Саяхатқа шығар алдында билет пен қонақүйден бөлек, денсаулық қауіпсіздігін де ойлаған жөн
көрнекілік сурет: ЖИ
Шетелге саяхаттау – жаңа елдерді танып, басқа мәдениетпен жақынырақ танысудың тамаша мүмкіндігі. Алайда сапарға жиналғанда чемодан мен құжаттарды ғана емес, баратын елдегі эпидемиологиялық жағдайды да ескерген жөн. Өйткені кейбір жұқпалы аурулар белгілі бір өңірлерде әлі де таралып, туристер үшін қауіп төндіруі мүмкін.
2026 жылы әлемнің әр түкпірінде түрлі жұқпалы аурулардың ошақтары тіркеліп, халықаралық денсаулық сақтау ұйымдарының назарында тұр. Бұл – саяхаттан бас тарту керек деген сөз емес. Керісінше, баратын елдегі жағдайды алдын ала біліп, қарапайым сақтық шараларын сақтау маңызды. Саяхат алдында туристер нені білуі керек және әлемнің қай аймақтарында қандай жұқпалы аурулар таралған?
Анды хантавирусы – круиздік кемедегі оқиға
2026 жылдың мамыр айында туристік саяхатта жүргендер арасында ерекше вирус түрі анықталды. Оңтүстік Атлантика мұхитында жүзген «M/V Hondius» круиздік кемесінде Анды хантавирусының өршуі тіркелді.
Хантавирустар әдетте кеміргіштерден жұғады, алайда Анды штамы — адамнан адамға жұғатын әлемдегі жалғыз хантавирус түрі болып табылады. Ол өкпені зақымдап, ауыр респираторлық синдром тудырады.
Халықаралық үйлесімді жұмыстың, байланыста болғандарды оқшаулаудың және 42 күндік карантиннің арқасында бұл індет толық бақылауға алынды. 2026 жылдың 2 шілдесінде ДДСҰ бұл оқиғаның толық аяқталғанын және жаһандық қауіп сейілгенін мәлімдеді.
Нипах вирусы (Бангладештегі қауіпті маусым)
Оңтүстік Азиядағы Бангладеш елінде жыл сайын дерлік қайталанатын қауіпті Нипах вирусы биыл да мазалады. Ауру негізінен жабайы жеміс жарқанаттары арқылы тарайды. Жергілікті тұрғындар жарқанаттардың сілекейі немесе зәрі тиген шикі құрма шырынын ішкен кезде вирус жұқтырады.
Нипах – өте қауіпті вирус. Оны жұқтырғандардың шамамен 71.7%-ы көз жұмады. Ол адам миының қабынуын (энцефалит) және ауыр тыныс алу жолдарының зақымдануын тудырады.
2026 жылы Бангладештің бірнеше провинциясында өліммен аяқталған жағдайлар тіркелді. ДДСҰ бұл вирустың халықаралық деңгейде кеңінен таралу қаупін төмен деп бағалағанымен, аймақтық деңгейде сақтық шараларын күшейтуді талап етуде.
Mpox немесе Маймыл шешегі
2026 жылы Mpox вирусы да жаһандық қауіп ретінде қалып отыр. Бір ғана маусым айының өзінде әлемнің 33 елінде 1 128 жағдай тіркеліп, 9 адам қайтыс болған. Ауру негізінен жақын физикалық және жыныстық байланыстар арқылы тарайды.
Қазіргі уақытта Африка аймағы ең көп зардап шегуде. Әсіресе Мадагаскар аралында өте белсенді таралу байқалды. Сондай-ақ Пәкістанның Синд провинциясында жаңа туған нәрестелер арасында да бұл аурудың өршуі байқалған.
Денге безгегі – Американың басты проблемасы
Масалар арқылы жұғатын Денге безгегі 2026 жылы Америка құрлығында бұрын-соңды болмаған деңгейде өршіп тұр. Оңтүстік және Орталық Америка елдерінде бастапқы алты айда 1.4 миллионнан астам күдікті жағдай тіркелді. Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымы (PAHO) бұл жағдайға байланысты ең жоғары төтенше деңгей жариялады.
Бұл індеттен ең қатты зардап шегіп отырған – Бразилия. Онда Денге вирусын жұқтырудың 1 миллионнан астам жағдайы тіркелген. Ауру дененің қатты ауырсынуын, жоғары қызуды тудырады және уақтылы емделмесе, өлімге әкелуі мүмкін.
