Білім күні шын мәнінде барша халықтың дәстүрлі мерекесіне айналды.
Бүгін еліміздегі барлық білім ордасы оқушылар мен студенттерге есігін айқара ашты. Соның ішінде Шымкентте 27 мыңнан астам оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қалалық білім басқармасының мәліметінше, бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен 2021-2022 оқу жылында 1 сыныпқа қабылданған оқушылар – 25 005 болса, 2022-2023 жылы –26781, ал биылғы оқу жылында – 26 969 оқушы қабылдау жоспарланғанымен оқушы саны жылдағыдай тағы да артқан. Шымкентте 1 қыркүйектен бастап 246 орта білім беретін мектепте 232 788 оқушы білім алады. Шаһарда мектептерде 20 184 пегагог жұмыс істейді.
Ресми ақпараттарға сүйенсек, елімізде 7 700 білім беру ұйымында 3 млн 900 мың бала білім алады, олардың 382 мыңы мектеп табалдырығын алғаш аттайды. Қазақстан мектептерінде 340 676 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде еңбек өтілі 10 жылға толмаған 147 402 мұғалім, 20 жылға жуықтаған 88 393, 20 жылдан асқан 104 881 педагог бар Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Биыл 460 мың бала үшін 65,8 млрд теңге қарастырылған. Президенттің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы биылғы оқу жылында толыққанды орындалмақ. Өңір әкімдіктері оған қажетті қаржыны бөліп қойған. Соның нәтижесінде 1 қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады.
Айта кетейік, бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтады.
"Еліміздің бүгінгідей бейбіт заманда, өркениет кеңістігінде өмір сүріп жатқаны, болашаққа маңызды стратегиялық жоспарлар бекітіп, осы бағытта кешенді шараларды жүзеге асырып отырғаны - білімнің жемісі.
Ел ертеңі - жастарға үлкен үміт артып отырған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, цифрлық дәуірдегі жаңа білім мен дағдылар жаңа буынның болашақ табысының кілті болып табылады.
Сондықтан да жас ұрпақтың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барынша қолдау білдіріп, жағдай жасау - біздің міндетіміз.
Жаңа оқу жылында зейіндеріңіз ашылып, білім-біліктіліктеріңіз арта берсін! Бүгінгі Білім күні - жаңа белестердің бастауы болсын!", - деді қала әкімі.