Сурет: ru.pinterest.com
Жаздың аптап ыстығы көпшілікті суға шомылуға, табиғат аясында сейіл құруға, саяхаттауға итермелейді. Бір жағынан, жылы ауа райы серуендеуге немесе суға түсуге қолайлы секілді көрінеді. Екінші жағынан, мұндай кезде денсаулық нашарлауының қаупі салқын ауа райына қарағандағыдан жоғары болуы мүмкін екенін ескермеуге болмайды. Төменде ыстық ауа райындағы демалыс пен саяхатта сақтау керек 5 ереже берілген.
Жанды табиғатты зерттеңіз
Климат пен басқа да факторларға байланысты әр аймақта табиғаттың өз ерекшелігі бар. Көп жағдайда қыста қауіп төндірмейтін жәндіктер мен жануарлар жылы ауа райында оянып, белсенді болады.
- Мысалы, Ресейде көктем келгенде кене шағу қаупі пайда болады. Олар энцефалит, боррелиоз және басқа да жағымсыз ауруларды тарата алады. Сондықтан орманда немесе биік шөп арасымен жүретін болғанда жабық киім киіп, репеллент қолдануды ұмытпаған жөн.
- Тропикалық елдерде денге қызбасы жиі өршиді, оны кәдімгі масалар тасымалдайды.
- Азияда туристер жыл бойы маймылдарға жиі тап болады. Оларға қолмен тамақ беруге тырысқанда тістеп алуы мүмкін. Бұл жағдайда құтыру, сіреспе және басқа инфекция жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан Азия елдерінен барарда аталған ауруларға қарсы екпе салдырған дұрыс. Егер маймыл тістеп алса, міндетті түрде тексеруден өту керек. Егер уақытылы медициналық көмек көрсетілсе, асқыну қаупі аз.
Сондықтан сапарлайтын жеріңіздегі табиғат құбылыстарын, жан-жануарлар, жәндіктер әлемін алдын ала зерттеңіз. Қажет болса, алдын ала шаралар қабылдаңыз, мысалы, энцефалитке немесе құтыруға қарсы екпе алыңыз.
Жәндіктер шаққаннан кейін қатты қышу орын алады. Сондайда ең қауіпті болатыны – жәндіктің шағуының өзі емес, сол орынды тырнаған кезде кір түсіп кету қаупі. Сондықтан шағудан кейін қышу, ісіну немесе қызару болса, медициналық ем жасаңыз. Егер жара іріңдеп кетсе немесе терінің түсі өзгерсе, міндетті түрде дәрігерге көрініңіз. Ыстықта жара тезірек іріңдейді, сондықтан уақыт созбаңыз.
Сақтандыру полисі сапар кезінде өте маңызды! Кей жағдайларда өз медициналық қобдишаңыздағы дәрілер көмектеспеуі мүмкін. Сондайда сақтандыру полисі арқылы жергілікті клиникаға барып қаралып, тиісті емді алған абзал.
Ең дұрысы, жат жерде кез келген жәндік пен жануардан, мінез-құлқына қанық емес тіршілік иелерінен алысырақ жүру. Демалыстан ауру емес, жағымды әсер алған жақсы.
Күн белсенділігі төмен кезде шомылыңыз
Ыстық күндері теңізде немесе өзенде шомылу — жақсы идея. Бірақ дәл осы сәтте күн шектен тыс қызу әсер етіп, күн өтіп (күн соғуы) мазаны қашыруы мүмкін. Бұл жағдай қызу көтерілуі мен бас ауруынан бастап, ауыр түрінде есінен тану мен комаға дейін апаруы әбден ықтимал.
Сондықтан жағажайға таңертең, шамамен сағат 11:00-ге дейін барған жөн. Тағы бір жақсы уақыт — 16:00 мен 19:00 аралығы. Бұл уақытта күннің белсенділігі аздап төмендейді, сондықтан шомылуға да, күнге қыздырынуға да мүмкіндік бар. Ал сағат 11:00 мен 16:00 аралығында көлеңке, саялы жерде бас сауғалаған абзал.
Күннен қорғайтын крем қолданыңыз
Күннен қорғайтын құралдар – тек қыз-келіншектердің ермегі деп қарауға болмайды. Оны ьбарлық адам қолданғаны абзал. Сонымен қатар, тек жағажайда емес, ашық аспан астында жүрген кездің бәрінде қорғану керек. Терінің күнге күйіп, қарайып кетуінен бөлек, ұзақ мерзімді жағымсыз әсері де бар. Айталық, ультракүлгін сәулелер тері жасушаларының жұмысын бұзып, пигментация мен терінің ерте қартаюына себеп болуы мүмкін.
