Сурет: royalfuntour.com
Дубай – әлемдегі ең танымал туристік бағыттардың бірі. «Жиһанкездерге арналған жұмақ» деп айтуға да болар. Қала ғана емес, ел экономикасының едәуір бөлігі туризмнен түскен табыстан құралады. Сондықтан бұл қалада бәрі көрікті әрі сапалы ғана емес, ақылы әрі бағалы болуы заңды.
Дегенмен, Дубайдың тұрғындары мен қонақтарына тегін ұсынатын сыйы да жоқ емес. Демалыс барысында «тегін саяхат күнін» ұйымдастыруға әбден жетерлік.
Dubai Aquarium & Underwater Zoo
Дубай молл сауда орталығына барған кезде аквариумдағы теңіз тіршілігін тегін көре аласыз. Әрине, Дубай аквариумына кіру ақылы. Алайда сіз оны шыны қабырға арқылы сыйрынан да тамашалай аласыз. Бұл Дубайдағы ең үздік тегін демалыс түрлерінің бірі.
Жұмыс уақыты: күн сайын таңғы 10-нан түнгі 12-ге дейін (кей күндері 1-ге дейін).
The Viewing Point – бақылау алаңы
Соңғы жылдардағы ең әсерлі қалалық жобалардың бірі – Дубай су каналы. Бұл да Дубайдағы тегін демалыстың үздік түрлерінің бірі. Романтикалық кездесуге, шағын фотосессияға немесе мегаполис ішінде тыныш демалысқа арналған тамаша орын. Алаңның ерекше архитектурасы 26 метрге шығанаққа қарай созылып, теңіз деңгейінен 11,65 метр биіктікте орналасқан. Мұнда тегін келіп, Dubai Creek шығанағы мен қаланың зәулім ғимараттарын тамашалауға болады. Ең жақсы көрініс үшін қараңғы түскесін барған жөн.
Бақылау алаңы тәулік бойы ашық.
Дубай жағажайлары
Дубай жыл бойы жағажай демалысын жақсы көретіндерге арналған қала. Эмираттың бүкіл жағалау сызығы бойымен алтын түсті құмды жағажайлар созылып жатыр. Кей бөлігі қонақүйлердің жеке жағажайы болғанмен, көп бөлігі қоғамдық жағажай. Барлық туристерге қоғамдық жағажайларға еркін кіруге рұқсат берілген. Мәселен, The Beach (JBR ауданында) – Дубайдағы ең танымал жағажайлардың бірі. Kite Beach – суда жүзуден бастап жағажай волейболына дейін кез келген талғамға сай ойын-сауықтар бар. Мұнда тіпті скейтпарк те орналасқан. Black Palace Beach – тыныштық пен оңаша демалыс іздегендер үшін тамаша орын.
Түнгі шомылу
Дубайда түнгі шомылуға арналған үш жағажай бар: Sunset Beach, Jumeirah 1 және Jumeirah 2. Бәрі де жарық шамдармен, қауіпсіздік экрандары және құтқарушылармен жабдықталған.
Жағажайлар әр түні: күн батқаннан күн шыққанға дейін ашық.
IMAGINE шоуы
Бұл – әлемдегі ең үлкен су экранында көрсетілетін проекциялық шоу және тұрақты проекциялық көріністердің ең үлкені. Кеш сайын Festival Bay жағалауында өтеді. Бұл шоу Гиннестің рекордтар кітабына енген. Мұнда лазерлер, 70-тен астам прожектор, музыкалық және су эффектілері, жалын мен субұрқақтар бар.
Уақыты: дүйсенбі-жексенбі 19:00–23:00, әр сағат сайын.
Dubai Mall-дағы Chinatown-да серуендеңіз
Дубай молл сауда орталығынан ашылған бұл жаңа орын азиялық атмосфераны тегін сезінудің тамаша мүмкіндігі. Неон жарықтары мен фотоаймақтар – инстаграм үшін мінсіз орын.
Жұмыс уақыты: 10:00 – 00:00 (кей күндері 1:00 дейін)
«Мексика қанаты» мүсіні
«Мексика қанаты» мүсіні Burj Khalifa аясында орналасқан. Әлеуметтік желілерде ең танымал болған фотоаймақтардың бірі. Бұл тегін фотосессия орны әлеуметтік желі үшін керемет кадр жасау мүмкіндігі.
Мухаммед бин Рашид кітапханасының бақылау палубасы
Көк тіреген Бурдж-Халифамен қатар Мұхаммед бин Рашид кітапханасы орын тепкен. Кітапхана аумағындағы теңіз деңгейінен 11 метр биіктікте орналасқан палубамен серуендеу – теп-тегін. Бұл жерден қаланың қайталанбас панорамалық көрінісі ашылады. Дубайдың көз тартарлық аспанмен тұтасқан керемет көрінісін тамашалай аласыз.
