ШЕТЕЛДІК ТӨЛҚҰЖАТ: Әлемдегі ЕҢ ҚУАТТЫ және ЕҢ ӘДЕМІ үлгілер

0
317


ШЕТЕЛДІК ТӨЛҚҰЖАТ: Әлемдегі ЕҢ ҚУАТТЫ және ЕҢ ӘДЕМІ үлгілер

Сурет: kz.eurasiatoday.ru

Қазақстан азаматтарына берілетін шетелдік төлқұжат үлгісі жаңартылды. Дәлірек айтсақ, онда жаңа элемент – қар барысы пайда болды.

Қар барысы бейнесі – қосымша қорғаныс элементі. Жеке құжаттарды қорғаудың қазіргі заманғы деңгейін білдіретін жоғары айқындықтағы металлизация технологиясы. Бұл элемент бірінші және екінші деңгейдегі қорғаныс түрлерін біріктіреді:

  • Бірінші деңгей – жалаңаш көзбен көрінетін визуалды сәйкестендіру;
  • Екінші деңгей – тек үлкейткіш құралмен (мысалы, микроскоп немесе ұлғайтқыш әйнек арқылы) көрінетін элементтер.

HDM-элемент құжаттың түпнұсқалығын жедел тексеруге мүмкіндік береді және оны қолдан жасауды қиындатады. Жаңа үлгідегі құжат 2025 жылдың 3 шілдесінен бастап берілуде.


Ескісін ауыстыру керек пе?

ҚР Ішкі істер министрлігінің жауабына сүйенсек, төлқұжаттың жаңа үлгісінің шығарылуы қолданыстағы ескілерінің күшін жоймайды. Оларды жаппай ауыстырудың қажеті жоқ. Ескі төлқұжат жарамдылық мерзімі өткен, бүлінген, жоғалған немесе иесінің мәртебесіне сәйкес келмейтін жағдайлар болмаса, өз күшін жоймайды. Демек, екі үлгі де қатар қолданыла береді.


Ең қуатты төлқұжат

Халықаралық сапарларда шетелдік төлқұжаттың қуатын елемеуге болмайды. Өйткені ол азаматтың шекарадан қаншалықты оңай өте алатынын және жаңа елдерді қаншалықты еркін зерттей алатынын анықтайды. Төлқұжаттың күші оның көмегімен визасыз немесе жеңіл түрде бара алатын шет елдердің санына байланысты өлшенеді.

Осы жағынан алғанда шетелдік төлқұжатымыздың әл-ауқаты артып келеді. Дәл қазіргі уақытта қазақстандық паспорт иелері 80-ге жуық елге визасыз немесе келгенде виза рәсімдеумен кіре алады. Осы көрсеткіш бойынша әлемде 63‑орында тұр.

Ал әлем елдерінің төлқұжаттар рейтингтік тізіміне көз жүгіртер болсақ, алғашқы ондықтан мына елдерді көреміз:

  1. Сингапур – 193 ел
  2. Жапония – 192 ел
  3. Финляндия, Франция, Германия, Оңтүстік Корея, Испания, Швеция – 191 ел
  4. Италия, Австрия, Дания, Люксембург, Нидерланды, Ұлыбритания – 190 ел
  5. Ирландия, Бельгия, Мальта, Норвегия, Португалия – 189 ел
  6. Аустралия, Жаңа Зеландия, Швейцария – 188 ел
  7. Канада, Чехия, Грекия, Польша, АҚШ – 187 ел
  8. Венгрия – 186 ел
  9. Литва – 185 ел
  10. Эстония, Латвия, Словакия, Словения – 184 ел


Ең көркем төлқұжат

Сурет: sun9-53.userapi.com

Біз ресми құжаттардың іскерлік стильде, ешқандай әшекейлерсіз немесе ерекшеліктерсіз жасалғанына үйреніп қалғанбыз. Дегенмен, кей мемлекеттер паспорт маңызды құжат болумен қатар, қызықсыз және сиықсыз болмауы керек деп санайды және онда өз ұлты мен елінің даралығын көрсетуге тырысады. Нәтижесінде мұндай елдердің шетелдік төлқұжаты ресми қағаз ғана емес, нағыз өнер туындысына айналған.

Ғаламтор деректерін сараптасақ, Канада, Аустралия және Қытай шетелдік құжаттарының көркемдік шешімдеріне сүйсіне қараушылар көп көрінеді.

Жаңа үлгідегі канадалық төлқұжат жақында пайда болды, бірақ ол әлемдегі ең әдемі паспорттардың бірі болып саналады. Сыртқы түрі өте қатал және қарапайым, қара көк түсті мұқабада Алтын патша елтаңбасы бар. Ішкі беттерде ультракүлгін сәуле арқылы ашық түсті кескіндер пайда болады. Онда жергілікті көрнекті орындар, үйеңкі жапырақтары және тарихи тұлғалар бейнеленген. Бұл бейнелер сәндік функциямен қатар, қауіпсіздіктің кепілі болып табылады. Тура осындай әсері бар төлқұжаттың жалған үлгісін жасау мүмкін емес.

Қытай төлқұжаты да өзіндік ерекшелігі мен сұлулығы жағынан басқа елдерден кем түспейді. Әр бетте Қытайдың барлық провинциялары мен қалаларындағы жергілікті көрнекті орындардың суреттері бар. Олар безендіруші элемент қана емес, іс жүзінде туристік нұсқаулық та бола алады.

Аустралия төлқұжаты сырттай өте қатал көрінеді. Ал ішкі беттерін ашсаңыз, «Сиқырлы Аустралияға саяхат» атты ертегі әлеміне еніп кеткендей боласыз. Онда жергілікті тайпалардың ұлттық киімдері, көрікті табиғи және тарихи нысандар, серфингшілер мен аквалангтар, бай флорасы мен фаунасының әсем суреттерін көресіз. Елдің басты символы ретінде төлқұжаттың бірнеше бетінде кенгуру бейнеленген. Ерекше бұрышта немесе ультрафиолет сәулелерінің астында жай көзге көрінбейтін кескіндер пайда болып, көлемі өзгеріп, қызықты оптикалық иллюзиялар жасайды.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

АЗИЯ елдеріне барсаңыз, МАЙМЫЛдардан абай болыңыз!