«ЕҢ БАҚЫТТЫ» 5 ЕЛ: нағыз бақыттың дәмін татқыңыз келсе, сонда барыңыз

0
285


«ЕҢ БАҚЫТТЫ» 5 ЕЛ: нағыз бақыттың дәмін татқыңыз келсе, сонда барыңыз

Сурет: linguahouse.com

Оксфорд университетінің зерттеушілері жыл сайын әлем елдерінің бақыт деңгейі бойынша зерттеу жүргізеді. Нәтижесінде «Ең бақытты елдер» жаһандық рейтингін жариялайды.

Бақыт деңгейі қалай есептеледі? World Happiness Report зерттеуінде ғалымдар адамдарға «Өміріңізді 0-ден 10-ға дейінгі баспалдақ деп елестетіңіз: мұндағы 10 – мүмкін болатын ең жақсы өмір, ал 0 – ең нашар өмір. Қазір сіз қай сатыда тұрсыз?» деген сауал қояды. Сауалнама жауаптарының негізінде ел бойынша орташа балл есептеледі. Осы орташа көрсеткіш елдің бақыт рейтингіндегі орнын анықтайды.

Сонымен қатар, зерттеушілер адамдардың өздерін бақытты сезінуіне ең көп әсер ететін алты факторды қоса ескереді:

  • Әлеуметтік қолдау – қиын жағдайда арқа сүйейтін адамдарының болуы, өзін қауіпсіз сезінуі.
  • Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім, елдегі материалдық жағдай.
  • Орташа өмір жасы және салауатты өмір салтын ұстану көрсеткіші.
  • Шешім қабылдау еркіндігі, өмірлерін өздері басқара алуы, жұмысына, өмір салтына қатысты маңызды шешімдерді сыртқы қысымсыз қабылдауы.
  • Жомарттық – альтруизм, өзгелерге көмектесуге дайын болу.
  • Қоғам мен билікке деген сенім, адамдар елдегі институттардың адалдығына, үкімет пен бизнесте жаппай жемқорлықтың жоқтығына қаншалықты сенетіні.

Зерттеу авторлары бұл алты фактор бақытты сезінуге қатты әсер ететінін атап өтеді. Одан бөлек, бақыт деңгейіне мәдениет, дәстүрлер және қоғам құндылықтарының да айтарлықтай ықпалы барын нақтылайды.


1-орында: Финляндия

Финдер бала кезінен бастап табиғат аясында көп уақыт өткізеді. Қалалардың өзінде ормандар, саябақтар мен көлдер өте көп, ал демалыс күндері көптеген отбасы мёккиге — көл жағасындағы саяжайға барады.

Бұл елде адамдарға кез келген орманда серуендеуге, жидек пен саңырауқұлақ теруге, тіпті жеке меншік жерге шатыр тігуге рұқсат етілген. Тек өзгелерге кедергі келтірмесе болғаны.

Фин халқы саунаны өте жақсы көреді. Елде 5,5 миллион адам тұрса, л сауналар саны 3 миллионнан асады. Бұл жерлерде ешкім ешкімнің мазасын алмайды, сөйлеспейді, музыка қойылмайды, кеш өткізілмейді. Себебі сауна – жан мен тәнді тазартып, тынығатын орын деп санайды.

Жалғыз бола білу және сонымен қатар өзіңді жалғыз сезінбеу – фин мәдениетінің маңызды ерекшелігі.

Нағыз «Фин бақытын» сезіну үшін...

  • Қоғамдық саунаға бару. Мысалы, Хельсинкидегі теңіз көрінісі бар Löyly саунасы немесе жергілікті тұрғындар басқаратын, тегін отынмен жылытылатын Sompasauna.
  • Орманда немесе көл жағасында бір күн өткізу.
  • Суық көлге шомылу.


2. Дания

Даттар күнделікті өмірді қуанышқа, жайлылық пен қарым-қатынасқа орын болатындай етіп ұйымдастыра біледі. Жергілікті мәдениеттің маңызды ұғымдарының бірі – хюгге. Мағынасы – ерекше жайлылық, қауіпсіздік пен тыныштық сезімі. Мысалы, достармен шам жарығында кешкі ас ішу немесе көрпеге оранып сериал қарау сияқты сәттер.

Данияда бос уақытты жоғары бағалайды. Көптеген компанияларда қызметкерлер күндізгі сағат 16:00-да үйлеріне тарайды.

Денсаулық пен рухани күйге қамқорлық даттардың күнделікті өмірінің бір бөлігі. Көпшілігі көлік құралы ретінде велосипед қолданады, қыста шынығып, медитация жасап, табиғатта жиі уақыт өткізеді.

«Дат бақытын» сезіну үшін не істеуге болады?

  • Нёрребро ауданында серуендеу.
  • Теңіз жағасындағы шағын қалаға бару.
  • Қыста велосипедпен қаланы аралау.