Африкадағы ауыр сынақ – Эбола безгегі
Конго Демократиялық Республикасында (КДР) 2026 жылдың мамыр айында н Эбола індеті басталған. Бұл жолы індет КДР тарихындағы ең ірі және әлем бойынша екінші ең үлкен Эбола эпидемиясы ретінде тіркелді.
Эпидемияны тудырып отырған Эбола вирусының Бундибугио (Bundibugyo) штамына қарсы қазіргі уақытта арнайы лицензияланған вакцина немесе тиімді емдеу әдісі жоқ.
Саяхатқа шығар алдында билет пен қонақүйді ғана емес, денсаулық қауіпсіздігін де алдын ала ойлаған жөн. Баратын елдегі эпидемиологиялық жағдайды тексеріп, қарапайым гигиена ережелерін сақтау әр адамның денсаулығын сақтаудың басты кепілі.
Саяхатшыға арналған жаднама жұқпалы аурудан сақтану жолдарын көрсетеді.
- Елдегі жағдайды алдын ала біліңіз. Баратын өңірде қандай жұқпалы аурулар таралып жатқанын және қандай сақтық шаралары ұсынылатынын тексеріңіз.
- Вакцинацияны назардан тыс қалдырмаңыз. Кейбір елдерге бармас бұрын белгілі бір екпелер қажет болуы мүмкін. Сапарға дейін дәрігерден кеңес алыңыз.
- Қолды жиі жуыңыз. Тамақ ішер алдында, дәретханадан кейін және қоғамдық орындардан соң қолды сабынмен мұқият жуған дұрыс. Су мен сабын болмаған жағдайда антисептик қолдануға болады.
- Тек қауіпсіз суды ішіңіз. Бөтелкедегі немесе қауіпсіздігіне күмән жоқ суды таңдаңыз. Белгісіз жердегі мұзды сусындарға да абай болған жөн.
- Тамаққа мұқият болыңыз. Жақсы термиялық өңделген тағамды таңдаңыз. Шала піскен ет, балық, теңіз өнімдері мен жуылмаған жеміс-көкөністен сақ болған дұрыс.
- Жәндіктерден қорғаныңыз. Масалар мен басқа да жәндіктер кейбір инфекцияларды таратуы мүмкін. Жабық киім киіп, қажет болса жәндікке қарсы репеллент қолданыңыз.
- Жануарларға жақындамаңыз. Бейтаныс үй немесе жабайы жануарларды сипауға, тамақтандыруға болмайды. Тістеп немесе тырнап алса, медициналық көмекке жедел жүгіну қажет.
- Кеміргіштердің ластауынан сақтаныңыз. Жабайы кеміргіштердің (тышқандар, егеуқұйрықтар) зәрімен, нәжісімен немесе сілекейімен ластанған беттерді ұстаудан аулақ болыңыз.
- Адам көп жиналатын жерде сақтық сақтаңыз. Ауа айналымы нашар жабық орындарда инфекция жұқтыру қаупі жоғары болуы мүмкін. Қажет жағдайда маска тағу және арақашықтық сақтау көмектеседі.
- Жеке заттарды ортақ пайдаланбаңыз. Сүлгі, ұстара, тіс щеткасы және басқа жеке гигиена құралдарын бөтен адаммен бөліспеңіз.
- Ауру белгілерін елеусіз қалдырмаңыз. Қызу көтерілуі, қатты әлсіздік, ұзаққа созылған іш өту, құсу, бөртпе немесе басқа ерекше белгілер байқалса, әсіресе сапардан кейін, дәрігерге қаралған дұрыс.
- Сапарға шағын медициналық қобдиша алыңыз. Қажетті жеке дәрілеріңізді, антисептик, термометр және басқа қажетті заттарды алдын ала дайындап қойыңыз.
- Сапардан кейін де денсаулығыңызды бақылаңыз. Кейбір инфекциялардың белгілері елге оралғаннан кейін бірнеше күн немесе аптадан соң пайда болуы мүмкін. Дәрігерге барған кезде қай елде болғаныңызды міндетті түрде айтыңыз.
Есте сақтаңыз! Саяхат кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау тек өз денсаулығыңызды қорғап қана қоймай, инфекцияның отбасыңызға және айналаңыздағы адамдарға таралу қаупін де азайтады.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


