ДӘРІ-ДӘРМЕКСІЗ, ИНЕ САЛМАЙ-АҚ: шымкенттік келіншек әйелдерді "жасартумен" айналысып жүр

0
6 236

Ешқандай косметикасыз, ине қолданбай-ақ 10 жылға дейін "жасарта" алады.


ДӘРІ-ДӘРМЕКСІЗ, ИНЕ САЛМАЙ-АҚ: шымкенттік келіншек әйелдерді

Бұрын акушер, экономист және банк қызметкері болған келіншек бүгінде әйелдерге кереметтей табиғи сұлулық тарту етіп жүр.


Бүгінде табиғи әдемілікті қолдайтындар саны артып келеді. Әсіресе әйелдер арасында бет терісіне арнайы массаж жасау арқылы әжімді кетіріп, балғындық сыйлайтын мамандар көбейген. Жас көрініп, жастығын сақтап қалуды қалайтын әйелдер үшін Шымкент қаласында да бет-әлпеттің скульпторы атанғандар баршылық. Солардың бірі шымшаһарлық МАДИНА РАХИЕВА.


Жас ұлғайған сайын бет терісіне әжім түсіп, ажары жоғала бастайды. Әрқашан әдемі боп жүруді қалайтын әйелдер қауымы үшін бет терісінің мінсіз болуы маңызды. Қазіргі таңда бет терісін жасарту үшін жасалатын амалдар өте көп. Түрлі косметикалық құралдардан бастап арнайы процедураларға дейін жалғасады.

Алайда барлығы бірдей бет терісін жақсартуға бағытталғанмен, артық қылам деп тыртық қылатын жағдайлар да аз емес. Бетін әрлеп-әдемілеймін деп, сұлулықтың құрбаны болып жатқандар да бар.


МАДИНА инесіз, ешқандай дәрілік процедурасыз биологиялық жасыңызды жасартуға көмектесетін маман. ZEN массажын жасау арқылы тек бет-жүздің ғана емес, бүткіл ағзаның қызметін реттеуге көмектесетін маманға күн сайын сұраныс та артып келе жатыр.

* (ZEN массажы - тән мен жанның және бет-әлпеттің табиғи жасаруы мен емделуі. Сонымен қатар, Азиядағы Қытай, Жапония, Тибет және Үндістан секілді алдыңғы қатардағы мемлекеттердің техникаларының құрамасы)



Кейіпкеріміздің бұл салаға келуінің өзі бір қызық жайт. Мадинаның жұмысы мамандығынан мүлде басқа сала. Екі оқу орнын тәмамдаған - біріншісі акушер, екіншісі экономист. Осы уақытқа дейін өзін түрлі салада сынап көрген. Атап айтатын болсақ, әкімшілікте, банкте, тіпті Қытай мен Түркияға да барып сауда-саттықпен де айналысып көрген екен.

- Бұл іске келуімнің басты себебі өзімді жақсы көргендіктен деп ойлаймын. Өйткені осыдан 3 жыл бұрын декреттік демалысқа шықтым. Бұрыннан өзіме уақыт бөлетінмін, бірақ демалысқа шыққан соң бос уақытым көбейе бастады. Сол кезде өз бетімше ізденуге кірістім. Басында әлеуметтік желіден фейс-фитнес туралы ақпараттарды оқып танысып жүрдім. Кейін уақыт өте келе қызығушылығым арта түсті", - дейді Мадина.

Мадина бет терісіне массаж жасау үстінде (фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан)


Әйелдер босанған соң ісінуі - ең көп кездесетін проблемалардың бірі. Мадинаның да осы салаға келуінің бірден-бір себебі осы. Декреттік демалысында тек телефон арқылы үйренген массаждарды өзіне жасап, нәтижесі таңғаларлық болған соң ойланбастан осы саланы меңгеруге бел байлаған.

- Алғашқы кезде нәтижелерін көріп өзім де таңқалдым, шынымен де көмектеседі деп ойламадым. Қызығушылықтан туындаған нәрсе осылайша менің мамандығыма, тіпті табыс көзіме айналды, - дейді маман.


Бет-әлпеттің жас көрінуі үшін алдымен әйел адамның дені сау болуы керек. Бетте пайда болатын әжімдердің барлығы ағзамен тікелей байланысты. Кейіпкеріміздің айтуынша, көп әйелдер осы мәселеге назар аудармайды екен. Бет терісінің мінсіз болуы үшін тек массажға бару жеткіліксіз. Адам спортпен шұғылданып, суды жеткілікті дәрежеде пайдаланып дұрыс тамақтануды қолға алса, қартаю процесінің де алдын алады.

Жалпы ZEN массажы табиғи жолмен жасаруға көмектесетін таптырмас әдіс. Басқа әдістерден айырмашылығы - ешқандай инесіз, дәрі-дәрмексіз жас қалпыңызға қайта оралуға мүмкіндік береді. Жас келген сайын пайда болатын беттегі әжімдер, бет терісінің салбырауы, мұрын-ерін айналасындағы қыртыстар, маңдайдағы әжімдер, екінші иектің пайда болуы сынды барлық мәселелерді табиғи жолмен шешу жолы. Нәтижесі де қуантарлық.

Маман массажға келетіндердің басым көпшілігі 30-дан асқан әйелдер екенін айтып өтті. Бірақ Мадинаның айтуынша, барлық жағдайдың алдын алған дұрыс. Тіпті, қарттықтың да. Өзін жақсы көрген әр әйел өзіне уақыт табады, отбасы, жұмыс, қаржы мәселесі, адамның өзіне күтім жасауына кедергі болмауы керек екенін айтады ол.


Мадина бұл салаға келгеніне көп болмаса да, жеткен жетістіктері өте көп. Бір орында тоқтап қалмақ емес, біліктілігін арттыру мақсатында көптеген курстарға да қатысып тұрады. Болашақта өз кәсібін кеңейтіп, жеке кабинет ашу жоспарында бар. Алдағы уақытта шеберлік сабақтарын өткізіп, шәкірт тәрбиелеуді қолға алмақшы. Шәкірт тәрбиелеудегі мақсаты, әр адамның өзіне ұнайтын іспен айналысып, өзіне-өзі жұмыс істегенін қалайды.

- Қазіргі таңда табиғи сұлулықты қолдайтындар өте көп. Табиғи жолмен жас көрінгісі келетіндердің қатары артуда. Осыдан-ақ бұл кәсіптің болашағы зор екендігіне сенемін, - дейді өз кәсібіне көңілі толатынын және болашағын да бағдарлап отырған Мадина.


"Маған келген әйелдер барлық қарбалас шаруадан бір сәт демалуға мүмкіндік алады. Күнделікті бітпейтін тірліктен босап, өздеріне уақыт бөледі. Массаж жасау кезінде келген адамға барынша жайлы жағдай жасауға тырысамын. Ең алдымен бөлме ішінде жайлы атмосфера қалыптастырамын. Жанға жайлы музыка, ыңғайлы орын, бөлмедегі тыныштық - осының барлығы келгендерге оң әсер етеді. Осылайша пайдалы әрі керемет демалыс етіп өткізуге барымды саламын. Өзімнің сүйікті ісіммен айналысу арқылы қоғамға барынша пайдалы болғым келеді", - деген Мадина Рахиева (@madina_rakhiyeva) әрбір қыз-келіншекті өзіне уақыт бөліп, табиғи сұлулығын сақтауға шақырады.

Сұхбаттасқан: Сәрсенбай Ұлбосын,

ERNUR.KZ