Референдум – биліктің халықпен санасуы

0
526

Бұл реформа Конституцияға енгізілетін өзгерістерде қарастырылған.


Референдум – биліктің халықпен санасуы

Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтетін күн жақын қалғаны белгілі. Бұл орайда, халық арасында кейбір мәселелер бойынша «толықтыру керек еді, мынадай мынадай өзгерістер енгізу керек еді» деген алаңдаушылықтың бар екені де жасырын емес.


Қазір халықаралық геосаяси жағдай өте күрделі, Қазақстан өзінің географиялық орналасуы жағынан да олардың ықпалынан тысқары қала алмақ емес. Иә, елімізді өркендететін әлі де өзгерістерге қажеттілік бар болар, тек оларды әлемде бейбіт жағдай орнап, жайлылық салтанат құрған кезде жүзеге асыруға мүмкіндік туатыны сөзсіз. Бұл – жақын болашақтың еншісіндегі мәселе. Қазіргі таңда Президентіміз ұсынған осы реформалар алдағы талай жаңғыртулардың тек бастамасы. Президенттің саяси партияларға мүше болмауын халықтың көпшілігі қолдайтынын білдіруде. Бұл реформа Конституцияға енгізілетін өзгерістерде қарастырылған.


Президенттің саяси партияларға мүше болуына тыйым салу елімізде саяси монополияның үстемдік құруына жол бермейді. Саяси монополия болмаған жерде көппартиялы жүйе пайда болады, яғни партиялар көптеп құрылады. Ал бұл бәсекелестіктің артуына мүмкіндік береді. Бәсекелестік бар жерде халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқаты артатыны күмәнсіз, себебі өзара бәсекелестік халықтың жағдайын жақсартатын түрлі жобалар мен бағдарламалардың жасалып, ұсынылуына түрткі болады. Қазірдің өзінде Конституцияға түзетулердің тезірек қабылдануына құлшынып, өз партиясын құруға белсеніп жүрген азаматтар баршылық.


5 маусым күнгі референдумда халықтың дауыс беруіне ұсынылатын конституциялық өзгерістер бойынша Президенттің аудан және ауыл әкімдерін қызметінен босату құқығы жойылады.


Елімізде былтырдан бері ауыл әкімдерінің сайлауы өткізілуде. Осыдан кейін аудан әкімдерінің сайлануы енгізіледі. Бұл ел азаматтарына тұңғыш рет жергілікті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігін ұсынады.


Мемлекет басшысы бір жыл бұрын сайлау заңнамасына енгізілген түзетулерге қол қойды. Оған сәйкес, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлау арқылы сайлана бастады.


Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынын, бұл саяси шара, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын айтқан болатын Президент. Мұндай сайлау жүйесі ең алдымен ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді.


Қазақстанды жаңғыртуға бағытталған саяси реформаларға сәйкес, Сенат депутаттарына қатысты Президент квотасы қысқарады: 5 депутатты ғана Президент тікелей тағайындайды, 5 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан ұсынылады.


Қолданыстағы Конституция бойынша Парламент Сенатындағы президенттік квота 15 депутатты құрайды, олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.


Конституциялық өзгерістер бойынша Мәжіліс толығымен партиялық тізімдер негізінде аралас сайлау жүйесі бойынша және бір мандатты аумақтық округтер бойынша жасақталатын болғандықтан,Мәжілістегі ҚХА квотасы біржола жойылады.Бұл ретте мажоритарлық жүйе бойынша сайланған депутаттарды кері қайтару тетігінің енгізілуі сайлаушыларды өз сенімін ақтамаған депутаттарды кері қайтарып алуына мүмкіндік береді. Бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты конституциялық заңда айқындалған тәртіппен сайлаушылар кері қайтарған кезде өз мандатынан айырылады.


Халық қалауларын шынымен халықтың өзі сайлап, олардың халық үшін жұмыс істеуін бақылау мүмкіндігі туындайды. Билік тармақтарының жұмысының жаңғыруын қолдайық, референдумға бәріміз бірге барайық. Президенттің ұсыныстарына қолдау көрсетейік – еліміздің жаңарып, қайта түлеуді бастауға әзір екенін білдірейік.


Жақашев Қанат Үсенұлы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.