Мұрат Әйтенов "Igilik Park" тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысты

0
279

Қазіргі таңда 12 000 шаршы метрлік 200 пәтерден тұратын 4 тұрғын үйге кәріз жүйесі мен су құбыры 95%-ға тартылып, электр желісі жүргізілуде.


Мұрат Әйтенов

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүріп жатқан "Igilik Park" тұрғын үй кешеніне барып, жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазіргі таңда 12 000 шаршы метрлік 200 пәтерден тұратын 4 тұрғын үйге кәріз жүйесі мен су құбыры 95%-ға тартылып, электр желісі жүргізілуде.
Халықтың сұранысы сапалы су, жарық және кәріз жүйелері. Бір рет жасалған жүйе ұзақ жылдар қызмет етуі керек. Сондықтан да сапаға аса мән беру керек”, - деді қала әкімі тиісті сала өкілдерімен кездесу барысында.
"Igilik Park" кешеніндегі пәтерлерді «Өз үйім» бағдарламасы арқылы алуға болады. Өтініш беру Банктің otbasybank.kz интернет-ресурсында жүзеге асырылуда.
Жалпы биыл 1605 үй сатып алу құқығынсыз жалға беріледі деп жоспарлануда. Оның ішінде, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға - 54, көпбалалы отбасыларға - 476, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына - 218, жұмыс істейтін жастарға – 857 пәтер беріледі. Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы өкілдерінің айтуынша, 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша халықтың әлеуметтік әлсіз тобы мен көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 329 отбасы, несие негізінде тұрғын жаймен қамтылған.
Айта кетейік, Шымкентте техникалық тексеру нәтижелері бойынша тозығы жеткен 107 тұрғын үй анықталған. Аталған тұрғын үйлерді реновация бағдарламасына енгізу қарастырылуда. Қазіргі таңда реновациялық бағдарламаны инвесторлар арқылы азаматтық заңнамаға сәйкес жүзеге асыру жайы қолға алынуда. Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын қаржыландыру жергілікті бюджет және инвестициялар арқылы, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр. Шымкент қаласында жыл соңына дейін 173,3 мың шаршы метр құрайтын жалпы саны 2084 пәтердің құрылысы жүргізілу жоспарланған. Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына кіреді. 2020 жылы 649,1 шаршы метрге баспана салынған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1 миллион шаршы метрге дейін жетті.