Туристік мекемені қалай тексеру керек?
Сурет: cheapfortrip.com
Өкінішке қарай, туризм саласында туристерді алдап кету немесе сапасыз қызмет көрсету фактілері кейде кездесіп тұрады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дерегінше, жыл сайын туризм саласында ондаған шағым тіркеледі.
Жиһанкездер сапасыз қызметке (нашар қонақүй, кешіккен трансфер, дұрыс емес ақпарат) шағымданып жатады. Бұл бер жағы ғана. Жалған ваучер беру немесе арзан тур ұсынып, кейін қосымша ақы сұрау жағдайлары да жиі кездеседі. Жалған сайттар мен «бір күндік» агенттіктер жоқ турды сатып, соңында ақшаны алып, өзі жоғалып кетеді.
Байқағаныңыздай, шетелге сапар жоспарлағанда сенімді туроператор табу – маңызды әрі жауапты қадам. Алдап кетпейтін, сапалы қызмет көрсететін турфирманы таңдау үшін мынадай қадамдарды орындауға кеңес береміз.
1. Лицензиясы мен тіркелуі бар-жоғын тексеріңіз
Әрбір заңды туроператордың тиісті лицензиясы мен мемлекеттік тіркеуі болуы керек. Қазақстанда бұл мәліметтерді eGov порталынан немесе ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің сайтынан тексеруге болады.
2. Туроператордың келісімшартын міндетті түрде оқыңыз
Келісімшартта көрсетілген қызметтер нақты жазылуы тиіс: ұшу, трансфер, қонақүй, тамақтану, сақтандыру, т.б. Егер ондай мәліметтер толық емес болса, бұл көкейіңізде күмән оятуы керек.
3. Клиенттердің пікірлерін оқыңыз
Google, Yandex, Instagram немесе Tripadvisor сияқты платформаларда, басқа да әлеуметтік желілерде пікірлерді оқыңыз. Шынайы пікірлерге назар аударыңыз. Өте көп мақтау мен тым жағымсыз пікірлерге де күмәнмен қарауға болады.
4. Тәжірибесі мен тарихын зерттеңіз
Нарықта қанша жылдан бері жұмыс істейді? Бұрын қандай турлар ұйымдастырған? Белгілі бір бағытта (мысалы, Түркия, Еуропа) маманданып алған ба?
5. Байланыс деректері мен кеңсесі бар ма?
Ресми веб-сайты, нақты кеңсесі, байланыс телефондары мен әлеуметтік желілердегі белсенді парақшалары болуы тиіс. Тек WhatsApp арқылы ғана байланыс орнататын операторлар – қауіпті.
6. Баға мен төлем тәсілдерін салыстырыңыз
Тур бағасы нарықтағыдан тым арзан болса, бұл күмән тудырады. Алдын ала 100% төлем талап етсе, сақ болыңыз. Көп жағдайда төлемді толық емес, бөліп төлеу (алдымен жарна төленіп, қалғаны кейін төленеді) тәсілі қолданылуға тиіс.
7. Сақтандыру мен жауапкершілік
Туроператор сақтандыру қызметін ұсынуы тиіс. Бұл күтпеген жағдайлар туындағанда (рейс кешігуі, денсаулық мәселесі) көмектеседі. Сонымен қатар, кейбір туроператорлар «азаматтық-құқықтық жауапкершілік» сақтандыруына ие. Бұл қосымша сенім ұялатады.
Сондай-ақ, көп адамдар туроператор мен турагенттікті шатастырып жатады. Анығында, олардың атқаратын қызметі әртүрлі.
Туроператор – туристік өнімді (турпакетті) өзі құрастыратын компания. Яғни, олар әуе билеттерін, қонақүй броньдауын, трансферді, экскурсияларды, сақтандыруды және басқа да қызметтерді біріктіріп, дайын турпакет жасайды.
Турагенттік – «делдал» немесе сатушы. Яғни туроператор жасаған турларды клиенттерге сатумен айналысатын делдал мекеме. Олар өздері тур жасамайды, тек сатумен және клиентпен жұмыс жасаумен айналысады.
Қарапайым тілмен түсіндірсек, туроператор – нанды өзі пісіретін наубайшы; турагенттік – сол нанды сататын дүкенші.
Заңды түрде туындайтын келесі сұрақ: «Қайсысы тиімді – турпакетті туроператордан тікелей алу ма, әлде турагенттік арқылы алу ма?» Бұл жерде әр жолдың өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар.
1. Туроператор арқылы тікелей алу
Артықшылықтары:
- Баға төменірек болуы мүмкін, себебі делдал жоқ.
- Туроператордың жеке сайтында акциялар мен промокодтар жиі жарияланады.
- Қызмет түрлері мен турпакеттер туралы нақты әрі толық ақпарат аласыз.
- Қосымша комиссия төлемейсіз.
Кемшіліктері:
- Туроператор сізге тек өзінің өнімін ғана ұсынады, басқа компаниялардың турларын ұсынбайды.
- Кеңес беру жағынан агентке қарағанда жеке көзқарас аз болуы мүмкін.
- Түсініспеушілік немесе сұрақ туғанда, өзіңіз тікелей туроператормен байланысып шешуіңіз керек (күту уақыты ұзақ болуы мүмкін).
2. Турагенттік арқылы алу
Артықшылықтары:
- Агент бірнеше туроператордың ұсыныстарын салыстыра отырып, сізге ең тиімдісін табуға көмектеседі.
- Түсініспеушілік туындаса, агент сіз үшін туроператормен өзі сөйлеседі.
- Қандай елге бару керек, қандай қонақүй жақсы – бәрін кеңес беріп, бағыттап отырады.
- Құжаттарды рәсімдеу, сақтандыру, виза алу секілді мәселелерде көмек көрсетеді.
Кемшіліктері:
- Кей агенттер қосымша комиссия қосуы мүмкін (бірақ ол әрқашан емес).
- Егер агент тәжірибесіз болса, қате брондау немесе ақпараттық шатасу болуы мүмкін.
- Кейде агент сізге өзіне тиімді турды ұсынуы мүмкін, яғни сіз үшін ең жақсы нұсқаны емес.
Егер тәжірибеңіз бар, нақты қайда баратыныңызды білсеңіз — туроператордан алыңыз. Ал егер алғаш рет саяхаттасаңыз не сенімді кеңес керек болса, турагенттік арқылы алған тиімдірек.
Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
САЯХАТШЫЛАР қандай СЫЙЛЫҚҚА қатты ҚУАНАДЫ?