Кітапхана палубасы тәулік бойы ашық.
Al Wasl Plaza-ны көріңіз
Expo City Dubai аумағындағы бұл орын – әлемдегі ең үлкен 360° проекциялық алаң. Күн сайын күн батқан соң жарық шоу көрсетіледі. 67 метр биіктіктегі болат күмбездің ішінде тегін серуендеуге болады.
Ашық: тәулік бойы (шоу күн батқан соң басталады).
Alserkal Avenue арт-ауданы
Дубайдағы ең танымал кешендердің бірі – Alserkal Avenue. Қазіргі заманғы өнерді сүйетіндер үшін нағыз шығармашылық орталығы. Бүгінгі таңда 50 000 шаршы метр аумақты алып жатқан нағыз «қала ішіндегі қала». Онда өнер, дизайн және гастрономия салаларындағы коллаборациялар өтеді, сондай-ақ фестивальдер, көрмелер мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Галереяларға кіру тегін. Күн сайын сағат 10:00 мен 19:00 аралығында ашық.
Кофе мұражайы
Dubai Creek шығанағының жағасында орналасқан Al Fahidi тарихи ауданында серуендеңіз. Ол Дубайдың мәдениеті мен өнерінің ең маңызды орталықтарының бірі. Мұнда жел диірмендері бар дәстүрлі ескі үйлердің бөлмелері мен ішкі аулаларында көптеген өнер галереялары орналасқан.
Одан бөлек, тарихи аудандағы Кофе мұражайына (Coffee Museum) міндетті түрде кіріп көріңіз. Кофенің көп ғасырлық тарихымен танысып, көптеген сұрыптарының дәмін де татып көре аласыз. Кіру тегін, ал кофе дәмін тату ақылы – 15 дирхам.
Тасбақалармен танысыңыз
2004 жылдан бері Дубайда теңіз тасбақаларын құтқару үшін «Dubai Turtle Rehabilitation Project» аталатын бағдарлама жұмыс істейді. Бағдарлама аясында қамқорлыққа алынған тасбақаларды Jumeirah Al Naseem қонақүйінің аумағындағы Turtle Lagoon вольерінен көруге болады. Аптасына бір рет Turtle Island аралында тасбақаларды тамақтандыру рәсімі өтеді. Оған кез келген адам қатыса алады. Қаласаңыз, сіз де.
Күн сайын ашық, кіру тегін, алдын ала тіркелу қажет емес. Тек жұмыс кестесін алдын ала нақтылап алыңыз.
Ras Al Khor табиғи қорығы
Ras Al Khor табиғи қорығы – ерекше табиғат бұрышы. Дубайдың қарбалас орталығынан бар-жоғы бірнеше минуттық жерде орналасқан. 6,2 шаршы шақырым аумақта тұзды батпақтар, толқын шайып тұратын аймақтар, мангр ормандары мен лагуналар бар. Бұл құстардың ұя салып, өмір сүруіне қолайлы мекен. Қорықтың тегін бақылау алаңдарынан қызғылт фламинго бастаған көптеген құстар түрлерін, өсімдіктер мен жануарлардың тіршілігін тамашалауға болады.
Al Qudra көлдері
Дубайдан небәрі 30 минуттық жерде орналасқан Al Qudra көлдері пикник жасауға, веложолмен серуендеуге өте қолайлы орын. Қорық аумағында құм түлкілерін, орикстерді және басқа да жабайы жануарларды көре аласыз.
Түйе жарыстары
Дубайда бірнеше түйе ипподромы бар. Оларға барып, түйе жарыстарын тегін тамашалауға рұқсат берілген. Бұл елде түйе жарыстары – ерекше әрі ұлттық дәстүрге айналған көрініс. Жарыс маусымы қазан айында басталып, сәуірге дейін жалғасады. Көп жағдайда жұма және сенбі күндері таңертең өтеді.
Тегін спорт жаттығулары
Дубайда дене шынықтыруды қолдау өте оңай. Қалалық жағажайлар мен саябақтарда арнайы жүгіру жолақтары, калистеникаға арналған тегін тренажерлар, баскетбол алаңдары, скейтпарктер өте көп. Жалғыз жаттығу жасағысы келмейтіндер үшін тегін йога сабақтары мен топтық жаттығулар үнемі өткізіліп тұрады.
Егер белгілі бір спорт түрін байқап көргіңіз келсе немесе фитнес-клубқа баруды армандасаңыз, тегін сынақ сабағына қатыса аласыз. Немесе ClassPass қосымшасын жүктеп алыңыз. Ол арқылы Дубайдағы әртүрлі клубтарда бір реттік жаттығуға қатысуға болады.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
«ЕҢ БАҚЫТТЫ» 5 ЕЛ: нағыз бақыттың дәмін татқыңыз келсе, сонда барыңыз