"Олардың қатысы жоқ": Полиция қызметкерлері топ болып зорлады деген шетелдік әйел жаңа мәлімдеме жасады

0
213

Жақында 28 жастағы Ресей азаматы Эльмира Онгарбаева Қонаев қаласында өзін полиция қызметкеріміз деп таныстырған екі ер адам зорлады деп мәлімдеген еді.


ERNUR.KZ. Кейін Алматы облысының полиция департаменті күдіктілердің полиция қызметкері емес екенін хабарлады. Енді жәбірленуші адвокатымен бірге жаңа мәлімдеме жасады, деп жазады stan.kz.

Эльмира Онгарбаева алғашқы мәлімдемесі кезінде оқиғаға қатысты барлық мән-жайды білмегенін айтты.

"Маған қатысты ауыр қылмыс жасалды. Екі ер адам өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырды. Мен жаңылыстым. Кейін олардың бірінің полицияға еш қатысы жоқ екені анықталды. Бұған дейін әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда шындыққа сай келмейтін ақпарат айттым", – деді ол.

Жәбірленуші оқиғадан кейінгі жағдайына да тоқталды.

"Мен қатты күйзелісте болдым. Сол жағдайымды үшінші бір адам пайдаланып кетті. Оның өз мүддесі болды", – деді Эльмира Онгарбаева.

Ол бұған дейін полицияға қатысты айтқан сөздеріне де жеке тоқталды.

"Полициядан бұған дейінгі сөздерім үшін кешірім сұраймын. Менде дұрыс ақпарат болмады, қолымда толық мәлімет болған жоқ. Қатты қорықтым. Қазір полиция бұл іспен айналысып жатыр. Жанымда менің құқығымды қорғайтын білікті адвокат бар", – деді жәбірленуші.

Сондай-ақ Онгарбаева бұқаралық ақпарат құралдарынан тексерілмеген мәлімет таратпауға шақырып, іс бойынша ресми ақпаратқа сүйенуді сұрады.

Осы арада Алматы облысы полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Рустам Абдрахманов та істің қазіргі барысына қатысты пікір білдірді.

"Азаматтардың оң бағасы – жұмысымыздың ең жақсы көрсеткіші. Алматы облысы полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен жедел әрекетіне қатысты алғыс айтылды. Әріптестеріме лайықты қызметі үшін алғыс білдіремін. Сонымен қатар қылмыстық істің тергелу барысы Алматы облысы полиция департаментінің бақылауында", – деді Рустам Абдрахманов.

Еске салайық, Эльмира Онгарбаева алғашында Қонаевта өзін полиция қызметкеріміз деп таныстырған екі ер адам зорлады деп мәлімдеген. Осыдан кейін Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Полиция мәліметінше, арызда көрсетілген екі ер адам анықталып, полицияға жеткізілген. Кейін ведомство олардың полиция қызметкері емес екенін мәлімдеді.

Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.