Қасиетті мерекені әлем елдері қалай өткізеді?
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Әне-міне дегенше бүгін көптен күткен, сағындырған Рамазан айы кіріп келіп, миллиондаған, тіпті миллиардтаған адам ізгі амалдарын көбейтіп, құлшылығын арттырып жатыр. Олардың қатарында қазақстандықтар да бар. Шынын айтсақ, біз өз елімізде бұл мерекенің қалай атап өтілетінін жақсы білеміз. Бірақ, кейібр елдердегі іс-шаралар сізді таңғалдыруы мүмкін. Сондықтан бүгінгі тақырыпты отыз күн Оразаға арнап, бірнеше елге саяхат жасамақпыз.
Түркиядағы кептеген мейрамхана күндіз жұмыс істемей, мәзірді қысқартады. Кейбір ескі дәстүр сақталған қалаларда көшеге шыққан барабаншылар сәресіге дейін жүреді.
Ауызашар мешіттер мен үйлердің маңында, мейрамханалар мен кафелерде өткізіледі. Ауыз ашу құрма мен судан басталады, содан кейін зәйтүн, ірімшік жеп, негізгі тағамдарға ауысады. Рамазандағы ең көп таралатын тағам – ет толтырылған пиде-шелпек және гүллач-десерт. Сондай-ақ, түркиялықтар кебаб, шиш таук, баклава және рахат лукумды жиі тұтынады.
Египетте Рамазан айында сәресіден ауызашарға дейін барлық кафелер, мейрамханалар мен көптеген дүкендер жабылып, көшелерде жүргінші азаяды. Сонымен қатар, іс жүзінде қоғамдық көлік пен такси табу қиын болады. Көптеген көшелер ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлайтын арнайы түсті шамдармен көмкеріледі.
Мысырлық отбасылар сәресі мен ауызашарда достары мен туыстарының үйіне барып жатады. Каирде және басқа да ірі қалаларда ауызашар көшеде немесе мешіттердің жанында өткізіледі. Ең танымал тағамдар – қоян және қой еті қосылған сорпалар, камардин мен каркада, кинафа, басбус және катаиф тәттілері.
Ливандағы көшелерге ораза ұстауға, зекет беруге және игі істер жасауға шақыратын плакаттар ілінеді. Отбасылар да үйлерін мерекелік түрде безендіруге тырысады. Бай мұсылмандар аз қамтылғандарды шақыратын ұжымдық ауызашар ұйымдастырады. Адамдар дұға жасау үшін күн батқанға дейін үйлеріне асығып келеді.
Сондай-ақ, жағалаудағы қалалар тұрғындарының тағы бір дәстүрі – ауыз ашқаннан кейін теңіз жағасында серуендеп, әңгімелеседі. Ливандағы ең танымал тағамдар – жасымық пен көкөніс сорпасы, кибби, табула, фаттуш.
Пәкістанда Рамазан айында таң намазынан бір сағат бұрын мешіттердің мұнараларынан үнемі «тезірек тамақтаныңыз, таң атқанша осынша минут қалды!" деген ескерту айтылып тұрады. Кәмелетке толмаған балалар үшін «пассерин оразасы» деген оразасының өзіндік нұсқасы бар. Балалар сәресіде барлығымен бірге оянып, оразаны мүмкіндігінше ұстайды. Бала оразаны соңына дейін сақтай алса, оны құттықтайды және естелік ретінде сыйлық береді. Пәкістанда да барлық мейрамханалар мен кафелер күн батқанға дейін жабық тұрады. Сонымен қатар, бұл елде Рамазан айында көшеде тамақ жеуге және су ішуге тыйым салынады.
Ауызашардан кейін өмір қайтадан қайнайды: кафелер, мейрамханалар, аттракциондары бар саябақтар ашылады, Шығыс базарының шуы естіледі.
