Спорт – салауатты әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырудың маңызды тетігі
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Швейцарияда өткен жасөспірімдер арасындағы фристайл-акробатикадан әлем чемпионатының жеңімпаздарымен кездесті.
Халықаралық додада Қазақстан құрамасының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады.
Кездесу барысында қала әкімі спорттың қоғамдағы маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, спорт – салауатты әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырудың маңызды тетігі. Ол халықтың физикалық және рухани әлеуетін нығайтып қана қоймай, жастарды тәртіпке, жауапкершілікке баулып, биік жетістіктерге жетелейді.
Әлем чемпионатында жүлде иеленген спортшылар қатарында Шымкент қаласындағы №8 қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері де бар. Атап айтқанда, Асылхан Асан алтын медаль жеңіп алса, Дінмұхаммед Райымқұлов күміс жүлдеге ие болды.
Қала әкімі сондай-ақ фристайл-акробатикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Бағлан Іңкәрбектің еңбегін ерекше атап өтті. Оның кәсіби біліктілігі мен жүйелі дайындығы спортшылардың әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болуына зор ықпал еткені айтылды.
Кездесу соңында жеңімпаз спортшылар мен олардың бапкеріне жоғары нәтиже, табандылық және таңдаған ісіне адалдығы үшін алғыс білдіріліп, естелік сыйлықтар мен демеушілер атынан ақшалай сертификаттар табысталды. Сонымен қатар, алдағы уақытта да дарынды спортшыларды қолдау жалғасатыны және олардың дамуына барлық жағдай жасалатыны атап өтілді.


