Қарыздан құтылғыңыз келсе, ЕКІ қарым-қатынасты реттеңіз!

1
11 329

Қарыз ақшаның көбеюі, отбасыңыздың кірісінен шығысының арту себебі де осында жатыр.


Қарыздан құтылғыңыз келсе, ЕКІ қарым-қатынасты реттеңіз!

фото: corecogroup.co.uk

Бұрындары қарыз деген сөзді – ата-ана алдындағы перзенттік қарыз, Аллаһ алдындағы ғибадат қарыздарымыз деп қана түсінетінбіз. Ал, қазір ше? Бұл сөзді тек ақшамен байланыстырамыз. Қарыз ақшаның көбеюі, отбасыңыздың кірісінен шығысының арту себебі де осында жатыр.

Басыңыздағы таршылықтан, жетіспеушіліктен құтылу үшін том-том кітап оқып, бұл тығырықтан шығар жолды күні-түні іздеп әуре болмай-ақ қойыңыз. Әрине, жеке бизнесіңізді ашу үшін оқып ізденерсіз, ал қарыздан құтылу үшін ең бірінші ата-анаңызбен және Жаратушымен қарым-қатынасыңызды реттеуіңіз керек.

1. Жаратушымен қарым-қатынас

Алла Тағала Құрандағы 2-сүре – «Бақара» сүресінің 186-аятында: «Егер де сенен (Мұхаммед) құлдарым Мен туралы сұраса, Мен оларға жақынмын. Менен сұраушының сұрағанын беремін. Менің әмірімді орындасын және Маған сенсін. Мүмкін олар дұрыс жолға түсер» деген.

Жақын адамдарыңыздың бәрі сіздің есіміңізді біледі, сізді таниды. Ендеше, Жаратушыға жақын болу үшін ең алдымен Оны тану керек, есімдерін білу қажет.

Аллаһ тағаланың 99 есімі бар. Жатқа білесіз бе?

Мен қазір сізден қандай жұлдыздарды білесіз деп сұрасам, тек еліміздің ғана емес, голивуд әнші-актерлерінің, әлем футболшыларының есіміне дейін түгел атап берер едіңіз ия?! Ал, Әлемнің Раббысы, Көк пен Жердің, бүкіл адамзаттың Жаратушысының есімдерін жатқа айта алмайсыз. Әйтсе де, «Жақсылықтың ерте, кеші жоқ», бірге жаттайық.

«1. Алла, 2. Ар-Рахман, 3. Ар-Рахим, 4. Әл-Мәлик, 5. Әл-Қуддуус, 6. Әс-Сәләәм, 7. Әл-Мумин, 8. Әл-Муһәймин, 9. Әл-Азииз, 10. Әл-Жаббар, 11. Әл-Мутәкәббир, 12. Әл-Хаалиқ, 13. Әл-Баари, 14. Әл-Мусаууир, 15. Әл-Ғаффар, 16. Әл-Қаһһар, 17. Әл-Уаһһаб, 18. Ар-Раззақ, 19. Әл-Фаттах, 20 .Әл-Алиим, 21. Әл-Қаабид, 22. Әл-Баасит, 23. Әл-Хафид, 24. Ар-Раафиъ, 25. Әл-Муъиззу, 26. Әл-Музиллу, 27. Әс-Сәмииъу, 28. Әл-Басиир, 29. Әл-Хакам, 30. Әл-Адл, 31. Әл-Латииф, 32. Әл-Хабиир, 33. Әл-Халиим, 34. Әл-Азиим, 35. Әл-Ғафуур, 36. Әш-Шәкуур, 37. Әл-Алий, 38. Әл-Кәбиир, 39. Әл-Хафииз, 40. Әл-Муқиит, 41. Әл-Хасииб, 42. Әл-Жәлиил, 43. Әл-Кәриим, 44. Ар-Рақииб, 45. Әл-Мужииб, 46. Әл-Уаасиғ, 47. Әл-Хакиим, 48. Әл-Уадууд, 49. Әл-Мәжиид, 50. Әл-Баағис, 51. Әш-Шәһиид, 52. Әл-Хаққ, 53. Әл-Уакиил, 54. Әл-Қауий, 55. Әл-Мәтиин, 56. Әл-Уалий, 57. Әл-Хамиид, 58. Әл-Мухсии, 59. Әл-Мубди, 60. Әл-Муғид, 61. Әл-Мухии, 62. Әл-Мумит, 63. Әл-Хайй, 64. Әл-Қаййум, 65. Әл-Уажид, 66. Әл-Мәжид, 67. Әл-Уахид, 68. Ас-Самад, 69. Әл-Қадир, 70. Әл-Муқтадир, 71. Әл-Муқаддим, 72. Әл-Муаххир, 73. Әл-Әууәл, 74. Әл-Аахир, 75. Аз-Зааһир, 76. Әл-Батин, 77. Әл-Уали, 78. Әл-Мутәәли, 79. Әл-Барр, 80. Әт-Тәууәәб, 81. Әл-Мунтәқим, 82. Әл-Афуу, 83. Ар-Раууф, 84. Мәәликул-мулк, 85. Зул-жәләли уал-икрам, 86. Әл-Муқсит, 87. Әл-Жаамиғ, 88. Әл-Ғаний, 89. Әл-Муғний, 90. Әл-Мааниғ, 91. Ад-Даарр, 92. Ән-Наафиғ, 93. Ән-Нуур, 94. Әл-Һәәди, 95. Әл-Бәдииғ, 96. Әл-Баақи, 97. Әл-Уаарис, 98. Ар-Рашиид, 99. Ас-Сабуур».

Айналаңызда адам көп. Есіміңізді атағанға ғана бұрылып қарайсыз. Солай ғой. Атыңызды айтып өтініш жасағанды ғана тыңдайсыз. Сол сияқты, Аллаһтың 99 көркем есімін айтып, содан соң ғана қарыздан құтылу жолында күш-қуат пен мықты денсаулық және шатастырмайтын жолды нұсқауын тілеу керек.

Алайда, Аллаһтың 99 есімін күнде қайталап тілегімді айтсам, Жаратушы қабыл ала салады деп келте ойламаңыз. «Ораза ұстадым, намаз оқып жүрмін. Тәңірі сұрағанымды береді» деп те қателеспеңіз. Сіз енді әке-шешеңізбен қарым-қатынасыңызды реттеуіңіз керек.

Бұл сөзіме Ибн Әбу Асимның мынау риуаяты дәлел бола алады: «Қиямет күні Алла тағала үш адамның парызын да, нәпілін де қабыл алмайды. Олар: ата-анасына құрметсіздік танытқан адам, істеген ізгі амалын үздіксіз еске алушы адам, қиямет күнін жоққа шығарған адам».

2. Ата-анамен қарым-қатынас

Құранның 17-сүресі – Исра сүресінің 23-аятында: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле» делінген.

Ал, 46-сүре – Ахқаф сүресінің 15-аяты былай дейді: «Адам баласына, әке-шешесіне жақсылық істеуді нұсқадық. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай. Ақыр ол, ержетіп, қырық жасқа ұласқан кезде: «Раббым! Өзіме әке-шешеме берген нығметтеріңе шүкірлік етуімді, өзің разы болатын түзу амал істеуімді маған нәсіп ете көр! Менің ұрпақтарымды да түзелт. Шын мәнінде, мен тәубе қылдым. Әрине мен бой ұсынушыларданмын де».

Сіз халық қамын ойлаған депутат шығарсыз немесе көпке көмегі тиіп, ауыз су мәселесін шешіп берген әкім боларсыз. Бәлкім, мыңдаған адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкерсіз. Әйтсе де, ата-анаңыздың перзенті екеніңізді ұмытпағаныңыз абзал. Ең бірінші әке-шешеңіздің жағдайын жасаңыз, жақсылықты да ең алдымен соларға жасаңыз. Жұрт емес, бірінші ата-анаңыз сізді мақтасын. Халықтың емес, ең алдымен әке-шешеңіздің алғысын алыңыз. «Ата-ананың разылығы – Аллаһтың разылығы».

Перзенттік парызыңыз – ата-ана алдындағы қарызыңыз. Мұсылманның бес парызы – Аллаһ алдындағы қарызыңыз. Осы қарыздарды өтемейінше, банктегі, туған-таныстағы, басқа да толып жатқан қарыздарымнан оп-оңай құтыла қалам деу – бос әурешілік. Ал, Жаратушымен және ата-анамен қарым-қатынасын реттеген адамның өмірі де реттелетіні анық.

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