Соңғы қоңырау күні шеру өткізіп, ойын-сауық құруға қатаң түрде тыйым салынады.
Шымкент қаласында соңғы қоңырау кезінде санитарлық нормалар қатаң сақталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.
«Биыл еліміздегі мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырауы әдеттегідей 25 мамырда өткізіледі. Соңғы қоңырау кеші 9, 11-сынып оқушыларының (300 баладан аспай) қатысуымен барлық санитарлық талапты қатаң сақтай отырып, мектеп ауласында ашық алаңда өтеді. Бұл ретте бітіруші түлектердің ата-анасы немесе заңды өкілдерінен тек 1 адам келуіне рұқсат етіледі. Ал шеру өткізіп, ойын-сауық құруға қатаң түрде тыйым салынады. Яғни, ол күні арнайы рейдтік жұмыстар жүргізіледі. Одан бөлек, бітіруші сынып оқушыларына бет әрлеуіне (макияж) рұқсат берілмейді. Оқушы білім ұйымының қабырғасында болғандықтан мектеп формасын киіп, әдеп сақтап, балғын түрінде соңғы қоңырау мерекесіне қатысуы керек», – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, бас ұстаз соңғы қоңырау күні түлектердің мектеп пен мұғалімге сыйлық сыйлауына қарсы екенін айтты.
- Бітіруші сынып түлектері білім ұйымы мен ұстаздарға сыйлық әпермеуі керек. Өйткені мектептегі қажеттіліктің бәріне қаржы бөлініп, қамтамасыз етілген. Ал ұстаздардың еңбегі мемлекет тарапынан өтеліп отыр. Сол себепті оқушы ата-анасына салмақ салмауы керек. Егер өзі тұлға болып қалыптасып, оқу ордасына қолғабыс білдірсе, жарасады, - деді Ж.Тәжиева.
Биылғы оқу жылында 11-сыныпты 9 342 түлек аяқтайды. Оның ішінде 513-і «Алтын белгі» үміткері. Ал, 9-сыныпты 16 267 оқушы («Үздік аттестат» – 415) бітіргелі тұр. Оларды қорытынды аттестаттау мектеп қабырғасында барлық санитарлық талапты сақтай отырып, 28 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді.