Қарапайым халық ҒАРЫШҚА қашан САПАР ШЕГЕ алады?

0
213

Ғарыш сапарына ұшу құны қанша?


Қарапайым халық ҒАРЫШҚА қашан САПАР ШЕГЕ алады?

Сурет: jackpotcom-res.cloudinary.com

8 қазанда (2025 ж.) Батыс Техастағы (АҚШ) ғарыш айлағынан зымыран-тасығыш ғарышқа ұшырылып, сәтті түрде қайта қонды. Дәл осы суборбиталық ұшуға қазақстандық кәсіпкер Данна Қарағұсованың да қатысуы еліміз үшін үлкен жаңалық болды.


Суборбиталық сапар – ғарышқа (әдетте Карман сызығынан, шамамен 100 км немесе кейде 50 миль «жоғарғы атмосферадан сырғып өту») шығып, бірақ Жерді толық айналмай қайтатын ұшу.

Бұл тарихи сапар америкалық миллиардер Джефф Безостың Blue Origin компаниясына тиесілі. Зымыран ғарыш шекарасы деп саналатын Карман сызығынан (100 шақырым) асып, 107 шақырым биіктікке жеткен. Ұшу уақыты шамамен 10 минут 21 секунд.

Көп рет қолданылатын зымыран-тасығышта сутегі мен оттегіге негізделген сұйық отынды BE-3 қозғалтқышы бар. Ол автономды капсуланы алып шығып, кейін тігінен өз күшіне сүйеніп жерге қайта қонады. Капсула апогейге жеткенде бөлініп шығып, экипажға шамамен бес минуттай микрогравитацияны сезінуге мүмкіндік береді. New Shepard бортында ұшқыштар болмайды, аппараттар толықтай автономды басқарылады.

Мұндай сапарға ұшқандарға «ғарышкер» немесе «астронавт» мәртебесі берілмейді. Космостық туризм аясында оларды ресми түрде «ғарыш сапарына қатысушылар» деп атайды.

Хош, сонымен отандасымыз Данна Қарағұсова қазақстандықтар үшін де астротуризмнің ауылы алыс емес екенін дәлелдегендей. Ендеше, бүгін туризмнің бұл түрі жайлы толығырақ біліп, армандар картасына қосып қойсақ, артық болмас.


Ғарыш сапарына кімдер аттана алады?

Ғарышқа сапар үшін алдымен сайттан орын броньдап, сауалнаманы толтыру керек. Одан соң өзіңіз туралы айта отырып, не үшін бұл сапарға шыққыңыз келетінін жазасыз.

  • Зымыран-тасығышқа тек 18 жастан асқандар міне алады. Бойы 152-193 см аралығында болуы, салмағы 50-ден кем және 101 кг-дан аспауы міндетті шарт.
  • Созылмалы ауруы барларға және биіктіктен қорқатындарға ұшу рұқсат етілмейді.
  • Сапар кезінде адам биіктігі 21 метрден асатын New Shepard капсуласының отырғызу мұнарасының ең төбесіне 90 секундта міне алатындай болуы қажет.
  • Қауіпсіздік белдігін 15 секундтан аз уақыт ішінде өз бетінше киіп-шеше алу керек.
  • 40-90 минут жартылай жатып баруға дайын болған абзал.

Компания экипаж мүшелерін 1-2 күн дайындықтан өткізеді


Ұшу құны қанша?

Blue Origin нақты бағасын көрсетпеген, бірақ бірінші рейстегі орын 28 миллион долларға аукционда сатылды. Бейресми деректер 200-450 мың доллар аралығында деп жазады.

Ал сайтта орын брондаған кезде 150 000 доллар (82 миллион теңге) депозит қажет екені жазылады. Бірақ ол депозит қайтарымды деп көрсетілген.

Компания кей тұлғаларды, әсіресе танымал әнші, актерларды тегін шақырады.


Әлемде коммерциялық суборбитальды ғарыш сапарына шыққан жүзден аса адам бар.

  • Компания иесі Джефф Безостың өзі 2021 жылы алғашқы рейспен ұшқан.
  • «Good Morning America» бағдарламасының жүргізушісі Майкл Страхан мен «Star Trek» актері Уильям Шатнер де Безостың зымырандарының бірімен ғарышқа аттанды.
  • Virgin Galactic негізін қалаушы Ричард Брэнсон өзінің Virgin Galactic компаниясының VSS Unity ғарыш кемесімен 2021 жылдың шілдесінде ұшты.
  • 2025 жылдың сәуір айында Техастағы ғарыш айлағынан Blue Origin New Shepard зымыранымен алты әйел ғарышқа ұшты. Бұл экипаж құрамында Дж. Безостың қалыңдығы Лорен Санчес, CBS жүргізушісі Гейл Кинг, NASA-ның бұрынғы зымыран-ғалымы Айша Бо, азаматтық құқық қорғаушы Аманда Нгуен, продюсер Керриан Флинн және поп-әнші Кэти Перри болған. Зымыран Жер бетінен шамамен 100 шақырым биіктікте орналасқан ғарыштың мойындалған шекарасы Карман сызығына жетті. Содан кейін экипажы бар капсула бөлініп, парашюттер мен зымырандық тежегіштің көмегімен жерге түсті. Ұшу уақыты 11 минутқа созылған болатын.

