Бұны БҮГІН істе! Неге?

0
2 828

​Әсіресе, әйел үшін бұл үш істі орындау өте маңызды!


Бұны БҮГІН істе! Неге?

Қай ұлттың, қай елдің психологиялық кітаптарын парақтасаңыз да «Ең бірінші өзіңді сүй» деген сөзді жиі кездестіруге болады. Бұл «балаларыңды, жарыңды, бауырларыңды жақсы көрме» деген сөз емес.

Адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Қайғы түскенде, қиындықтың ортасында қалғанда адамға көмек беретін де, демеп орнынан тұрғызатын да – ең алдымен өзіндегі және өзгелердің махаббаты. Әсіресе, жаны нәзік әйелге сүйіспеншіліктен артық күш беретін қуат жоқ. Алайда бұны перзент пен күйеу түсіне бермейді. Сондықтан да әйелдің өзін-өзі сүюі, өзін-өзі бағалауы өте маңызды.

Күш пен сүйіспеншілік неғұрлым көп болса, бақытсыздықты, сәтсіздікті, жан мен тән ауруын жеңу, күресу де жеңілірек болады дейді психологтар. Ал өз бойындағы қуат пен сүйіспеншілік қайткенде артады?


1. КҮТІМ ЖАСАУ

Адам күніне, я болмаса аптасына бір рет тәніне көңіл бөлуі керек. Бұған моншаға, әсемдік салонына бару, маска мен массаж жасау, шаш қидыру немесе бояу, тырнақ сәндеу, спортпен айналысуды жатқызуға болады. Бұл істер адамның өзіне деген сүйіспеншілігін арттырады.



2. СЫЙЛЫҚ ЖАСАУ

Өзгелерден жиі сыйлық алатын жан шығарсыз, бірақ ешкім сізге нақты не керек екенін, ненің ұнайтындығын дөп басып білмейді. Жалақы алғанда аз болса да оның бір бөлігін өзіңізге жұмсап үйреніңіз. Өзіңізге ұнайтын иіссу сатып алыңыз. Сәнді сөмке, әдемі көйлек немесе қолға жағатын крем сатып алудың өзі де ерекше шабыт, қуат береді. Бұл өзіңізге өзіңіздің, өзгелердің де құрметін арттырады.


3. ҚЫДЫРУ, СЕРУЕНДЕУ

Жаныңызға жақын адамдармен немесе жалғыз серуендеу – ең жақсы демалыс. Бір проблеманың шешімін таба алмай ойлана беріп шақшадай басыңыз шарадай болса, жақын маңдағы киім дүкендерін (ешнәрсе сатып алмасаңыз да) аралап шығуды әдетке айналдырыңыз. Мәселенің шешімін іздемей, жай аллеяда немесе саябақта жүріп қайтудың пайдасы зор.

Бұл ойға қуат береді, өмір сүрудің ғажап құндылық екенін ұқтырады. Ал көлге, бассейнге шомылу, жақын құрбыларыңызбен кафеге барып шай ішу жаныңызды қуаттайды. Сондықтан әйел адамға анда-санда болса да үйден шығып сейіліп тұру қажет-ақ.



Бұл үш іс қарапайым әрі оңай болғанымен, әйелдердің көпшілігі орындай бермейді. Сөйтеді де кейін бойындағы, ойындағы қуаты сарқылып мазасы болмай, жүйкесі жұқарып жүреді. Ұрысқақ, ашуланшақ адамға айналады. Ең жаманы бұндай әйелден күйеуі де кетіп қалуы мүмкін...

Осы орайда өмірде болған бір әйелдің оқиғасын назарларыңызға ұсынсақ, неліктен әйелге бұл үш нәрсені жасау маңызды екені түсініктірек болар.


Бір әйелдің оқиғасы: Он жыл отандасқан күйеуім екеуміз сот бөлмесінен шықтық. Алай-дүлей сезімдемін. Күйеуім екеуміздің алғашқы таныстығымыз, үйлену тойымыз бәрі-бәрі көз алдымнан сырғып өтіп жатты. Ойымды күйеуімнің «Неке жүзікті бер» деген сөзі бөліп жіберді.

Аңтарыла қарадым. Ал ол «Бұл жүзікті тойымызда менің әпкем мен жездем сыйлаған» деп қолын созып тұр. Қырсыққанда жүзігім қолымнан шешілмей қойды. «Кешке дайындап қой» деді де жұмысына кетті.

Кешке жұмыстан шыққан соң өз ойыммен өзім алысып, жолай саябаққа кіріп біраз жүрдім. Үйге келсем, қақпа алдында үлкен көлікке күйеуім тоңазытқышты, кіржуғыш машинаны, теледидарды, басқа да тұрмыстық техникалық заттарды тиеп қойыпты.

Енем асүйде қорапқа әдемі ыдыстың бәрін салып жинап жатыр. Ал қайынәпкем гардеробымды ашып, күйеуімнің киімдерін бөліп алды.

Үндемедім. Сонда да енем «Менің ұлымның жалақысы сенікінен көп, сондықтан бұл заттың бәрін алып кетеміз» деді.

Күйеуіме, ата-енеме он жылымды, бүкіл күш-қуатымды арнадым. Ал ол аз болғандай олар менен бәрін алып кетті.

Қаңыраған бөлмеде жалғыз отырмын. Бұрышта тұрған ескі диванға жантая кеттім. Марқұм әке-шешем есіме түсті.

Бұл үй әке-шешемнен маған мұра боп қалған. Күйеуім қаншама рет сатуға үгіттеген болатын. Сатпағаным жақсы болған екен. Бірақ әке-шешем қайтқалы үш бөлмелі бұл времянка жөндеу көрмеген. Тіпті түсқағазын да ауыстырмадық. Өйткені ай сайын жалақымыз қолға тигенде енем келіп, оны жұмсайтын әйтеуір бірдеңе табатын. Ата-енем тұратын шаңырақтың бүкіл жөндеу жұмыстары күйеуім екеуміздің жалақымызға жасалған...

Есігі қисайып тұрған гардеробымды аштым. Босап қалыпты. Күйеуімнің киімдерімен толып тұрған екен ғой. Сонда мен он жылдан бері жаңа киім алып кимегенмін бе?

Бірде тойға барғанбыз. Күйеуім жаңа костюм-шалбар, көйлек, аяқ киім сатып алды. Ал мен бұрынғы бір көйлегімді кие салдым. Тойда әкем күйеуіме бір, маған бір қарап, сосын «Қызым, осы уақытқа дейін неше рет жалақы алдың? Жаңа киім киіп жүрсін деп төрт жыл оқыттым ғой. Тым болмаса жылына бір рет бір айдың жалақысын өзіңе жұмсап, киініп алуыңа болмай ма?» деген еді. Бірақ әкемнің сөзінен қорытынды шығармаппын, мен тұрмысқа шыққалы жарқырап киінбеппін. Әрине ешкім маған киім алма деген жоқ.

Гардеробты жаба бергенімде, оның есігіндегі сынық айнаға еріксіз көзім түсті. Анамның бірде үйге келгенде «Сынық айнаға қарауға болмайды, жаңасын алсаңдаршы. Ердің құны емес шығар?!» дегені есіме түсті. Расында да, үлкен айна қымбат емес, бірақ біз алдымен ата-енеміздің үйіндегі жиһаздардың жаңа болғанын қаладық. Ақшамыз артылса, қайынәпкеме, абысыныма, енеме сыйлық жасап қуантқанды қаладым. Бірақ неге өзіме өзім сыйлық жасамағанмын, білмеймін? Өзіме ешнәрсе сатып алмағаныма таң қалдым.

Көзімнің айналасына әжім түсіпті. Шашыма да ақ түскен бе? Мен кімге айналғанмын? Өзіме қарамақ түгілі, айнадағы көзіме тіке қарап жаныма үңілуге менде уақыт болмағаны ма? Егер шын қаласам, күніне 10-15 минут айнаға қарауға уақыт бөлуіме болар еді ғой. Кінә өзімнен...

Бірінші соларда болсын, алдымен солар қуансын деп жүргенде он жыл уақыт өтіп кетіпті. Ал мені кім қуантуға асықты десеңізші. Бәрінен де емделіп, бала тууды да ойламағаным-ай...

Жаным жалғызсырады. Сырымды, мұңымды біреуге айтқым келді. Кімге? Тұрмысқа шыққалы құрбылармен араласпай қойғанмын. Иә, күйеуім менің құрбыларыммен қыдырғанымды қаламаған. Бірақ ол үзілді-қарсылы болған жоқ. Мен ғой, күйеуімді ренжітіп алмайын деп, ешкіммен араласпай қойған.

Жақын екі құрбым бар еді, сол екеуімен кездескім келді. Гардеробымды ақтардым, киіп баратын тәуір көйлегім де жоқ екен. Олар түрімді, күтім көрмеген шашымды көрсе не дейді?.. Егер олармен жиі кездесіп тұрғанымда, оларға қарап киімімді, шашымды түзер ме едім, кім білсін?!

Шынымды айтсам, дәл қазіргі жағдайда не істеуді де білмеймін. Осындайда өмірлік тәжірибелерімен бөлісетін дос-құрбы керек екен. Не болса құрбыларыммен кездесуім керек деп шештім. Ал ол үшін бірінші шашымды, түрімді, тырнақтарымды жөндеуім керек. Сосын жаңа, әдемі көйлек сатып алуым қажет. Сөмкемде бүгін алған жалақым мұрты бұзылмай тұр.

Алғаш рет жалақымды түгелдей өзіме жұмсадым. Не деген рахат. Бірінші рет жұмысымның барына шүкір еттім.

Жаңа киім алдым. Әсемдік салонынан шыққан соң жол бойы кафе, дүкендердің әйнегінен өзімнің шағылысқан түрімді, көркімді көріп қуандым. Үйге келген соң да айнаға қарай бердім. Мүсінім де, түрім де ешкімнен кем емес екен ғой. Көңіл күйім көтерілді, ойым басқа жаққа бұрылып сәл де болса ажырасу соққысы жеңілдегендей күй кештім.

Құрбыларыммен кездестім. Олар менің өмірді қайтадан нөлден бастауыма, жұмысымды ауыстыруға, көзқарасымды өзгертуге көмектесті. Қазір өзімді, өмірімді өте жақсы көрем...»

Өзін-өзі жақсы көруді тоқтатпаған адамнан бақытты, одан қуатты ешкім болмас. Ол кез келген қиындықты жеңе алады. Сәттілік оған үйір. Сондықтан да не жағдай болса да, бәрі жақсы кезде де өзіңізді сүюді ұмытпаңыз ешқашан.

(Фотолар ашық дереккөздерден алынды)

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


БОЙДАҚТАРҒА АРНАЛҒАН: жыл соңына дейін отбасылы болғың келе ме?

«3 МИНУТ» техникасы күйеумен қарым-қатынасты "ЖЫЛЫТАДЫ"