Биыл Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің құрылғанына 29 жыл толады

0
656

Шымкент қаласы әкімінің 1992 жылғы 26 қазандағы №86 шешімімен «Шымкент қаласының мемлекеттік архиві» жеке құрам бойынша құжаттарды сақтайтын мекеме ретінде қызметін бастады.


 Биыл Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің құрылғанына 29 жыл толады

Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің құрылғанына биыл 29 жыл толады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекетіміз үшін аса маңызы бар, тарихи деректердің қазынасы болған, болашаққа рухани мұраны қалдыруда мемлекеттік архивтің маңызы ерекше. Биыл Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің құрылғанына 29 жыл толады.
Шымкент қаласы әкімінің 1992 жылғы 26 қазандағы №86 шешімімен «Шымкент қаласының мемлекеттік архиві» жеке құрам бойынша құжаттарды сақтайтын мекеме ретінде қызметін бастады.
Бастапқыда мекеменің штат бірлігінде 1 директор, 2 архивші, 1 есепші, яғни 4 маман жұмыс істеді. Қала көлеміндегі алып кәсіпорындар, фабрикалар, өзге де мекемелер меншік турын ауыстырған кездегі құжаттардың жоғалып кетпей, мемлекеттік сақтауға қабылдау жұмыстарына осы 4 қызметкер көп еңбек сіңірді.
Мемлекеттік архивтің негізгі қызметі – Ұлттық архив қорын жинақтау, тұрақты және жеке құрам бойынша жеке текті құжатарды мемлекеттік есепке алу, сақталуын қамтамасыз ету, пайдалану. Сол бір жылдары мемлекеттік архивтің өз алдына ғимараты болмай, әр мекеменің бөлмесін жалға алып, көшіп-қона жүріп те құнды құжаттарды сақтай білді.
– Алғаш ашылған уақыттарда тұрғылықты ғимаратымыз болмай, көшіп-қонып жүрдік. Облыстық әкімдіктің ауласында орналасқан «Шымкент өңірлік мемлекеттік архивінің» жертөлесін жалдап тұрған кезіміз. Бір күні жертөледе су құбыры жарылып бүкіл құжаттар су астында қалды. Құндылықтарды қорғау, оны сақтау мақсатында су болған құжаттарды әкімдік ауласына жайып тастап, 2 айға жуық күн-түні күзеттік. Осы қиын сәтті көзбен көрген сол кездегі облыс әкімі Шымкент қаласының архивіне жаңа ғимараттың керек екенін түсінді. Ғимарат салуға жер телімі дайындалып, құрылыс қарқынды жүргізілді. Бүгінде еңселі, биік, жаңа ғимаратта қызмет атқарып келеміз, – дейді мекеме басшысы Айпар Шажалықызы.
Кезінде 4 адаммен қызметін бастаған мекеме бүгінде Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты «Шымкент қалалық мемлекеттік архиві» КММ ретінде 41 қызметкермен, яғни 4 бөлім жұмыс істеуде.
Мемлекеттік есепте тұрған 458 мекеменің құжаттарын бақылау жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету бойынша жылына 7-8 мыңға жуық азаматтардың өтінішін дер кезінде қабылданып, мерзімінде сапалы қызмет көрсетіп келеді. Сонымкен қатар, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына сәйкес «Архив-20-25» кешенді жоспары бойынша «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде құжаттарды цифрлы таңбаға көшіру мақсатында заманауи техникалармен жабдықталып, нәтижелі жұмыстар атқарылуда.