НЕГЕ кейбір ЕРКЕКТЕР 40 жастан асса да ҮЙЛЕНБЕЙ ЖҮР?

0
3 269

40-тан асқан Бақытжанға «Сені «Қалаулым» бағдарламасына жіберу керек қой. Ондағы қайсы қыз ұнайды?» деп қалжыңдаймыз. Бірақ, ол ҚЫЗҒА ҚЫЗЫҚПАЙДЫ...


НЕГЕ кейбір ЕРКЕКТЕР 40 жастан асса да ҮЙЛЕНБЕЙ ЖҮР?

Бүгінде оң жақта отырып қалған «кәрі қыз» ғана емес, жасы 40-тан асса да жалғыз басы состиып жүрген сүйрбойдақ жігіт те көп. Бұның себебі не?


Бір себебі – ата-анада жатыр деп ойлаймын. Мен бұл сөзіме өзімнің туған әпкем мен оның ұлын мысалға келтіре аламын:

Біз үйде жеті қызбыз. Ауылды жерде өстік. Әке-шешеміз жоғары білімі жоқ қарапайым адамдар еді. Біз таршылықпен, жетіспеушілікпен күн кештік. Мектептегі ең нашар киінетіні де біздің үйдің қыздары еді.

Бізді әрең асырап отырса да әкем «Маған ұл туып беруің керек» деген сыңайлы сөздерімен анамның жүйкесін тоздыратын. Әкемнің осы бір сөздері әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұрады.

Анам әкемнің арманын орындаймын деп, сегізіншісін босану үстінде қайтыс болды. Кейін анамның абысындарынан дәрігердің анама жетіншісінен кейін бала тууға болмайтынын айтқанын естідім. Дәрігер әкеммен де сөйлесіп, келесі жүктілік анамның денсаулығына да, өміріне де қауіпті екенін ескерткен екен.

Бірақ, әкем дәрігер сөзіне немқұрайлы қарады ма, әлде анамның өмірінен ұл перзент артық болды ма екен, кешкі ас үстінде бұрынғы жырын айта беретін. Сол уақыттағы әйелдердің көнбістігі шығар, күйеуінің қалауын орындау үшін өз жанын құрбан ету. Ал, қазір ешқандай әйел ондай құрбандыққа бара қоймас деп ойлаймын.

Жеті қыз анадан ерте айырылған соң, отбасының ауырлығы үлкен әпкемізге түсті. Ол алты сіңлісі тұрмысқа шыққаннан соң ғана өзі туралы ойлана бастады. Жасы 38-ге келгенде ағайын-туыс өздері күйеу тауып, әпкемді тұрмысқа берді.

Жездеміз ажырасқан, өзіміздің ауылда тұратын еді. Ол Камаз көлігін айдайтын. Тапсырыспен көрші ауыл адамдарының картоп, пияз, қауын-қарбыздарын басқа қалаға апарып сататын. Қалаға барып жүріп бір келіншекпен байланысыпты, оны білген әпкем ажырасып кетті.

Бұл кезде әкеміз екінші рет үйленген болатын. Екіқабат әпкем өгей анамызбен бір шаңырақ астына сыймады. Мен аудан орталығында ата-енеден бөлек тұратынмын. Әпкемді бізбен бірге тұруға көндірдім. Күйеуім түсінігі мол, момын жан. Ол түсіністікпен қарады.

Әпкем ұл босанды, есімін Бақытжан деп қойды. Баласы бір жасқа толған соң, бізге салмақ салмайын деді ме, ұлын маған тастап, үйге жақын жердегі базарға сауда жасауға шықты. Көкөніс сатумен айналысты. Сауда жасап жүріп, өзінен 20 жас үлкен кісімен танысып, оған тұрмысқа шықты. Ол кісінің әйелі қайтыс болған, ұл-қыздары үйлі-жайлы боп бөлек кеткен. Жалғыз өзі тұрады екен.

