"Халықаралық балалар күні": Шымкентте жаңа спорт зал пайдалануға берілді

0
894

Даңқты спортшылар жергілікті тұрғындарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, болашақ чемпиондар тәрбиелейтін орталыққа айналуына тілектерін білдірді.


Бүгін «1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесі аясында Шымкент қаласы Еңбекші ауданында елімізге танымал боксшы, Олимпиада жүлдегері Еркебұлан Шыналиевтің спорт залының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Спорттық нысанның ашылуына бокстан Қазақстан Республикасы құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов, бокстан әлем чемпиондары Махмұт Сабырхан, Сәкен Бибосынов, Қайрат Ералиев және т.б. белгілі спортшылар қатысты. Даңқты спортшылар жергілікті тұрғындарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтап, болашақ чемпиондар тәрбиелейтін орталыққа айналуына тілектерін білдірді.
Балалардың спортқа деген ынтасы жоғары. Ата-аналар да оларды үнемі қолдайды. Жаттықтырушылар да жеткілікті. Осыған дейін Көксай елді мекенінде спорт залы болмаған. Сондықтан осындай спорт залын ашуды жөн көрдік. Ауданның балаларын бір орталыққа жинап, бокс, дзюдо, каратэ, таэквандодан жаттықтырсақ деген мақсатымыз бар, – дейді спортшы Еркебұлан Шыналиев.
Мерекелік кеште Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Жайлауұлы барша спортшыларды, тұрғындарды, балаларды мерекемен құттықтап, аталған залдан елдің абыройын әлемдік ареналарда асқақтатып, көк туымызды биіктен желбірететін мықты спортшылар тәрбиеленіп шыға берсін деген ізгі тілегін білдірді.
Спорт зал «Даму бала» мемлекеттік жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында ашылып, мұнда балалар спорт түрлерімен тегін жаттығатын болады.

Айта кетейік, Шымкентте 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шаралар жалғасып жатыр. Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен «BalaShym» өнер фестивалі ерекше форматта өтуде. Өнер фестиваліне қаладағы қосымша білім беру ұйымдарының жас өнерпаздары жиналып, 5 бағыт бойынша өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Эстрадалық вокал, хореография, қолөнер, сурет салу бағыттары бойынша көрермендер балалардың шығармашылығын тамашалады. Мереке Шымкент қалалық және қуыршақ және жасөспірімдер театры әзірлеген «Қуыршақтар шеруімен», Шымкент қалалық зообағында жалғасын тапты.