Малайзияда Рамазан айының алдында дайындық басталып, дүкеннен қажетті затар сатып алынады, үй тазаланады және безендіріледі. Мұнда сәресіде әдетте тауық еті, көкөністер мен жұмыртқа қосылған күріш жейді. Соңғы он күнде әр үй керосин құйылған қалайы шамдармен безендіріліп қана қоймай, әсіресе ауылдарда кейбір адамдар үй безендіру бойынша жарыса бастайды. Олар ауызашарға туыстары мен достарын қонаққа шақырады.
Қасиетті айдың басында Йемен азаматтары достары мен туыстарына қонаққа барып, бір-бірін құттықтайды және сәресіге дейін Құран оқиды. Рамазан айындағы тіршілік көптеген басқа мұсылман елдері сияқты тек күн батқаннан кейін басталады. Дүкендер, кафелер, мейрамханалар ашылады. Дәстүрлі сәресі – бір ыдыста қайнатылған сүт, еріген сары май және нан.
Индонезияда да көшелер Рамазан рәміздерімен безендіріледі. Жергілікті тұрғындар үйлерін ғана емес, аулаларын, қоғамдық аумақтарды және мешіттерді тазалайды. Оразаның басталуы қарсаңында Индонезияда тазартудың ерекше дәстүрі бар, ол – падусан. Қасиетті айдың басында, дәлірек айтсақ, алғашқы 5 күнінде мұсылмандар туыстарына барып, Оразаның басталуымен құттықтайды. Осы уақытта олар достарымен және көршілерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға тырысады.
Дордеран – Ораза кезінде жұмыс істейтін үлкен жәрмеңкелердің атауы. Олар әдетте қоғамдық саябақтардың алдында ұйымдастырылады. Индонезия мектептерінде олар осы айда оқушылар мен оқытушыларға демалыс беруге тырысады, яғни мұсылмандар бос уақыттарын ғибадат етуге жұмсауы үшін.
Біріккен Араб Әмірліктерінде Рамазан айына екі апта қалғанда дәстүрлі түрде «хак әл-Лайла» мерекесі өткізіледі, яғни балалар үйлеріне сәнді киіммен барып тәттілер сұрайды және ән айтады. Олар сондай-ақ «Аятона Алла Йутикум, байт Макках Йудикум» деген сөзді айтып жүреді. Бұл сөз «бізге сыйлық бер, ал Алла сені Қағбаға бару мүмкіндігімен марапаттайды» деп аударылады екен.
Дубайда ауызашар басталатын кезде зеңбірек атылады. Көшерелер безендіріледі. Ауызашар кезінде мейрамханалар адамға толы болады және тұрғындар отбасымен уақыт өткізуге тырысады.
Мароккода Рамазанның ерекше атмосферасы Оразаның басталуынан екі апта бұрын сезіле бастайды. Дүкендерден үй әшекейлері көптеп алынып, мешіттердің есіктеріне Құран мен хадис дәйексөздері ілінеді. Дәстүр бойынша Рамазан айы қарсаңында марокколықтар ғұсыл алу үшін қоғамдық моншаларға барады. Айдың басталуы сиренаның дыбысымен жарияланады. Оны естігеннен кейін барлығы бір-бірін мерекемен құттықтай бастайды.
Рамазан айында ұлттық тағам – харира сорпасы көптеп дайындалады. Әр елді мекенде базарлар пайда болып, азық-түлік алуға негізінен ер адамдар барады. Дәстүр бойынша, Мароккода Рамазан айының 15-ші күні балаларға сыйлықтар беріледі және кешкі асқа қуырылған тауық желінеді. Дәл осы күнгі ауызашар отбасы шеңберінде өткізілуі керек.
РАМАЗАН АЙЫНА АРНАЙЫ ЗАҢДАР БЕКІТКЕН ЕЛДЕР
Көптеген мұсылман елдерінде Рамазан айының амалдары мәдени және діни дәстүрлердің маңызды бөлігі болып саналады. Тіпті, кейбір елдерде қасиетті айдың басталуымен арнайы заңдар күшіне енеді. Мұндай заңдар әр елде әр түрлі болады және елдің діни құрамы, саяси және мәдени дәстүрлері мен құқықтық жүйесі сияқты бірқатар факторларға байланысты болуы мүмкін.
