Гүлденген Афинадан Аяз Ата қаласына дейін: Қысқы саяхатқа арналған 7 қала

0
3 446

Қыста бұл қалаларда тіршілік қайнап жатады.


Гүлденген Афинадан Аяз Ата қаласына дейін: Қысқы саяхатқа арналған 7 қала

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Еуропадағы қысқы демалыс әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, Солтүстікте Лапландиядағы Санта резиденциясына, Румыниядағы тауларға немесе Грециядағы апельсин гүлдеп, күн жарқырап тұрған жерлерге баруға болады. Тиісінше, біз сіздерге осы қыста баруға болатын Еуропаның ең қызықты қалалары туралы айтып береміз.


1. Рованиеми провинциясы, Лапландия, Финляндия

Рованиеми – Жаңа жыл атмосферасына енетін ең жақсы қала. Өйткені бұл – Санта-Клаус, яғни Аяз атаның ресми астанасы. Корватунтури тауының үңгірлерінде Аяз атаның шеберханалары, пошта бөлімшесі және балаларға арналған ойын-сауық саябағы орналасқан. Сондай-ақ, Рованиеми шаңғы, шана, сноуборд және тіпті бұғылы шана тебетін әйгілі қысқы спорт курорты. Қала маңында ақ аюлар, бұғылар, сілеусіндер, қабандар мен қасқырлар бар хайуанаттар бағы орналасқан.


2. Афина, Греция

Қысқы Афина – керемет ауа-райы (Желтоқсанда +19 және Қаңтарда +15 градус), арзан бағалар, Акрополь, Парфенон, Зевс ғибадатханасы және Афины агорасымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, қыс – осы елдің ежелгі мұрасы мен мәдениетін зерттеуге арналған ең қолайлы уақыт болып саналады. Афина маңындағы Сунион мүйісі мен Коринфтегі Посейдон ғибадатханасына барғандар да ерекше ләззат алады екен.


3. Копенгаген, Дания

Қыста бұл қалада тіршілік қайнап жатады. Тиісінше, бұл мезгілде туристер Еуропадағы ең танымал қаланың орталығындағы Тиволи ойын-сауық саябағына барып, қарлы каналдардағы туристік қайықтармен серуендейді. Сонымен қатар, Розенборг, Фредериксборг және Кронборг сарайларында жаңажылдық эскурсиялар ұйымдастырылып, қала дүкендері қысқы сатылымдармен қуантады.


4. Будапешт, Венгрия

Будапештке қыста саяхаттаған адамдар Рождестволық базарларға барып, Сент-Иштван базиликасындағы концерттерге қатысып, Вайдахуняд сарайының жанындағы үлкен мұз айдында сырғанап, әлемге әйгілі ондаған термалды ванналарда емдеу-сауықтыру кешендеріне қатыса алады. Сонымен бірге, "қысқы Будапешт" акциясы аясында туристер үшін қонақүйлер, моншалар мен туристік нысандар көптеген жеңілдік ұсынады.


5. Венеция, Италия

Венеция жыл бойы әдемі болып тұратын қала. Ал, қыста одан да әдемі болады. Себебі, бұл мезгілде қалада әлемге әйгілі карнавал өтіп, мыңдаған адам түрлі костюмдер киіп, бетперде тағады. Музыканттар әсем әуендерімен тербетіп, сиқыршылар мен акробаттар қойылымдар ұйымдастырады.


6. Трансильваниядағы Брашов пен Сигишоара, Румыния

Брашов – готикалық шіркеулері, ортағасырлық қалалық залы, өнер және тарих мұражайлары бар тартымды ортағасырлық қала. Қаладан 12 шақырым жерде Румынияның ең мықты тау шаңғысы курорты – Пояна Брашов, 15 шақырым жерде — Тевтон рыцарьларының Рышнов бекінісі, ал 30 шақырым жерде – Бран, яғни көбіне граф Дракула сарайы деп аталатын ғимарат бар.

Сигишоара да Румынияның ең көркем ортағасырлық қалаларының бірі. Мұнда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра ескерткіші болып саналатын 12 ғасырдағы Цитадель, готикалық стильдегі монастырь, ортағасырлық қару-жарақ мұражайы және Влад Тепес үйі орналасқан. Яғни, қысқы атмосферада демалып қана қоймай, таным көкжиегіңізді кеңейтіп қайтарыңыз анық.



7. Брюгге, Бельгия

Брюгге қаласы готикалық сәулет өнерінің шедеврлерімен, шоколад мұражайымен және оны "Солтүстік Венеция" деп аталатын тамаша су арналарымен танымал. Сонымен қатар, 19 қарашадан 8 қаңтарға дейін бұл қалада қар мен мұздан жасалған мүсіндердің халықаралық фестивалі өтеді. Бельгия – Батыс Еуропадағы мұндай фестиваль өтетін жалғыз ел.

Қысқы саяхатыңыз сәтті өтсін!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


ЖАҒАЖАЙ, ТЕҢІЗ немесе ТАУ – қыс мезгілінде қайда саяхаттаған дұрыс?

Қатар саяхатшыларға ҚАНДАЙ ҒАЖАЙЫПТАР ҰСЫНАДЫ?