Биыл Шымкентте кәрізбен қамту көрсеткіші 60%-ға жетеді

0
671

Бүгінде бұл көрсеткішті арттыру мақсатында барлығы 16 нысанның құрылысы жүргізілуде.


Биыл Шымкентте кәрізбен қамту көрсеткіші 60%-ға жетеді

Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген болса, биыл кәріз жүйесіне қосылған елдімекен саны 6-ға артады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Осылайша қаланың кәрізбен қамтылу көрсеткіші 54 пайыздан, 60 пайызға жететін болады. Бүгінде бұл көрсеткішті арттыру мақсатында барлығы 16 нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы және 13 елді мекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда. Жыл соңына дейін Арғынбеков, Тұран магистралды кәріз коллекторларының және Достық кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен бірге, Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік – Шығыс, Хлопзавод, Жұлдыз тұрғын алабындағы ішкі орамдық кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталып, осы 6 елді мекен орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылады.
Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен. Биыл қаладағы 9 нысанда құрылыс жұмысы басталады. Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Достық су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде, Самал-3, Ұлағат, Мирас, Солтүстік-шығыс, Шапағат-2 шағын аудандары мен Хлопзавод көшесіндегі 48 мыңнан астам адам кәріз жүйесіне қосылады. Жыл соңына дейін қамтылу көрсеткіші 60%-ға өседі. Қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр, дейді мамандар.
Қаланың оңтүстік пен солтүстік бөлігін кәрізбен қамтудың 2022-2025 жылдарына арналған жоспарына сәйкес кәріз тазалау станциясы мен сорғы станциясының коллекторлары және елді мекендерде ішкі жүйелер құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.