Әпкем екеуі 15 жылдай бірге тату тұрды. Жездеміз 70 жасында қант диабетінен қайтыс болды. Бұл уақытта әпкемнің ұлы мектеп бітіріп, студент атанған еді. Мектепте үздік оқыған ұлы Шымкенттегі жоғары оқу орнына өз білімінің күшімен оқуға түсті. Институтты да қызыл дипломға бітірді. Өте тәртіпті, білімді, бірақ, ол әлі бойдақ.

Қазір әпкем қартайған. Бәріміз де қартайдық қой, бірақ біз немере сүйіп әже атанып отырған кезде әпкемнің бұл бақыттан құр қалып отырғаны ойландырады. Бұған әпкемнің өзі кінәлі, бірақ оған қателігін айту мүмкін емес. Сондықтан да басқа аналарға сабақ болсын деп жазып отырмын.

Бақытжан бірінші курста оқып жүргенде-ақ үйленбек болып еді. Достарымен бір қызды алып қашып та келген болатын. Бірақ әпкем ұлын достарының көзінше әбден сөзбен таяқтап, қызды кері қайтарды. «Сен қазір тек оқуды ойлауың керек. Әкеңді де жолдан тайдырған әйелдер еді, сені де мақсатыңнан қыздар адастырайын деген бе? Осы жерің әкеңе ұқсамаса болмас па еді...» деп баласына таяқ ала жүгіргенде әпкемді әрең тоқтатқанбыз.

Бақытжан содан кейін оқуын сырттай бөлімге ауыстырды да анасының қасында болды. Содан бері Бақытжан көз алдымызда ғой, оның қызбен жүргенін, қызға сөз айтқанын көрмедік те, естімедік те. Бұл олқылыққа қарап отыра алмай, біз Бақытжанға қыз іздестіріп, талай рет таныстырмақ болғанбыз. Бірақ та, әпкеміз қыздарды ұлына жолатқысы келмеді. Бірінші күйеуін басқа келіншекпен «ұстап алғаны» жанына терең жара салған болар, сондықтан да барлық қызды жек көретін сияқты.

Бақытжан қазір мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Үй мен мектептен басқа ешқайда шықпайды. Қызға қызықпайды. Жаным ашиды, бірақ қолымнан келер дәнеңе жоқ.

Күйеуім үйге келген Бақытжанға «Сені «Қалаулым» бағдарламасына жіберу керек қой. Ондағы қайсы қыз ұнайды» деп қалжыңдайды. Бақытжан жай ғана езу тартады да қояды.

Бір ғана менің жиенім емес, қамал бұзатын жасқа жетсе де әлі жалғыздықтың қамалын бұза алмай жүрген сүрбойдақтың көп екенін естігенде таң қаламын. Ұлдың бұлай өмір бойы үйленбей өткенінен оның екі-үш рет үйленіп ажырасқаны жақсы сияқты ғой.

Тепсе темір үзетін, білімді, сауатты, ақыл есі сау небір қазақ жігіттерінің отбасы құрмай жүргенін естіп, көріп күйінгеннен осылай деймін. Олардың осы күнге дейін жалғыз боп жүргеніне не себеп екенін білгім келеді. Ал, Бақытжанның жалғыздығына әпкемді кінәлаймын.

Әрине, әпкем сол кезде ұлының келешегіне алаңдады, бірақ есігінің алдына келіп тұрған қызды қайтармауы керек еді. Жалпы, мен танитын бүгінде жасы 50-ге жақындаса да не отбасы, не баласы жоқ ер-азаматтардың бәрі де әу баста «үйленем» дегенде ата-анасы қарсы болған жігіттер шығар?! Соның бірі – менің жиенім. Әпкемнің осы бір қателігі ата-аналарға сабақ болса екен.

(суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Табиғат ҚАЛЫБЕК,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Осы ЕКІ НӘРСЕ сізді МАҚСАТЫҢЫЗҒА анық ЖЕТКІЗЕДІ

Біз НЕГЕ қымбат затты, жақын жанды ЖОҒАЛТАМЫЗ?

Неге АҚКӨҢІЛ адамдардың өмірі ҚИЫН? Екі ЕРЕЖЕНІ сақтаңыз!