағып, сәнді түйреуішпен, мойынорағышпен, қызыл белдікпен түрлендіру оңай.
Өмірде түрлі жағдай болады. Мысалы, өмір бойы жұмыс істемеген әйел күйеуі қайтыс болса немесе ажырасса несиесін, пәтерақысын т.б. төлеу үшін жұмыс іздейді. Мәселесін құрбысына, я болмаса кездейсоқ жолығып қалған танысына айтқанда, ол «Екі сағаттан соң кеңсеге кел, сөйлесеміз» деуі мүмкін.
Екінші мысал, күйеуімен ажырасқаннан кейін ұзақ жыл жалғыз жүрген келіншекті көріп қалған құрбысы «Бір жақсы азамат бар, бір-екі күнге қыдырып келген еді, ертең кетеді. Бүгін екеуіңді таныстырайын» деп, аяқ астынан кездесу ұйымдастырып жіберуі мүмкін.
Осындай аяқ астынан ұсынылатын мүмкіндіктерді жіберіп алмау үшін әйелдің әдемі көйлегі дайын тұруы керек.
3. Шынайы махаббат
Әр нәрсенің өз мезгілі болады. Психолог мамандардың айтуынша, шынайы сезім, есепсіз махаббат көбіне адамның жасөспірім, студенттік шақтарында болады. Осы шақта сабақ оқумен қатар, біреуді шын сүюге де уақыт таба білген дұрыс.
Өйткені адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Мүмкін ол алып-қашудың құрбаны болар немесе «кәрі қыз» күйінде қартаюы да кәдік. Екі баламен жесір қалуы да мүмкін ғой. Сондай-ақ отбасы құрған соң махаббат сыйластыққа алмасып кетеді дейді өмірлік тәжірибесі мол үлкендер.
Сондықтан да әр әйел жастық шағында бір рет болса да бір адамды шын сүюі керек. Оны сағынып, ренжіп немесе айырылысқанда жылаудың өзі тәтті сезім екенін ол қартайғанда түсінеді.
Баспана алуға, жақсы жұмысқа тұруға қаражат қол байлау болғанымен, шын сүюге жас кезде ешнәрсе кедергі емес. Жастық кезеңде сүйіңіз, сүйікті болыңыз!
4. Сырлас
Мейлі ол анаңыз, әпкеңіз немесе сіңліңіз, я болмаса өзіңізден әлдеқайда жасы үлкен әріптес... Мейлі ол басқа қалада тұратын шығар немесе айына, жылына бір-ақ рет онымен бас қосып кездесетін шығарсыз, бірақ әр әйелдің ешнәрсесін жасырмай айта алатын бір сырласы болғаны жөн.
Оған мұңын ғана емес, тіпті қуанышын айтып қуана алатын болуы керек.
Мұңайғанда еңсесін көтеруге сөз жәрдемін беретін, жылағанда жасын мотивациялық сөзімен сүртетін дос та болғаны абзал. Бұл әйел үшін өте маңызды.
5. Перзент
Күйеуінен ажырасып кетіп, өмірін жұмыс істеуге, табыс табуға арнаса да, өзіне лайық еркек таппай жалғыз тұруды таңдаса да, әйелдің баласы болуы керек. Ұл ма, қыз ба маңызды емес, бастысы бір перзент болғаны дұрыс.
Барлық нәрсесі бар бай әйел де, ешнәрсесі жоқ келіншек те күндердің күнінде бірсыдырғы өмірден жалығады, шаршайды. «Не үшін, кім үшін өмір сүріп жатырмын?» деп өзіне сұрақ та қояды. Ол өмірден мән-мағына іздейді. Ал психологтар әйел үшін перзенттен артық мән, сән жоқ дейді.
Әйелді алға ұмтылдыратын, өмірге қызығушылығын арттыратын, ауырып жатқанда орнынан тұрғызатын да бауыр еті – баласы.
6. Сүйікті ісі
Күнделікті күйбең тірліктен демалу үшін адам сүйікті ісімен айналысуы керек. Иә, бір мезет болса да көңілін отбасылық мәселеден басқа жаққа аударатын, негативті ойларды бір ауық болса да алыстата тұратын хоббидің болғаны маңызды. Бұл әйелді көп аурудан қорғайды.
7. Қуат берер сөз
Әйел тағдыры оңай емес. Баласынан айырылып қалса да еркекке қарағанда әйелдің жаны азапқа түседі. Қызы ажырасып келсе де терең уайымға салынатын әйел. Келіні ұзақ жыл жүкті бола алмаса да әйел-ана онымен бірдей қиналады.
Өмірде біз күтпеген жағдайлар орын алып жатады. Сондайда ешкімнің жылы сөзі жан жарасын емдей алмас, ешқандай қатты сөз сілки алмауы мүмкін. Мұндайда адам өзін-өзі қамшылауы, жігерлендіруі керек. Орнынан қайта тұру үшін әйелдің жанына қуат беретін сүйікті афоризмі болғаны дұрыс.
Мысалы, Гүлжан қиналғанда «Өмір бұнымен тоқтап қалмайды» деген сөзді жиі қайталайды. Балжан «Бәрі өтеді, бұл қиындық та өтіп кетеді» деп жігерленеді, Нұргүл болса «Құдай адамға көтере алмайтын сынақ бермейді» деп өзін жұбатса, ал Сәуле «Әр нәрсенің өз қайыры бар» деп ішкі күйігін басады.
Біреудің сөзінен гөрі адамның өзіне-өзі айтқан сөзі көбірек көмектеседі дейді психологтар. Ал сіздің қуат алатын афоризм сөзіңіз қайсы?
Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,
Тағы да оқыңыз:
Әйелдің бақыты жасырылған ҚҰПИЯны білесіз бе?
Әйел ШЫДАМАУ керек - ұнамаған жерден КЕТІП ҚАЛУҒА құқығы бар