2024 жылы Құрсай, Сайрам тұрғын алабы аумақтарын ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын аяқтап, ауыз су жүйесімен 100%-ға қамтамасыз ету жоспарлануда.
ERNUR.KZ. Шымкент қаласындағы Өңірлік Коммуникациялар қызметінің алаңында «2023 жылы Шымкент қаласында энергетика және инфрақұрылымды дамыту саласындағы жұмыс пен жетістіктер және 2024 жылға арналған жоспарлар туралы» баспасөз конференциясы өтті.
Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысының орынбасары Азат Қайнарұлы үшінші мегаполистің инфрақұрылымды дамыту саласындағы атқарылған жұмыстар қатары пен нәтижелерін, сонымен қатар 2024 жылда орындалатын жұмыс жоспарларын баяндады.
Азат Қайнарұлының сөзінше, қазіргі таңда, 81 шағын ауданның 25-і кәріз жүйесімен қамтамасыз етілсе, 56 шағын аудан қамтылмаған. 2023 жылы 9 нысанның құрылыс жұмыстарына 8,6 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 2 магистралды кәріз коллекторының (Тұраннан КОС-қа дейінгі магистрал, Шымсити коллектор), 7 ішкі орамдық жүйенің (Мирас- Шапағат-2, Тассай, Тұран ішкі жүйе, Қайтпас-2, Нұртас, 112 орам, Бозарық 74 га) құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қамту көрсеткіші 60%-дан 65%-ға өскен.