Мәселен, Сауд Арабиясында күндіз қоғамдық орындарда тамақтануға, су ішуге немесе темекі шегуге тыйым салынады. Құқық бұзушыларға айыппұл салынады немесе тіпті бас бостандығынан айырылады.
Египетте Рамазан айында қоғамдық орындарда тамақтануға, су ішуге немесе темекі шегуге тыйым салынбайды, бірақ бұл ораза ұстайтындарды құрметтемеу деп саналуы мүмкін.
Ал, Алжирде күндіз қоғамдық орындарда тамақтануға тыйым салынады, бұл заңды бұзушыларға айыппұл салынып, түрмеге жабылады.
Біріккен Араб Әмірліктерінде Рамазан айында музыканың дауысын жоғарылатуға тыйым салынады, өйткені бұл ораза ұстаушыларды құрметтемеу болып саналады. Сонымен қатар, көптеген дүкендер ең жиі сатылатын азық-түлік пен өзге де тауарлардың бағасын 75 пайызға дейін арзандатады. Сондай-ақ, мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлері үшін жұмыс күні екі сағатқа қысқарады. Бұл ереже барлық конфессиялардың өкілдеріне қолданылады және жалақының қысқаруына соқтырмайды.
Оқушылар дүйсенбіден бейсенбіге дейін сағат 08:00-ден 13:00-ге дейін және жұма күндері 8:00-ден 11:30-ға дейін қысқартылған кесте бойынша оқиды. Ораза ұстаушылар үшін дене шынықтыру және жүзу сабақтары тоқтатылады, музыка сабақтары музыкалық аспаптарды қолданбай өткізіледі. Мұғалімдер үй тапсырмасын да қысқартады. Ораза ұстайтын оқушылар ораза ұстамайтындармен кездеспеуі үшін мектеп асханалары жабылады.
Супермаркеттер мен азық-түлік дүкендері әдеттегідей, сауда орталықтары түннің бір уағына дейін жұмыс істейді. Көптеген мейрамханалар ораза кезінде жұмыс істейді, сонымен қатар жұмыс уақытын сәресіге дейін, яғни таңертеңге дейін ұзартады.
Мароккода да күндізгі уақытта көпшілік алдында темекі шегуге, су ішуге немесе тамақтануға тыйым салынады, ал бұл заңды бұзғандарға айыппұл салынып, түрмеге жабылады. Пәкістанда да дәл солай.
Әлемдегі ең көп қоныстанған мұсылман елі Индонезияда кәсіпорындар Рамазан айында жұмыс уақытын қысқартуға міндетті, өйткені адамдар әдетте күні бойы ораза ұстайды.
Халқының көпшілігі мұсылмандар болып саналатын Түркияда Рамазан айындағы ораза – жеке таңдау және оны талап ететін заңдар жоқ. Дегенмен, көптеген кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар бір ай бойы қысқартылған кесте бойынша жұмыс істейді.
Кувейтте де Рамазан айында қоғамдық орындарда тамақтануға, ішуге немесе темекі шегуге тыйым салынады, ал заң бұзушыларға айыппұл салынып, түрмеге жабылады. Жергілікті азаматтардың айтуынша, бұл заңдардың кейбіреулері қатаң немесе даулы болып көрінгенімен, олар көбіне Рамазанның діни ұстанымын құрметтеуге және ораза ұстайтын адамдардың басқаларға ренжімеуіне немесе алаңдамауына арналған.
Сондай-ақ, мұсылмандар өмір сүретін елдердің барлығында Рамазанға қатысты заңдар жоқ екенін есте ұстаған жөн. Арнайы заңдар бар болғанның өзінде олардың орындалуы мен жауапкершілік формалары әртүрлі болуы мүмкін.
Оразаңыз қабыл болсын, ұстаған жан!
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН: Наурыз айында қайда саяхаттаған дұрыс?