​БЕРЛИН ТӨРІНДЕГІ НАУРЫЗ ДУМАНЫ: Шымкент өнерпаздары Еуропада қазақ мәдениетін танытты

0
58

Мереке аясында қазақ мәдениетінің символы — киіз үй тігіліп, ұлттық қолөнер бұйымдары мен қазақтың дәмді тағамдары ұсынылды.


​БЕРЛИН ТӨРІНДЕГІ НАУРЫЗ ДУМАНЫ: Шымкент өнерпаздары Еуропада қазақ мәдениетін танытты

Германия астанасы Берлин қаласында Ұлыстың ұлы күні — Әз-Наурыз мерекесі ерекше сән-салтанатпен атап өтілді. Қазақстанның Германиядағы Елшілігі мен Түркия Республикасының Елшілігі ұйымдастырған мәдени іс-шаралар аясында «Шымкент концерт» концерттік ұйымының өнерпаздары қазақтың төл өнерін Еуропа төрінде асқақтатып, мәдени дипломатияның жарқын үлгісін көрсетті.

Мәдени алтын көпір 2026 жылғы 29 наурызда Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен өткен салтанатты кеште Шымкент қаласының үздік өнерпаздары неміс жұртшылығы мен қазақ диаспорасына ұлттық өнердің жауһарларын паш етті. Жиынның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Германиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов Наурыз мейрамының халықаралық деңгейдегі маңызына тоқталып, шымкенттік әртістердің екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Мереке аясында қазақ мәдениетінің символы — киіз үй тігіліп, ұлттық қолөнер бұйымдары мен қазақтың дәмді тағамдары ұсынылды. Бұл шетелдік қонақтарға көшпенділер мәдениетінің тереңдігін сезінуге мүмкіндік берді.
Дала үнін Берлин аспанында шарықтатқан «Қаған» ансамблі мерекелік думан Түркия Республикасының Германиядағы Елшілігі қабырғасында жалғастырды. Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы мәдени интеграцияны айшықтаған бұл кеште «Қаған» этно-фольклорлық ансамблі басты назарда болды. Өнерпаздар домбыра, қылқобыз, жетіген мен шаңқобыз секілді көне аспаптардың үнін заманауи этно-стильмен шебер ұштастырып, тыңдарманды Ұлы Даланың тарихына жетеледі.
Ансамбль мүшелері дәстүрлі күйлермен қатар неміс әуендерінің өзіндік интерпретациясын орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әртістердің көшпенділер дәуірін бейнелейтін бірегей тарихи киім үлгілері кештің көркін ашып, шетелдік дипломатиялық корпус өкілдерінің ерекше қызығушылығын тудырды.
Кеш барысында «Шымкент концерт» концерттік ұйымының дәстүрлі әншілері Оразәлі Жаңабай мен Жұлдызай Тұрғанбек қазақтың кең дауысты халық әндерін әуелете шырқап, ұлттық музыканың құдіретін көрсетті. Түркия мен Қазақстан арасындағы рухани сабақтастық ерекше сезілген бұл жиын бауырлас халықтардың ортақ мұрасын дәріптеудің биік белесі болды.
«Шымкент концерт» концерттік ұйымы ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейде насихаттап, төл өнерімізді халықаралық сахналарда төрге шығару бағытындағы жұмыстарын жалғастыра бермек. Шымкенттік өнерпаздардың бұл сапары мәдени дипломатияның және ел мерейін үстем еткен рухани жеңістің көрінісі болды.
Бөлісу