3. Исландия

Бұл елде адамдар табиғатпен тығыз байланыста өмір сүреді. Жергілікті халық термалды бассейндерге жиі түседі, ауа райына қарамастан табиғат аясында серуендейді, демалыс күндері кемпингке барады немесе жай ғана тауға шығып кетеді.

Ел халқы – шамамен 400 мың адам ғана, көпшілігі бір-бірін жеке таниды. Бұл адамдар арасында сенімділік пен қолдау сезімін тудырады.

Исландиялықтар үшін байлық пен мансап басты мақсат емес. Олар үшін жұмыс пен жеке өмір арасындағы теңгерім маңызды.

«Исланд бақытын» сезіну үшін:

  • Геотермалды бассейнде шомылу (Исландияның әр қаласында бір-бір бассейн бар).
  • Reykjadalur жазығына саяхат жасау, буға толы төбелер арасындағы жылы өзенде шомылу.
  • Телефонды өшіріп, шалғайдағы кемпингке немесе шағын үйге кетіп қалу.
  • Исландиялық бақытты гейзерлер мен вулкандар арасынан іздеу.


4. Швеция

Бұл елде асығу, шаршап-шалдығуға дейін жұмыс істеу немесе жетістіктермен мақтану әдетке айналмаған. Маңыздысы – өзіңмен үйлесімде болу, өзгелерге кедергі келтірмеу және өмірдің қарапайым қуаныштарын ұмытпау.

Жергілікті мәдениеттің басты ұғымы – lagom (лагом), яғни «барлығы өз мөлшерінде болуы». Жұмыста, демалыста, тамақта, саудада, қарым-қатынаста артық та емес, кем де емес, алтын ортаны ұстануға ұмтылады. Мысалы, бірге өткізетін уақытты тым көп емес, шаршатпайтындай мөлшерде жоспарлау немесе нәтижелі жұмыс істейтіндей, бірақ қалжырап қалмайтындай еңбек ету.

Шведтердің сүйікті әдеттерінің бірі – күнделікті үзіліс жасап, кофе ішіп, тәтті тоқаш жей отырып жайлы әңгімелесу. Бұл жай ғана жүрек жалғау емес, достармен немесе әріптестермен байланыс орнатудың, тынығып, күш жинаудың тамаша тәсілі.

«Швед бақытын» сезіну үшін не істеу керек?

  • Стокгольмдегі кафеде жақыныңмен кофе ішіп, десерт жеу, әдемі әңгіме-дүкен құру.
  • Табиғатта серуендеу, мысалы, орман мен көлдер, тыныштық пен үйлесім орнаған Tyresta ұлттық саябағына бару.
  • Күн тоқырауына арналған жергілікті мерекеге қатысу. Бұл күні бүкіл ел табиғатқа шығып, ән айтып, хоровод билеп, құлпынай мен дәстүрлі картоп пен майшабақ жеп, өмірге қуанады.


5. Нидерланды

Бұл елде бақыттың маңызды құрамдас бөлігі – өз бетінше әрекет ету. Мысалы, голландтар жастайынан өз шешімдерін өздері қабылдауға үйренеді, отбасында бала пікірін ашық айтып, шешім қабылдауға қатыса алады.

Мұнда жетістік культі жоқ, керісінше, қарапайымдылық пен сыпайылық жоғары бағаланады. Ерекшеленбеу, артық мақтанбау, ақылмен және сабырмен өмір сүру қағидасын ұстанады. Күнделікті өмірдің шағын қуаныштарын бағалайды: отбасымен кешкі ас, велосипедпен серуен, кофе мен тәтті тоқашпен үзіліс, т.с.с.

«Голланд бақытын» сезіну үшін:

  • Отбасымен немесе достармен үйде кешкі ас ішу.
  • Елдімекенде немесе табиғат аясында велосипедпен серуендеу.
  • Кофе ішіп, дәстүрлі голланд тәттісін жеу (арасында созылмалы карамель шәрбаты бар қытырлақ вафельдер).

Жексенбіні ешқандай жоспарсыз өткізу. Голландтар бұл күнді үйде жақындарымен бірге болуға, саябақта серуендеуге немесе туыстардың үйіне қыдыруға арнайды.

Байқасақ, адамды шын бақытты ететін нәрселер соншалықты қолжетімсіз емес: табиғатқа жақындық, қарапайым тәндік ләззаттар (сауна, ыстық тамақ, көлде шомылу, тоқашпен ішілген кофе, мақсатсыз серуен), жайбарақат тіршілік, әлеуметтік байланыстар және бірінші орынға жетістікті емес, жан мен тәннің жайлылығын қоюдан ғана тұрады екен.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

ШЕТЕЛде қай БАНКТІҢ КАРТАСЫН қолданған тиімді?

Тайландқа бару арман ба?: Туристің емес, тұрғынның көзімен