Еңбектің тағы бір құндылығы – Абайдың 1910 жылы жазылған қолжазбасының толық факсимиле нұсқасының алғаш рет жариялануы.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы хакім Абайдың 180 жылдығына орай «АБАЙ. Мүрсейіт қолжазбаларына сүйеніп жасалған транскрипция» атты жаңа ғылыми еңбекті жарыққа шығарды.
Құнды зерттеу еліміздің жетекші баспаларының бірінен 2000 дана таралыммен басылып шықты. Авторлары – филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабек және PhD докторант Әзімхан Исабек. Жобаның жарыққа шығуына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров демеушілік көрсетіп, бастаманың кең аудиторияға жетуіне ықпал етті.
Ғылыми еңбекте Абай шығармаларының негізгі көзі саналатын Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбалары текстологиялық және терминологиялық тұрғыда сараланып, салыстырмалы түрде талданған. Сонымен қатар, ақынның інісі Халиоллаға жазған хатының түпнұсқасы мен транскрипциясы, сондай-ақ Абай шығармаларын көшірген Рахым Жандыбаев пен Оразке Уақбайұлының қолжазбаларымен салыстыру нәтижелері қамтылған.
Еңбектің тағы бір құндылығы – Абайдың 1910 жылы жазылған қолжазбасының толық факсимиле нұсқасының алғаш рет жариялануы.
Жоба авторларының айтуынша, кітапқа Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Мекемтас Мырзахметұлы рецензия жазып, өз батасын берген. Автор Әзімхан Исабектің сөзіне сүйенсек, бұл еңбек – ұзақ жылдарға созылған ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесі.
– Абай шығармаларын түпнұсқа негізінде толық әрі сауатты транскрипциялау – ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің көзі тірісінде арман еткен ісі болатын. Бүгінде сол мұрат орындалып отыр, – деді ол.
Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған бұл іргелі еңбек 712 бетті құрайды және абайтану саласындағы маңызды жаңалық ретінде бағалануда.