«Рамазан қоржыны»: Шымкентте 500 отбасыға азық-түлік себеті таратылды

0
713

Ізгілік акциясы аясында қаланың орталық мешіті – Ақмешітте әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтығы таратылды.


«Рамазан қоржыны»: Шымкентте 500 отбасыға азық-түлік себеті таратылды

Бүгін ҚМДБ Шымкент өкілдігі қала әкімдігімен бірлесе кезекті «Рамазан қоржыны» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ізгілік акциясы аясында қаланың орталық мешіті – Ақмешітте әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жиынтығы таратылды.
Рамазан – мейірімділік пен қайырымдылық айы. Жылдағы дәстүр бойынша қасиетті ай басталғаннан осындай қайырлы істі қолға алып отырмыз. Бүгін Шымкент қаласының әкімдігімен бірлесе 500 отбасыға ауызашар үшін азық-түлік себеті үлестірілді. Одан бөлек, күн сайын қаладағы 40 мешітте кәсіпкерлердің қолдауымен тұрғындарға ауызашар ұйымдастырылуда. Осындай ізгі істерде белсенділік танытқан кәсіпкерлер мен мешіт имамдарына алғыс айтамын, - деді қаланың бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов.
Ауызашарға арналған азық-түлік қорабын алған Абай ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Тұрсынай Жұманова қайырымдылық акциясына қолдау білдірген қала әкімдігі мен мешіт имамдарына өз алғысын жеткізді.
Бүгін алғаш рет мешітке келіп осындай ауызашар жиынтығын алып отырмыз. Рамазан айында халыққа азық-түлік таратуды ұйымдастырған қала әкімдігіне, мешіт имамдары мен жомарт кәсіпкерлерге көп рақмет, - деді көпбалалы ана.
«Рамазан қоржыны» қайырымдылық акциясы 5 ауданның орталық мешітінде күн сайын ұйымдастырылып, 500 отбасына азық-түлік жиынтығы таратылып жатыр. Аталеған іс-шара ай соңына дейін жалғасады.

Айта кетейік, өткен жылы да Қасиетті Рамазан айында Шымкент қаласы әкімдігі мен орталық мешіт жамағаты игі істі қолға алған болатын. Қос тараптың ұйымдастыруымен қалада «Рамазан қоржыны» қайырымдылық шарасы өткізілді. Акция аясында азық-түлік салынған себеттер мұқтаж отбасыларға таратылды. Атап айтатын болсақ, рамазан айының алғашқы екі күнінде Шымкенттік 700 отбасыға «Рамазан қоржыны» берілді.