Сурет: worldinform.ru
Рейстің тоқтатылуы демалыс, іскерлік сапар, бизнес-кездесу немесе қосалқы рейске жоспарларды бұзуы мүмкін. Мұндай жағымсыз жағдай жиі орын алып тұрады.
Рейстің тоқтатылғанын, кейінге қалдырылғанын немесе балама рейспен ауыстырылғанын қалай білуге болатынын және уақыт пен қаржылық шығынды азайту үшін не істеу қажет екенін төменнен біліңіз.
Рейстің тоқтатылу себептері
Рейстің тоқтатылуына ең жиі кездесетін себептер:
- табиғи апаттар — су тасқыны, қарлы боран, өрт және т.б.;
- ұшуға қолайсыз ауа райы — көктайғақ, қою тұман, ұшу алаңының мұздануы, құмды дауыл, найзағай;
- әскери жағдайдың енгізілуі;
- ұшақтың ұшу немесе жолаушылардың қауіпсіздігіне әсер ететін ақауы болуы;
- экипаждың толық құрамда болмауы;
- кейбір бағыттар бойынша әуе қатынасына шектеулер енгізілуі.
Рейс тоқтатылғанда немесе кейінге шегерілгенде, авиакомпания өкілдері жолаушыларға бұл туралы электрондық пошта арқылы хабарлайды. Кейде SMS-хабарлама да жіберіледі.
Ұшақтың жоспарланған уақытта нақты ұшатынына көз жеткізу үшін арнайы сайттарға кіріп немесе авиакомпанияның клиенттерге қызмет көрсету орталығына (call-орталық) хабарласуға болады. Аэропорттағы ақпараттық таблоларда да рейстер туралы мәлімет көрсетіледі.
Авиакомпаниялар жолаушыларды рейстің тоқтатылғаны жөнінде кемінде 10 күн бұрын хабардар етуі тиіс. Дегенмен, күтпеген төтенше жағдайлар орын алса, тоқтатылғаны не кешігетіні туралы хабарлама ұшуға бірнеше сағат қалғанда да келуі мүмкін.
Не істеу керек?
Егер авиакомпания жолаушыны рейстің тоқтатылғаны жайлы ұшуға 24 сағаттан артық уақыт қалғанда хабардар етсе, жүйе автоматты түрде билетті балама рейске қайта рәсімдейді. Егер жолаушыны бұл нұсқа қанағаттандырмаса немесе ол аталған рейспен ұшқысы келмесе, мәжбүрлі түрде билет қайтару рәсімделеді.
Авиакомпания билет қайтарудың заңдылығын растаса, жолаушыға айыппұлсыз ақша толық қайтарылады.
Кейде жолаушылар рейстің кешіккенін немесе тоқтатылғанын тек әуежайда ғана біледі. Мұндай жағдайда шұғыл әрекет ету қажет:
- Билетті сатып алған әуе тасымалдаушы компания өкіліне жүгініңіз. Бұл үшін әуежай қызметкерлеріне немесе анықтама қызметіне хабарласыңыз.
- Авиакомпаниядан рейстің неге тоқтатылғанын немесе кешіккенін сұраңыз. Мұндай жағдайлар үшін әрбір компанияда арнайы іс-қимыл жоспары болады.
- Маршруттық түбіртекке немесе отырғызу талонына рейстің кешігуі немесе тоқтатылуы туралы мөр басқызу қажет. Егер болашақта өтемақы алғыңыз келсе, бұл мөр міндетті түрде қажет болады.
- Егер сіз бұл кезде өз еліңізден тыс жерде болсаңыз, міндетті түрде рейсті тоқтатқан немесе кейінге қалдырған елдің және авиакомпанияның ережелерімен танысыңыз.
- Барлық шығындарыңызды растайтын чектерді сақтап қойыңыз. Бұл арқылы сіз келтірілген шығынды өтеуді және өтемақы алуды талап ете аласыз. Мысалы, егер авиакомпания қызметкерлері көмектесуден бас тартса немесе сізге ұсынылған балама нұсқалар сәйкес келмесе.
Рейс кешіккен жағдайда қандай қызметтерге үміт артуға болады?
Егер рейс екі сағатқа кешіксе, жолаушыға ұсынылады:
- екі тегін қоңырау шалу мүмкіндігі;
- екі электрондық хабарлама жіберу құқығы;
- тегін сусындар.
Егер рейс төрт сағаттан артық кешіксе, барлық жолаушыларға ыстық тамақ ұсынылады. Жеті жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға демалыс бөлмесі ұсынылуы тиіс.
Егер рейс түнде алты сағатқа, ал күндіз сегіз сағатқа кешіксе, авиакомпания жолаушыларға:
- қонақ үй нөмірін,
- тамақтануды,
- қонақ үйге дейін және кері трансферді өз есебінен қамтамасыз етуі тиіс.
Бұл ретте жолаушыға айыппұлсыз мәжбүрлі билет қайтару құқығы беріледі.
Ақшаны қайтару үшін қайда жүгіну керек?
Егер рейс тоқтатылса немесе жолаушы рейстің кешігуіне байланысты ұшудан бас тартса, билет үшін төленген ақшаны қайтаруды талап етуге болады. Ақшаны қайтару үшін:
- әуежай кассасына,
- әуе тасымалдаушының кеңсесіне немесе
- билетті сатып алған делдалдың кеңсесіне жүгініңіз.
Егер рейс кешіксе, билет құнын қалай өтейтіні жөнінде авиакомпаниядан нақтылап сұраңыз (айыппұл немесе өсімақы түрінде).
Егер сіз қосалқы (стыковочный) рейске үлгермей қалсаңыз (мысалы, рейстер арасындағы уақыт жетпей қалса), авиакомпанияға міндетті түрде жүгініңіз.
Байланысу жолдары:
- ресми электрондық пошта арқылы,
- авиакомпания сайтының жеке кабинеті арқылы,
- ресми мобильді қосымшадағы «Кері байланыс» бөлімі арқылы,
- немесе әуежайдағы авиакомпания өкіліне тікелей жүгіну арқылы.
Ел аумағында рейс кешіктірілген жағдайда өтемақы алу туралы өтінішті алты ай ішінде беруге болады.
Шетелдік авиакомпаниялар бойынша – екі жыл ішінде.
Авиакомпания ақшаны әдетте екі ай ішінде қайтарады.
Билет қайтарылмайтын тарифпен сатып алынса...
Егер жолаушы билетті қайтарылмайтын тарифпен сатып алған болса да, рейс тоқтатылған немесе кейінге қалдырылған жағдайда, ақшаны толық көлемде қайтаруға болады.
Ол үшін компанияға шартты бұзу туралы және мәжбүрлі бас тарту рәсімделгені туралы хабарлау қажет. Бұл ереже чартерлік рейстерге де қолданылады.
Егер авиакомпания рейс кешігуі немесе тоқтатылуы туралы алдын ала хабарласа, жолаушының екі таңдауы бар:
- Басқа рейспен ұшу, немесе
- Авиакомпанияның ұсыныстарынан бас тартып, билет құнын қайтарып алу.
Авиасаяхатшыға кеңес
- Егер ұшу қосалқы рейспен жоспарланған болса, билетті бір авиакомпаниядан алған дұрыс – не біріккен билет, не бір авиакомпанияның екі түрлі билеті. Бұл жағдайда, егер бір рейс кешіксе, барлық келесі рейстерге авиакомпания тегін қайта бронь жасайды.
- Авиакомпанияның байланыс орталығының нөмірлерін сақтап алыңыз.
- Әр компанияда әртүрлі ережелер, өтемақы шарттары және билет қайтару ережелері болады. Билетті сатып аларда ережелермен толық танысып шығыңыз.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
ФИТНЕС-ОРТАЛЫҚ, ТҮЙЕ ЖАРЫСЫ: Дубайдағы ТЕГІН баруға болатын КӨРНЕКТІ орындар
«ЕҢ БАҚЫТТЫ» 5 ЕЛ: нағыз бақыттың дәмін татқыңыз келсе, сонда барыңыз