Күннен қорғайтын құралдар күн сәулесінің кері әсерін азайтуға көмектеседі. Мұндай құралдар крем, спрей, гель-стик түрінде шығарылады. Қай түрін болса да, үйден шығар алдында жаққан дұрыс, сонда ол жақсы сіңіп үлгереді. Ашық тұрған тері бөліктерінің бәріне жағыңыз, әйтпесе кремнің әсері азаяды.
Оңтүстік Азия елдеріндегі күн сәулесінен қорғану үшін SPF 30–50 дәрежесі бар құралдар жарамды.
Кремнің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен болса, оны қолданбаңыз. Әдетте күннен қорғайтын кремдер 2–3 жыл сақталады, бірақ ашылғаннан кейін біртіндеп әсері әлсірей береді. Тіпті алғашқы қолданғаннан кейін жарты жыл өткен соң-ақ оның қасиеті айтарлықтай нашарлайды. Сондықтан маусым сайын жаңасын алып тұрған дұрыс.
Сусыздануға жол бермеңіз
Ыстықта адам ағзасы тез ылғал жоғалтады. Сусызданған адам тез шаршап, қатты шөлдеп, басы ауырады.
Әсіресе балалар сусыздануды ауыр көтереді. Себебі олардың ағзасы зат алмасуды тиімді реттеуді әлі толық меңгермеген. Егде адамдарда да сусызданудан денсаулық нашарлауы ықтимал.
Газдалмаған су ішумен қатар, ағзадағы судың балансын қалпына келтіру үшін жеміс-жидек пен көкөніс жеген пайдалы. Ал газдалған не қант қосылған тәтті сусындар, керісінше, зиян. Себебі ағза қантты шығару үшін көбірек сұйықтық жұмсайды.
Мұз қосылған сусындар мен балмұздақты өте сақтықпен тұтыныңыз. Олар салқындатқанымен, көп мөлшерде қолданса, ауру шақыруы мүмкін. Сондай-ақ ыстықта алкоголь аса қауіпті, ол ағзаны одан әрі сусыздандырады.
Салқындауға тырысқанда абай болыңыз
Ауа райы ыстық боп тұрғанда тұмау, суық тию сынды аурулар мазаламайтын секілді көрінуі мүмкін. Сондықтан көп адам кейбір белгілеріне мән бермей, асқындырып алады. Бірақ тамақ ауырсынуы мен мұрын бітуі тіпті қолайлы климатта да пайда бола алады. Бұған себеп – дүкендерде, қонақүйлерде, такси мен басқа да көліктерде жұмыс істеп тұрған желдеткіш, салқындатқыш құрылғылар.
Дүкенде немесе метро ішінде кондиционердің салқын лебін сезсеңіз, одан алысырақ тұрған абзал. Таксиде жүргізушіден кондиционердің күшін азайтуды сұраңыз. Кәдімгі желдің өзі де ауру тудыруы мүмкін. Егер сквознякқа тап болсаңыз немесе қатты желде серуендесеңіз, тезірек жылы жерге кіргеніңіз жөн. Бір мезеттік салқын ауа сол сәтте жағымды көрінгенмен, соңыра келетін салдары аса ауыр болуы мүмкін.
Қосымша кеңестер:
- Ыстықта міндетті түрде бас киім киіңіз немесе орамал тағыңыз, бұл күн өтуден қорғайды.
- Қара, жасыл немесе көк сияқты қою түсті киім күн сәулесін көбірек сіңіреді, соған байланысты ыстықты қатты сезесіз. Ақ, сарғыш немесе сұр түсті киімдерді таңдаған дұрыс.
- Киімнің материалы да маңызды. Мақта мен зығыр терді жақсы сіңіреді, ыңғайлы. Ал синтетика (мысалы, полиэстер, нейлон) денеге ылғал жинап, жайсыздық тудырады.
- Ұйықтар кезде кондиционерді тікелей төсекке бағыттап қосып қоюға болмайды.
- Ыстық күндері экскурсия мен серуендеуді таңертең немесе кешке жоспарлаңыз. Күндізгі уақытта шығу керек болса, тікелей күн сәулесінен сақтаныңыз.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ: