Қазақы тазылар асылдандыру жүйесіне енгізіледі

0
223

Елімізде ресми есепке алынған төрт мыңнан астам тазы бар.


Қазақы тазылар асылдандыру жүйесіне енгізіледі

© Photo : Пресс-служба акима Астаны

ERNUR.KZ. Астанада Қазақ тазының асыл тұқымды қасиеттерін бағалауға арналған моно тұқымды иттер көрмесі өтті, деп жазады sputnik.kz.

Моно тұқымдық көрме барлық ит тұқымдары қатысатын халықаралық көрме алаңында ұйымдастырылып, қазақы тазыларды шетелдік сарапшыларға, кинологтарға, селекционерлерге таныстыруға мүмкіндік берді.

"Көрме барысында қазақы тазылар арнайы сараптамалық бағалаудан өтіп, олардың тұқымдық ерекшелігі мен белгіленген стандарт талаптарына сәйкестігі қаралды.Көрменің тағы бір бағыты тұқымдық байқау болды. Мұнда иттердің тұқымдық сапалары бағаланып, талаптарға сай келген иттердің иелеріне халықаралық үлгідегі "Иттің шығу тегі туралы" куәлік берілді", - дейді Астана қаласының әкімдігі.
Бұл құжат итті ресми асылдандыру жүйесіне енгізіп, оның шығу тегі туралы нақты мәліметтерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты тек көрмеде үздік иттерді анықтау емес, қазақы тазыларды жүйелі түрде асылдандыру екенін атап өтті.
"Иттерді халықаралық деңгейде мойындату үшін олардың асыл тұқымды болуы маңызды. Сонымен қатар ұрпақтарының ата-тегі, ата-анасы туралы нақты мәліметтерді қалыптастырып, халықаралық кинологиялық федерацияға дәлелдей алу қажет. Бұл ретте ауылдық жерлердегі тазыларды да есепке алу өте маңызды", - дейді Серікқали.
Елімізде ресми есепке алынған төрт мыңнан астам тазы бар. Алайда ауылдық, өңірлік жерлерде есепке алынбаған тазылар да бар. Олардың барлығын тіркеп, есепке алсақ, асыл тұқымды тазылардың саны алты-жеті мыңға жетуі мүмкін.
Іс-шара барысында қазақы тазының тұқымын сақтауға, асылдандыруға, аңшылық бағытында дамытуға және ұлттық ит тұқымын насихаттауға үлес қосып жүрген бірқатар маман мен сала өкілдері марапатталды.
Көрме қорытындысында Қарағандыдан келген қатысушы Рамазан Есейовтің Елес есімді тазысы жеңімпаз атанды. 79 жастағы тазы иесі бұл кәсіппен алты жасынан бері айналысып келе жатқанын айтты.
"Елес есімді тазым бүгін жеңімпаз болды. Босағамыздан тазы арылған емес. Алты жасымнан бастап тазы асырадым. Бүгінде 79 жастамын. Осы уақыт ішінде қолымнан 50-60 тазы өтті. Қазір екі асыл тұқымды тазы ұстаймын", - деді тазы иесі.
Оның айтуынша, шетелдегі тазы көрмелерінде де жүлде алған.