Сурет: imperatrica.net

Астротуризм осыған дейін жұлдыздарды, планеталарды, ғарыш құбылыстарын Жерден бақылауға бағытталған туризм түрі болып келген. Соңғы жылдарда бұл бағытта үлкен қадамдар жасалып, ғарышқа сапар ұйымдастырумен дүркін-дүркін технологиялық дүмпу орын алуда. Ғарыш туризмінің жаңа дәуірі басталып жатқаны белгілі.

Blue Origin компаниясы болашақта ғарыштық туристерді орбитаға жеткізуді жоспарлап отыр. Саяхаттың бұл түрі байларды былай қойғанда, Жер шарының қарапайым тұрғындарына қашан қолжетімді болуы мүмкін?

Егер дәл қазіргідей даму қарқыны сақталса (жеке компаниялардың белсенділігі, технологиялық жетістіктер, инвестициялардың артуы), ғарышқа сапар қарапайым адамдар үшін келесі 20-30 жылда қолжетімді бола бастайды деген болжамдар бар. Неге десеңіз, SpaceX, Blue Origin, Virgin Galactic сияқты компаниялар суборбиталық және орбиталық туризмді дамытуда. SpaceX-тің «Starship» жобасы ғарыш саяхатын жаппай әрі арзан етуді мақсат етеді.

2000-жылдары бір адамды орбитаға ұшыру құны $20–30 млн болса, қазір кейбір суборбиталық рейстер (мысалы, Virgin Galactic) $250 000 – $500 000 шамасында. Осы динамикаға қарап алдағы 10-20 жылда бұл баға $50 000 немесе одан төмен болуы мүмкін.

Оған қоса, Жер маңындағы орбитаға тұрақты ұшып-қону жүйесі қалыптаса бастады. Әлемнің әр елдерінде ғарыш айлақтарының саны артып келеді. Туристік ғарыш станциялары (мысалы, Orbital Reef жобасы) 2030 жылдарға қарай іске қосылуы мүмкін.

Ғаламтор бетінде мынадай да жорамалдар жолықты:

  • «2025–2030 жж. бай және ерекше клиенттер үшін (миллионерлер, селебритилер) жеке рейстер қолжетімді болады»
  • «2030–2040 жж. технология арзандап, жалпы халық үшін турлар (мысалы, жоғары табысты кәсіпкерлер, арнайы лотерея ұтысымен, т.б.) қолжетімді бола бастайды»
  • «2040–2050 жж. білім беру мақсатында ғылыми экспедициялар, коммерциялық туризм үшін көпшілікке арналған рейстер пайда болуы мүмкін»
  • «2050 жылдан кейін орташа табысы бар адамдарға да өмірінде ең болмағанда бір рет ғарышқа ұшу қолжетімді болуы мүмкін»


Ал әзірге аспан әлемін зерттеуге қызықсаңыз, астротуризмнің басқа да бағыттары бар.

1. Жұлдыздарды бақылау. Қараңғы, ашық аспанды жерлерде жұлдыздарды, шоқжұлдыздарды, планеталарды, тіпті Сүт жолын бақылау.

2. Ғаламдық құбылыстарды көру. Мысалы, күн мен ай тұтылуы, метеор, солтүстік шұғыласы, т.б.

3. Астрономиялық обсерваторияларға бару. Кәсіби телескоптармен жабдықталған обсерваторияларға экскурсиялар ұйымдастырылып, туристер астрономия мамандарымен бірге бақылау жасай алады.


Астротуризмге арналған танымал орындар:

  • Чилидегі Атакама шөлі – әлемдегі ең ашық аспанды жер.
  • Гавайидегі Мауна Кеа тауы – биік, таза атмосфералы орын.
  • Канар аралдары – Еуропадағы астротуризм орталықтарының бірі.
  • Қазақстандағы Батыс Алтай, Шарын шатқалы, Қаратау және Бетпақдала – жарық ластануы аз, кең әрі биік аумақтар.


Астротуристке не қажет:

  • Телескоп немесе бинокль (бірақ жалаңаш көзбен де көп нәрсені көруге болады)
  • Жылы киім (түнде салқын болуы мүмкін)
  • Жұлдыз картасы немесе мобильді қосымша (мысалы: SkyView, Star Walk)
  • Егер ашық аспан астында түнеу жоспары болса шатыр, ұйықтайтын қап, фонарь.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Билет қалтада, бірақ ҰШАҚ ҰШПАСА... Не істеу керек?

ФИТНЕС-ОРТАЛЫҚ, ТҮЙЕ ЖАРЫСЫ: Дубайдағы ТЕГІН баруға болатын КӨРНЕКТІ орындар