Жүлдегерлер қала әкімінің арнайы дипломымен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Шымкентте Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш байқауының бірінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2019 жылдың қараша айында Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби мен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына қойылуы жоспарланған ескерткіш-кешендерінің жобаларына қойылатын талаптар айқындалып, байқау жарияланған болатын.
Ашық конкурс негізінде Әбу Насыр әл-Фараби ескерткішіне 12 жоба бойынша 7 үміткер және Абай Құнанбайұлының ескерткішіне 14 жоба бойынша 7 үміткер қатысқан. Үздіктерді анықтау үшін Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары, басқарма басшылары және елімізге танымал сәулетшілер мен суретшілерден арнайы комиссия да құрылған.
Бірінші кезеңді қорытындылап, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» анықтау отырысына Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов арнайы қатысты.
«Келер жыл еліміз үшін ерекше рухани оқиғалар кезеңіне айналғалы отыр. Дала данышпаны, әлемнің «екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық және ұлтымыздың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде атап өту жауапкершілігі тұр. Қазақ ұлыларын ұлықтап, даналарын төрге оздырған халық. Біз осы бабаларымыз арқылы елімізде ежелден өркениеттің, ғылым мен білімнің, әдебиеттің өркен жайғанын бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сондықтан бұл мерейтойлар бәріміз үшін үлкен сын, тарихи жауапкершілік деп білемін. Осыған байланысты қаламызда Ұлы тұлғалардың ескерткішін орнату бойынша үздік жобаларды анықтау оңайға соқпайтыны белгілі. Біз әр қатысушының эскиздік жобасына ықыласпен, зейінмен қарауымыз тиіс. Себебі, қаламыздың қасбеті мен шырайын ашатын ескерткіш орнату негізгі мақсатымыз болып табылады», - дейді Ерлан Қуанышұлы.
Сондай-ақ, үш сағатқа созылған бағалау нәтижесімен Әл-Фараби ескерткішінің эскиздік жобасы бойынша 1-орынды Ерғали Мұстафаев, 2-орынды Бәймен Батухан, 3-орынды Өмірзақ Шанов иеленсе, Абай ескерткішінің эскиздік жобасы бойынша 1-орынды Әбдікәрім Ахметов, 2-орынды Құттыбек Жақып, 3-орынды Ерғали Мұстафаев алды. Жүлдегерлер қала әкімінің арнайы дипломымен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі