"Атам 2500 адамның ішінде халық жауы саналып, атылып кеткен" - Шымкенттіктер саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына тағзым етті

0
2 048


Шымкенттіктер 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай ұрпақтары тағзым жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

ХХ ғасырдың 30-жылдарында Қазақстанда ұжымдастыру науқаны, оның артынан келген ашаршылық нәубеті, кеңес заманындағы солақай саясаттың құрбаны болған қазақ халқының зиялылары қаншама?!

Шымкент қаласы, Қайтпас елдімекенінде осынау зұлматты жылдардың құрбандарын еске алу мақсатында 2001 жылы «Қасірет» мемориалы салынып, бүгін таңда бұл жер де жыл сайын қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шерулері ұйымдастырылуда.

Сол құрбандардың ұрпақтарының бірі - Гүлбахира Ерменбекова. Оның атасы 1937 жылы халық жауы атанып, осында ату жазасына кесілген екен.



«Ерменбек Әликеұлы 1883 жылы Түлкібас ауданы, Жаңаталап аулында дүниеге келген. Ол кісі молда болған. Самарқанда араб тілін меңгерген. Өз аулында имам болған. 1937 жылы халық жауы деп ату жазасына кесілген. Қайтыс болған соң ресми түрде 1969 жылы ақталып шығарылды», - дейді Гүлбахира Ерменбекова.

Дәл осындай азаматтардың бірі Әділбек Сұлтанов әулетімен бірге 1988 жылдан бері жыл сайын қайта жерлеген жерге келіп, еске алу күнін өткізіп Құран бағыштап кететінін айтты. Оның айтуынша жылда бұл шара ескертілетін, ал биыл белгісіз себептермен өтетін уақыт жайында ескертілмеген.



«Менің атам Сатыбалдиев Исмаилхан - 1904 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 1922 жылы Шымкент қаласында мектеп ашқан.Ташкент қаласында университетті бітірген. Шымкентте мектеп ашып, одан кейін партия жұмысына ауысып, Мәскеу қаласына партия жөнінен оқуға жіберілген. Онда заңгерлер университетін үздікпен бітірген соң Шымкентте қалалық сот қызметінде қызмет атқарған. Одан кейін 1932-1935 жыл аралығында Алматыда жоғарғы Сот болып жұмысқа кеткен. Одан кейін Шымкентте обком екінші секретарі болып дайындалады. 1935 ақыры 1936 басында Қызылқұм райком секретарі болып қызметке кіріседі. Онда 1937 жылы 25 тамыз күні халық дұшпаны деп қамаққа алынады. Әйелін түрмеге қамап, інісін жұмыстан босатып, сіңлілерін оқудан шығарып жібереді. Ал менің анамды (атасының жалғыз қызы) балалар үйіне өткізеді. Оның інісі қызын өзіне алып қалады. 1938 жылы ақпанның 19 күні атамызды 2500 адамның ішінде халық жауып деп атылып кетеді. 1956 ақталады», - дейді Әділбек Сұлтанов.