ӨНЕГЕЛІ ҰРПАҚ: Шымкентте тыл ардагерлері құрметке бөленді

0
236

Жастар ресурстық орталығының белсенді жастары мен №7 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мамандары үй жағдайында қызмет алатын тыл ардагерлері үйлеріне арнайы барып, құттықтады.


ӨНЕГЕЛІ ҰРПАҚ: Шымкентте тыл ардагерлері құрметке бөленді

Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған «Өнегелі ұрпақ» апталығында тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Іс-шара барысында белсенді жастар үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алатын қариялардың шаңырағына барып, 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №7 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы арқылы бүгінде 943 азамат үй жағдайында әлеуметтік қызмет алады. Оның ішінде 36 тыл ардагері бар.
Жастар ресурстық орталығының белсенді жастары мен №7 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мамандары үй жағдайында қызмет алатын тыл ардагерлері үйлеріне арнайы барып, құттықтады.
Алдымен жастар Галина Ахметқызы Муртазинаны мерекемен құттықтап, әннен шашу шашты. Галина Муртазина 1937 жылдың 14 сәуірінде дүниеге келген. Еңбек жолын кинотеатрда оператор болып бастап, осы саладан зейнетке шыққан. Бүгінде 89 жастағы тыл ардагері тың әрі сергек, бақша баптауды ұнатады. Ол 2015 жылы – Жеңістің 70 жылдығына, 2020 жылы – Жеңістің 75 жылдығына және 2025 жылы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталған.
Надежда Бабичева 1928 жылдың 10 қазанында Алматы қаласында дүниеге келген. 1952 жылы Шымкентке қоныс аударған. 98 жастағы кейуана соғыс басталған кезде небәрі 13 жаста болғанын айтып, сол кезеңдегі ауыртпалықтарды жастармен бөлісті. Ол 1948 жылы «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, 2025 жылы «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін иеленді.
Ал Бибиасма Хузина 1930 жылы Татарстан Республикасының Елабуга қаласында дүниеге келген. 1962 жылы Шымкент қаласына көшіп келіп, нан зауытында 40 жыл бойы шебер болып еңбек еткен. Тыл ардагері Жеңіс күнінің 70 және 80 жылдық мерейтойларына арналған медальдармен марапатталған.
Кездесу соңында тыл ардагерлері жастарға ақ батасын беріп, ел тыныштығы мен бейбіт өмірдің қадірін сақтауға шақырды.
Бөлісу