Ғабит Сыздықбеков жауапты тұлғаларға барлық нысандардағы жұмыстардың сапасын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді уақытылы жоюды және құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында тұрғын үй кезегінде тұрған 40 отбасыға жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатысты.
Бозарық шағынауданында орналасқан баспаналар сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында ұсынылды. Жаңа қоныс иелерінің қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
Аралау барысында қаладағы бірқатар маңызды жол-көлік инфрақұрылымы нысандарындағы құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасы тексерілді. Алдымен Тіленшин көшесіндегі автокөлік өткелінің құрылысы қаралып, нысанның сапалы орындалуына, жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға және аумақты кешенді абаттандыруға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында салынып жатқан жолайрықтың құрылыс барысы зерделенді. Нысандағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Құрылысты уақытылы әрі сапалы аяқтау үшін қажетті жұмыс күші мен арнайы техника толық жұмылдырылған.
Бұдан бөлек Тұран ауданындағы А-2 айналма автожолын реконструкциялау жобасының V кезеңі және Қонаев даңғылының жалғасын салу жобасының V кезеңі қаралды. Аталған жобалар қаланың көше-жол желісін дамытуға, көлік ағынын тиімді қайта бөлуге және негізгі магистральдарға түсетін жүктемені азайтуға бағытталған.
Аралау қорытындысы бойынша қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жауапты тұлғаларға барлық нысандардағы жұмыстардың сапасын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді уақытылы жоюды және құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.


