Т​алдықорған төрінде тарих жазылды: 5000 домбырашы «Балбырауын» күйін бір мезетте орындады

0
40

Бұл оқиға тек бір күндік шара емес, ол — ұлттық өнердің өміршеңдігін, халықтың бірлігін, жастардың дәстүрге деген ықыласын паш еткен тарихи белес.


Т​алдықорған төрінде тарих жазылды: 5000 домбырашы «Балбырауын» күйін бір мезетте орындады

2025 жылдың шілде айы қазақ өнерінің шежіресіне алтын әріптермен жазылды. Талдықорған қаласында бес мыңнан астам домбырашы бір сәтте «Балбырауын» күйін орындап, Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Бұл – жай ғана музыкалық флешмоб емес, бұл – ұлт рухының жаңғыруы мен өнердің жеңісі , елдің өнерге деген махаббатының жарқын көрінісі.

Ұлы бастаманы қолдауға еліміздің түкпір-түкпірінен домбыра сүйер қауым жиналды. Мектеп оқушысынан бастап кәсіби орындаушылар мен ардагер өнерпаздарға дейін — әркім өз шеберлігін, өнерге деген сүйіспеншілігін ортақ іске арнады. Жасына да, кәсібіне де қарамай, ел мен елді жалғаған күй бір алаңда үндесті.
Ұйымдастырушылар алдын ала онлайн және офлайн жаттығулар ұйымдастырып , әрбір қатысушының «Балбырауын» күйін жетік меңгеруіне мүмкіндік жасады. Жетекші дирижёрдің басқаруымен 5 мыңнан астам домбырашы күйді бір ырғақпен, бір тыныспен орындап шықты.
Бұл сәтті Гиннестің рекордтар кітабының ресми өкілдері тіркеп, оны «әлемдегі ең ауқымды домбырамен күй орындау» ретінде мойындады.
Бұл оқиға тек бір күндік шара емес, ол — ұлттық өнердің өміршеңдігін, халықтың бірлігін, жастардың дәстүрге деген ықыласын паш еткен тарихи белес. Флешмобтан кейін елде домбыра үйренуге қызығушылық күрт артып, әлеуметтік желілерде бейнежазбалар кең тарап, домбыра тақырыбы әлем жұртшылығының назарын өзіне аударды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімұндай бастамаларды жүйелі түрде жалғастыруды жоспарлап отыр. Жыл сайын Домбыра күніне орай бұқаралық шаралар, фестивальдер, күй сабақтары, білім беру жобалары өткізу көзделуде. Сонымен қатар, жалпы білім беретін мектептерде домбыра пәнін енгізу мәселесі де күн тәртібінде.
Домбыра күнінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманың рухани маңызын ерекше атап өтті: «Өнер – ұлт келбеті. Баршамызға ортақ құндылық – домбыраны жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды. Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйретуді енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Бүгінгі жаһандану дәуірінде халқымызға тән бірегей рухани құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет», – деді Президент.
Домбыра – қазақтың жан дүниесін жеткізген киелі аспап. Оның қос ішегінен төгілген күй – халықтың жүрек соғысы, ел жадындағы шежіре . Тарихи рекорд – ұлттың өнерге, өткенге, мәдени мұрасына деген шексіз құрметінің белгісі десек артық болмас.