Ғабит Сыздықбеков: «Қалаға 5 жылда 6 трлн теңге инвестиция тарту көзделуде»

0
438

Соңғы 4 жылда 1,5 трлн теңге қаражат тартылып, көлемі 3 есеге артқан.


Ғабит Сыздықбеков: «Қалаға 5 жылда 6 трлн теңге инвестиция тарту көзделуде»

ERNUR.KZ.Инвестиция тартып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамту – негізгі міндеттердің бірі. Биыл 10 айда мегаполиске тартылған инвестиция 22, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 15, бөлшек сауда көлемі 19, көлік қызметі 21, өнеркәсіп өнім көлемі 1,7 пайызға артты. Жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқынын 4,2 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.

Қала басшысы мегаполис экономикасының өсу драйвері инвестициялық тартымдылығы екенін атап өтіп, соңғы 4 жылда 1,5 трлн теңге қаражат тартылып, көлемі 3 есеге артқанын жеткізді.
«Алдағы 5 жылда 6 трлн теңге инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Бұл бағытта нақты жоспарымыз бар. Қазірдің өзінде жалпы сомасы 1,7 трлн теңгені құрайтын 229 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Оның ішінде басым бағыттары өңдеу өнеркәсібі саласында – 405,8 млрд теңге, тұрғын үйге – 594,4 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 128 млрд теңге, ауылшаруашылығына 363,9 млрд теңге жоспарланып отыр», – деді қала әкімі.
Жобаларды іске қосу нәтижесінде 34 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінде бұл бағытта импорт алмастырушы және экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыратын инвесторлармен тиісті жұмыстар жүргізілуде.