Әйел ШЫДАМАУ керек - ұнамаған жерден КЕТІП ҚАЛУҒА құқығы бар

0
6 662

​Қыз өсіріп отырған аналарға арналған кеңес.


Әйел ШЫДАМАУ керек - ұнамаған жерден КЕТІП ҚАЛУҒА құқығы бар

(Сурет ашық дереккөзден алынды)

Бір ақын ағамыз «Шыдай беруге болмайды, өмір қысқа» деген екен. Десе де, көп әйел бір-ақ рет берілетін өмірін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, қорлық пен азапқа шыдаумен өткізіп жатқаны белгілі. Бұндай «шыдамшыл әйелдер» қайдан пайда болады?


Психологтар бұны адамның балалық шағында қалыптасқан түсінігімен байланыстырады. Ата-ана баланың өзіне сенімді боп өсуіне көңіл бөлуі тиіс.

Біріншіден, кішкентайынан өзін-өзі жоғары бағалап өскен қыз ешкімнің қорлауына жол бермейді.

Екіншіден, ата-анасына немесе аға-әпкесіне сеніп өскен қыз, яғни өзін қорғай алатын адамдардың бар екенін білетін келіншек тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көне алмайды.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, әйел өзіне сенімді болуы керек және қандай жағдай болса да сыртқа теппейтін, шешімін қолдайтын жақын адамдарының бар екеніне сенуі қажет. Әрине, бұндай сенімділікті бала кезінен бойына сіңіру маңызды.



ҚАЛАЙ?

1-КЕҢЕС: Әр балаға жеке тұлға ретінде қараңыз. Оны бауырларымен немесе сыныптастарымен салыстырмаңыз.

Әр балада кемшіліктер болады. Мысалы, біреуінің бойы қысқа, екіншісінің мұрны пұшық, тағы бірі жайбасар т.б. Бұндай кемшіліктерін жиі айту баланың өзін-өзі төмен, өзін өзгелерден кем санауына алып келеді.

Кемшіліктері сияқты әр адамның өзгеден артықшылықтары да бар. Міне, осы артықшылықтарына назар аударту арқылы баланың өзіне сенімділігін арттыра аласыз.



2 КЕҢЕС: Қыз бала ата-анасының қорған екенін біліп, сеніп өсуі тиіс. Мейлі, ол үйдің жалғызы болса да, әкесі болмаса да анасына немесе басқа бір туысына қиын шақта арқа сүйей алатынын білуі қажет. Сондай-ақ таңдау жасауға құқылы екенін біліп өссе, ол өз жеке шекарасын қорғай алады.


Осы орайда айтпағымыз түсінікті болу үшін, Эрин Бруктың жазбасын аударып, назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық.


БІР ҚЫЗДЫҢ ОҚИҒАСЫ: «Анам кішкентайымнан кез келген ұнамсыз, жайсыз жағдайдан кетуге болатынын үйреткен. Бұл мен үшін өмірлік сабақ.

Алғаш рет құрбымның үйіне қонуға барғанымда жасым жетіде еді. Анам егер маған отырыс ұнамаса, ол жерде өзімді ыңғайсыз сезінсем кез келген уақытта, тіпті түн ортасында оған қоңырау шалуыма болатынын айтты. Шығарып салып тұрып анам: «Есіңде ұста, егер құрбыңның ата-анасы ұйықтап қалса да сен олардың бөлмесіне кіріп телефонмен маған қоңырау шалуға рұқсат сұрай аласың. Мен сені кез келген уақытта барып алып кетемін», - деп қайталады.

Құрбымның туған күнінде балалар мені кекетіп, мұқата бастады. Анамның сөздері есіме түсті. Сыныптас қыздардың кейбірі менің қалуымды өтініп, райымнан қайтаруға тырысты. Құрбымның анасы да бірер сағаттан соң таң ататынын, түн ортасында мамамды мазалағаным дұрыс емес екенін түсіндіріп жатты. Бірақ мен таңға дейін ол үйде ұйықтай алмайтынымды түсіндім. Телефон тұтқасын алып нөмірді тергенім сол, ар жақтан анам «Алып кетейін бе?» деді. Мен «Иә!» деп жауап бердім.

Анам келгенде құрбымның мамасы кешірім сұрап жатты. Сол кездегі анамның «Кешірім сұраудың қажеті жоқ. Нендей жағдай болса да, кез келген уақытта мен қызымның қасынан табылатынымды ұқтырғым келеді» дегені ешқашан есімнен шықпайды.

Балалық шағымда бұндай жағдай көп болды. Бәрінде де анам жеке шекарамды ешкімнің бұзуға қақысы жоқ екенін айтып отыратын. Бірде балалар лагеріне бардым, ол жер маған ұнамады. Анама қоңырау шалдым. Ол «Кеткің келе ме?» деді. «Кетуге бола ма?» дегенімде, «Әрине, кетуге құқың бар» деген еді. Осы кезден бастап мен өз құқым туралы біле бастадым.

Есейіп жұмысқа тұрғанымда да анам үнемі мені қолдап отырды. Егер мені басшылық бағаламаса, еңбегіме сай жалақы төлемесе, ол жерде шыдап жұмысты жалғастырудың дұрыс емес екенін де үйреткен анам. Бұл маған өз бағамды білуді үйретті.

Әрине, мен барлық кезде анамның айтқанын орындадым деп айта алмаймын. Айналамдағы адамдарды ренжітіп алмау үшін үндемеген кездерім де болған. Бірақ анамның айтқан сөздері мен іс-әрекеттері есіме түскенде өзіме деген сенімділігім арта түсетін еді.

Құрбыларымның аналары айтқан сөздер де есімде. Олар қыздарына «Ешкімді мазалама», «Ешкімнің көңіл күйін түсірме, үндеме», «Мән берме, әр нәрсенің аяқталатын уақыты болады, ұйықта, бәрі ұмытылады» дейтін. Бұл дұрыс, бірақ анамның «Жағдайға көнгеннен гөрі ол жерден кетіп қалуды таңдай аласың» дегені дұрысырақ сияқты. Өйткені мен көп жағдайда ол жерден кетіп қалуға құқым жоқ, ұят болады деп ойлайтынмын. Осы кезде анамның «Сен ұнамаған жерден кетіп қалуға құқылысың» деген сөзі есіме түсетін де, жүрегіме үңіліп таңдау жасайтынмын.

Мен жалақысы аз жұмысымнан, жағымсыз адамдардың ортасынан, отырыстан, кездесуден кетіп қалғаныма ешқашан өкінген емеспін. Сіз де, басқалар да жағымсыз жағдайдың ортасынан кетіп қалуға құқылы...»

Оқиғағада айтылғандай, қорлауға, басынуға, азапқа шыдауға ешкім міндетті емес. Әркім жаман өмірден кетіп қалуға, өмірін өзгертуге, бәрін жаңа парақтан бастауға және бақытты болуға құқылы.


Дайындаған: Табиғат Қалыбек,

ERNUR.KZ



Тағы да оқыңыз:


АШУДЫ жылдам БАСУДЫҢ 6 әдісі


Зиянды әдеттен ҚАЛАЙ құтылуға болады?