"Demo Day": Шымкенттік оқушылар халықаралық стартап байқауында жеңімпаз атанды

0
687

Astana HUB Demo Day жеңімпаздарына жобаларын жүзеге асыруда қаржылық қолдау көрсететін болады. ​


Шымкенттік оқушылар Халықаралық IT-стартаптар технопаркі ұйымдастырған Demo Day алаңында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ақтау қаласындағы Зияткерлік мектепте «Caspian Startup-2022» халықаралық стартаптар байқауы өткізілді. 2022 жылы дәстүрлі байқауға Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркменстаннан 120-дан астам жоба келіп түскен. Олардың барлығы табысты стартаптарды құру және ілгерілетуге, сондай-ақ стартап мәдениетін қалыптастыруға, инвесторлар тартуға, зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған.

Сондай-ақ бұл жылы алғаш рет «Caspian Startup-2022» байқауымен қатар, Зияткерлік мектептер мен Халықаралық IT-стартаптар технопаркі ұйымдастырған жаңа жобасының қатысушыларын біріктіретін Demo Day шарасы өтті. Одан алдын үш ай бойы NIS оқушылары Astana HUB-та онлайн оқудан өтіп, тәлімгерлермен бірлесіп өз жобаларын әзірлеген болатын.

Аталмыш байқауға Шымкенттік Зияткерлік мектептің оқушылары да қатысып, өз жобаларын таныстыруға мүмкіндік алды.

Ұсынылған жобалардың ішінде Шымкенттік қос NIS оқушыларының «Colight» командасы: Зинаэнур Ислам, Қадіржан Лутфуллаев, Нариман Исаев, Ақбота Сәрсембекова стартаптары үздік деп танылды.

Ойлап тапқан құрылғы демікпемен ауыратын, жиі тыныс алу ұстамалары болған науқастарға алғашқы көмек көрсетеді.

- Болашақта біздің жобамызды дамытуды және басқа да акселерациялық және инкубациялық бағдарламаларға қатысуды жоспарлап отырмыз. Осы жылдың қыркүйек айында біз қосымшаның альфа нұсқасын іске қосуды қолға аламыз – дейді Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы, жоба авторларының бірі Зинаэнур Ислам.

Astana HUB Demo Day жеңімпаздарына жобаларын жүзеге асыруда қаржылық қолдау көрсететін болады.

Айта кетейік, Шымкенттік оқушылар республикалық олимпиадада 48 медаль иеленді.