Көшпелі кездесу Шымсити шағын ауданында жалғасты.
ERNUR.KZ. Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің кезекті көшпелі кездесуі Абай ауданынан басталды.
«Асар» аллеясында ұйымдастырылған көшпелі жиында тұрғындар көгалдандыру және жаңа мектеп салу мәселесін көтерді. Қала басшысы суғару жүйесі мен абаттандыру жұмыстары жолға қойылатынын айтып, жергілікті халыққа ыңғайлы аумақтан жаңа мектеп салуға уәде берді.
Көшпелі кездесу Шымсити шағын ауданында жалғасты. Мұндағы халық көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы, бағдаршам орнату және жылу жүйесі мен көпқабатты үйлердің сапасына байланысты бірқатар арыз-шағым айтты. Қала әкімі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қосымша жаяу жүргінші жолағы мен бағдаршам орнатып, жылу жүйесіндегі мәселені түпкілікті шешу үшін аталған ауданда келесі жылы 3 жаңа қазандық салынатынын жеткізді. Ал тұрғын үйлердің сапасына байланысты тиісті басқарма басшысына кемшіліктің бәріне талдау жүргізіп, олқылықтарды толық ретке келтіруді тапсырды.
Көшпелі отырыс Ынтымақ-2 шағын ауданында қорытындыланды. Жергілікті жұрт кәріз жүйесіне қатысты шағым білдіріп, жаз мезгілінде төзу мүмкін емес екенін айтты. Сондай-ақ көгілдір отынды қосу, ішкі орамдық жолдарға асфальт төсеу, қоғамдық көлік бағытын реттеу және жер телімдерін заңдастыру мәселелерін көтерді. Оған қоса, заманауи үлгіде жаңа емхана мен амбулаториялық медициналық пункт салып беруді сұрады.
Бүгінде аталған ауданда күніне 350 пациентті емдеу және 100 адамды қабылдауға арналған № 14 жеке емдеу орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Орталықты салып жатқан жеке кәсіпкер Жиделі елдімекеніне амбулаториялық пункт филиалын салуға уәде етті. Ал Қызылжар елдімекенінде жаңа емхана салу жоспарланып отыр.
Өзекті мәселелермен танысқан қала әкімі жағымсыз иіске байланысты мәселені шешу мақсатында кәріз тазалау имаратының қуатын арттыру үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Ал қоғамдық көліктердің жұмысын ретке келтіру бойынша қазіргі уақытта жүйелі жоспар әзірленіп отырғанын алға тартты. Осы орайда қала басшысы келесі жылы әр ауданда 200 көшеге жарықшам орнатылатынын айтып, халықтың тыныс-тіршілігі әрдайым назарында болатынын жеткізді.