Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыратын тағы бір маңызды фактор – ауқымды жобалардың жүзеге асырылуы. Энергетика, мұнай-химия, медицина, агроөнеркәсіп және «жасыл» экономика бағыттарындағы жобалар алдағы жылдары қаланың экономикалық бейнесін түбегейлі өзгертпек. Атап айтқанда, жылыжай кешендері, электр энергиясын өндіру нысандары мен жоғары технологиялы өндірістер іске қосылады деп жоспарлануда.
Соңғы жылдары Шымкент қаласы инвестиция тарту бағытында қарқынды дамып, еліміздегі ең белсенді экономикалық орталықтардың біріне айналып келеді. 2025 жылдың қаңтар–қараша айларында қала экономикасына 715 млрд теңгеден астам инвестиция құйылып, өткен жылмен салыстырғанда тұрақты өсім тіркелді.
Бұл көрсеткіш Шымкенттің инвесторлар үшін сенімді әрі болашағы зор өңір екенін айқын көрсетеді.
Қалаға тартылған қаржының басым бөлігі жеке инвестициялар есебінен қамтамасыз етілген. Бұл бизнестің Шымкентке деген қызығушылығы артып келе жатқанын білдіреді. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың үлесі де жылдан жылға өсуде. Биылдың өзінде қалаға ондаған миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылып, олардың негізгі бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталды.
Инвестициялық белсенділіктің артуы жаңа өндірістердің ашылуына жол ашты. Қалада құрылыс материалдары, химия, тамақ өнеркәсібі, қағаз, алюминий қаптамасы және өзге де өнім түрлерін шығаратын зауыттар іске қосылуда. Бұл тек өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жүздеген, тіпті мыңдаған жаңа жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік беріп отыр.
Шымкенттің инвестициялық тартымдылығын арттыратын тағы бір маңызды фактор – ауқымды жобалардың жүзеге асырылуы. Энергетика, мұнай-химия, медицина, агроөнеркәсіп және «жасыл» экономика бағыттарындағы жобалар алдағы жылдары қаланың экономикалық бейнесін түбегейлі өзгертпек. Атап айтқанда, жылыжай кешендері, электр энергиясын өндіру нысандары мен жоғары технологиялы өндірістер іске қосылады деп жоспарлануда.
Сарапшылардың пікірінше, бұл жобалар Шымкенттің тек аймақтық емес, халықаралық деңгейдегі өндірістік және инвестициялық орталыққа айналуына жол ашады. Инфрақұрылымның дамуы, индустриялық аймақтардың кеңеюі және мемлекеттік қолдау шаралары инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.