​«Шатырдағы екеу» - Ресейде жоғары марапатқа ие болды

0
34

«Шатырдағы екеу» — бұл ерекше балалардың ішкі жан-дүниесін түсінуге шақырған үн, әрі сол үнді тыңдай алған жүректерге арналған шығарма.


​«Шатырдағы екеу» - Ресейде жоғары марапатқа ие болды

Қазақ киносы тағы бір мәрте халықаралық деңгейде мойындалды. Жас режиссер Гүлшат Смағұлованың алғашқы туындысы – «Шатырдағы екеу» көркем фильмі Ресейдің Ярославль қаласында өткен «В кругу семьи» халықаралық кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.

Бұл – тек шығармашылық жеңіс қана емес, қазіргі қоғамда аса өзекті мәселелердің бірі – инклюзия жайлы ой тастаған, мағынасы терең, жанды толқытатын туындының лайықты бағалануы.

Фильмнің басты кейіпкерлері – тағдыры ауыр жас жігіт Дамир мен аутизмге шалдыққан жасөспірім Костя. Екі түрлі әлем, екі бөлек болмыс. Алайда оларды ортақтастыратын – жүрек жылуы мен мейірімге, түсіністікке деген зәрулік. Картина көрерменге ерекше балаларды қоғамнан бөле-жармай қабылдаудың маңызын, олармен араласудың адам жанын байытатынын көрсетеді.
Туындыны фестиваль аясында оның түпнұсқа музыкасын жазған композитор Виктор Сологуб таныстырып, марапатты бүкіл шығармашылық топтың атынан қабылдады. Ол өз сөзінде фильмнің көркемдігімен қатар, әлеуметтік жауапкершілігі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Шатырдағы екеу» — бұл ерекше балалардың ішкі жан-дүниесін түсінуге шақырған үн, әрі сол үнді тыңдай алған жүректерге арналған шығарма.
Айта кетерлігі, биылғы фестиваль бұрын-соңды болмаған деңгейде өтті: 121 елден 2500-ден астам фильм ұсынылған. Байқау бағдарламасына Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея, Италия, Иран, Мексика, Үндістан және Африка құрлығынан алғаш рет қатысқан Эфиопия мен Сенегал елдерінің де туындылары енген. Жоғары бәсекелестік жағдайында қазақ фильмінің озып шығуы – үлкен жетістік.
«Шатырдағы екеу» – режиссер Гүлшат Смағұлова үшін шығармашылық жолдағы алғашқы қадамы. Бірақ бұл қадам өте нық әрі сенімді шықты. Фильм 2025 жылдың көктемінде Алматы мен Талғар ауданында түсірілген. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген картина 2024 жылы прокатқа шыққан болатын.
Айта кету керек, бұл туынды бұған дейін де бірнеше мәрте халықаралық деңгейде лайықты марапаттарға ие болған. Солардың қатарында Ханты-Мансийсктегі XXIII халықаралық кино-дебюттар фестиваліндегі «Душа России. Мировое кино» жүлдесі, Үндістанда өткен «Золотой лев» кинофестиваліндегі «Үздік халықаралық толықметражды фильм» және «Үздік режиссерлік дебют» аталымдары, Мәскеуде өткен Fashion Film Festival байқауындағы тоғыз бірдей жүлде бар.
Бөлісу