Сурет: avatars.dzeninfra.ru
Ақпан айында Чехиядағы Звичина төбесінде саяхаттап жүрген туристер кездейсоқ алтын қазынаға тап болған. Бұл туралы жаңалық ғаламторда тез-ақ тарады.
Екі турист Звичина төбесінің оңтүстік-батыс беткейінде серуендеп жүріп, жерге жасырылған екі металл жәшікке тап болған. Жәшіктердің ішінде жалпы салмағы 7 килограмм болатын алтын монеталар, зергерлік бұйымдар және басқа да заттар болған. Қазынаның жалпы бағасы шамамен 7,5 миллион чех кронасы (шамамен 300 000 еуро) деп бағалануда.
Туристер табылған қазынаны Чехияның Шығыс Богемия мұражайына тапсырған. Мұражай өкілдерінің айтуынша, алтын монеталар мен зергерлік бұйымдар 20-ғасырдың басында жасырылған болуы мүмкін. Қазына арнайы жасалған тас үйіндісінің астына көмілген екен. Бұл оқиға Звичина төбесінің тарихи маңыздылығын тағы бір рет дәлелдеді.
Звичина – Чехияның солтүстік-шығысындағы әйгілі туристік орындардың бірі. Төбенің биіктігі – 671 метр. Оның шыңында 1706 жылы салынған барокко стиліндегі шіркеу мен 1925 жылы салынған айналмалы күмбезі бар Raisova chata туристік үйі орналасқан.
Бұл – осындай бірінші рет болып тұрған жағдай емес. Әлемде туристер немесе қарапайым адамдар саяхат кезінде немесе серуендеп жүріп күтпеген жерден қазына тауып алған жағдайлар бірнеше рет тіркелген.
- 2015 жылдың ақпан айында Израильде әуесқой сүңгуірлер тобы теңіз түбінен шамамен 2 600 алтын монетадан тұратын ортағасырлық қазына тапты. Бұл Израиль тарихындағы ең ірі алтын монета қазынасы болып саналады. Қазына Кесария ұлттық паркі аймағындағы ежелгі порттың түбінде, шамамен 12 метр тереңдікте табылды. Сүңгуірлер алғашында монеталарды ойыншық деп ойлаған, бірақ олардың шынайы алтын екенін түсінген соң, Израильдің Антикалық мұралар басқармасына хабарлаған.
Монеталар саны – шамамен 2 600 болса, олардың салмағы 7,5 келі шамасында. Тарихшылар бұл монеталардың жасалу мерзімін Фатимидтер халифаты кезеңіне (10–11 ғасырлар) жатады деп тұжырымдады. Олардың көпшілігі Египетте және Солтүстік Африканың басқа аймақтарында соғылған деген де дерек бар. Монеталардың теңіз түбінде табылуы олардың кемемен тасымалданғанын және кеменің апатқа ұшырағанын көрсетеді.
Монеталардың кейбірінде тіс іздері байқалған, бұл олардың шынайылығын тексеру үшін тістелгенін көрсетеді.
- Осыған ұқсас жағдай 2013 жылы АҚШ-та орын алған. Бұл оқиға «Saddle Ridge Hoard» деп аталып кеткен және АҚШ тарихындағы ең ірі кездейсоқ табылған алтын қазыналардың бірі саналады.
Калифорния штатындағы Sierra Nevada тау бөктерінде ерлі-зайыпты ауыл тұрғындары өздерінің жер телімі маңында серуендеп жүреді. Жол бойында олар топырақтан аздап шығып тұрған ескі, тот басқан темір құтыны байқап қалады. Қазып қарағанда ішінде алтын монеталар жатқанын көреді. Жақын маңды қазғанда осындай тағы бірнеше банка табылады.
Барлық құтылардағыны қосқанда, жалпы саны 1 427 алтын монета шыққан. Көпшілігі өте жақсы сақталған, кейбірі нумизматикалық тұрғыда өте сирек саналатын үлгілер болып шықты. Бағалау құны – 10 миллион долларға дейін (кей монеталар арзанырақ, кейбірі өте қымбат).
Қазынаның нақты иесі немесе шығу тегі анықталмаған. Кейбіреулер бұл ескі банктің жасырын сақтаған қорлары немесе қалалық қазынадан ұрланған алтын болуы мүмкін деген болжам айтады.
Алайда, ФБР де, басқа агенттіктер де нақты иесін таппады. Сол себепті ол «заңды табыс» деп танылып, иелеріне қалдырылды.
Ерлі-зайыптылар өмір бойы өте қарапайым өмір сүріп келген. Ең таңқаларлығы, олар кенеттен тапқан бұл байлықты өз пайдаларына жұмсамай, сақтап қойған. Яғни, өмір салттарын онша өзгертпеген. Тек кейбір монеталарды Amazon арқылы нумизматтарға сатып жіберген. Қалған көпшілік бөлігі әлі де өздерінде сақтаулы көрінеді.
- Үндістанда, Санджай Ганди ұлттық паркінде көне алтын әшекейлер табылған. Туристік жолдан шығып кеткен бір топ саяхатшы көне храм қалдықтарын зерттеп, қазынаның ізін тапқан. Кейін бұл аймақ археологиялық қорғанысқа алынды.
Мұндай оқиғалар археология мен тарих үшін үлкен жаңалық болып есептеледі. Бұл оқиғалардың көбі кездейсоқтықпен болғанымен, олар тарихты қайта қарауға себеп болған. Айта кету керек, көптеген елдерде мұндай табылған қазыналар мемлекет меншігіне өтіп, табушыға сыйақы беріледі.
Дайындаған: Б. ЕРМАН,
ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:
ХАБАРЫҢЫЗ БОЛСЫН: 2025 жылы жаңадан қосылған халықаралық әуе рейстері